Облыстың учаскелік полицейлері жедел-алдын алу шарасы аясында заңсыз алкоголь сату фактісін анықтады.
Тәртіп сақшыларына Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде әйелдің өз үйінде спирттік ішімдік сататыны туралы ақпарат түскен. Мамандар тұрғынның үйінен құрамында спирті бар 497 литр өнім, яғни 687 бөтелке сыра және бес литрлік 29 бөтелкеге құйылған лицензияланбаған арақ тәркіледі. Сонымен бірге акциздік маркасы жоқ 409 қорап темекі алынды.
Тиiстi тiркеусiз кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып жатыр. Ауыл тұрғынына айыппұл салынуы мүмкін.
“Учаске” ауқымды жедел-алдын алу іс-шарасы аясында солтүстікқазақстандық полицейлер алкогольге қарсы заңнаманы бұзудың 1700-ден астам дерегін анықтады. Ал жыл басынан учаскелік инспекторлар алкоголь өнімдерін сатуға қатысты талаптарды бұзғаны үшін 95, алкогольді заңсыз сатқаны үшін 178 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заңсыз айналымнан құрамында спирті бар 6 мың литрге жақын өнім тәркіленді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.