Облыс орталығындағы №5 орта мектепте ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы негізінде “Сынып мәдениеті” жобасы бойынша облыстық семинар өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру және мектептегі тәрбие үдерісін заманауи талаптарға сай жаңа деңгейге көтеру. Іс-шараға еңбек өтілі 3-5 жылды құрайтын директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинардың мазмұнды бағдарламасы қатысушылардың қызығушылығын арттырып, өзекті тақырыптарды қамтыды. Қатысушыларға ұсынылған сынып сағаттары, пікірсайыс алаңдары мен тренингтер педагогтардың кәсіби шеберлігін шыңдап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Семинар барысында қатысушылар сынып мәдениетін қалыптастырудың негізгі қағидаларына тоқталып, өзекті мәселелерді талқылады. Жиында оқушылардың бойында ұлттық рух пен азаматтық сана қалыптастыру, тәрбие жұмысын заманауи құралдар мен тәсілдер арқылы жетілдіру, педагогикалық тәжірибе алмасу мен тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану мәселелері көтерілді.
Ұсынылған инновациялық әдістер мен тың идеялар мектептердегі тәрбие жұмысына жаңа серпін берді. Бұл семинар ұлттық құндылықтарды оқушылардың санасына сіңіру жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Қатысушылар өз мектептерінде қолдануға болатын жаңа әдіс-тәсілдермен қаруланып, ұлттық мұраға негізделген тәрбие жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру жолын түсінді.
Іс-шараның қорытындысында педагогтар бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, болашақта мұндай семинарлардың жиі өткізілуін және олардың тәжірибе алмасу алаңы ретінде дамытылуын қолдайтындықтарын жеткізді. Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы бұл қадам – ұрпақ тәрбиесіне қосылған зор үлес.
Айдын АМАНЖОЛОВА,
облыстық әдістемелік орталықтың әдіскері.