Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров өңірге жұмыс сапарымен келді. Бұл сапардың мақсаты – 2024 жылғы 8 желтоқсанға тағайындалған мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын қадағалау. Онымен бірге ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов, комиссия мүшелері Михаил Бортник, Ләззат Сүйіндік және комиссия аппаратының қызметкерлері де келді.
Сапар барысында Нұрлан Әбдіров облыстың аумақтық сайлау комиссияларының тұрақты негізде жұмыс істейтін мүшелерімен кездесті. Кездесуде сайлау учаскелерінің дайындығы, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ сайлау науқанының жариялылығы мен заңдылықты сақтау мәселелері талқыланды. Солтүстік Қазақстан өңірі бойынша шығып қалғандардың орнына 17 мәслихат депутаты сайлануы тиіс. Бұл үшін 12 аумақтық, 17 округтік және 68 учаскелік комиссиялар жұмыс істейді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сапар аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде жастармен кездесті. Жүзден астам жас қатысқан кездесуде Нұрлан Әбдіров елдегі сайлау жүйесінің 2022 жылғы конституциялық реформаға сәйкес ерекшеліктерін, халықаралық тәжірибені және шетелдегі сайлау мен референдумдарға Қазақстанның қатысуын түсіндірді. Жастар электораттық мәселелер бойынша өткен онлайн-сауалнамаға қызығушылықпен қатысты.
Сонымен қатар аумақтық және округтік сайлау комиссияларының төрағалары үшін семинар-тренинг ұйымдастырылды. Семинар барысында сайлау заңнамаларының негізгі аспектілері түсіндіріліп, тәжірибелік кейстер арқылы сайлау кезеңіндегі іс-қимыл алгоритмдері талқыланды. Бұл оқыту сайлау үдерісінің сапасын арттыруға және оның тиімді өтуіне бағытталды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.