Өңір прокурорлары ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсатты қолданылуын тексеріп, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтау және қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстың нәтижесі бар.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері қадағалау органы кадастрлық құны 932 млн. теңге болатын жалпы ауданы 49 мың гектардан асатын жерді мемлекетке қайтарған.
Ақжар, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов аудандарының жер пайдаланушыларынан 42 жер телімі алынды. Олар жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ұзақ уақыт бойы ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскені дұрыс пайдаланбай келген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жер мемлекетке беріліп, олар қазіргі уақытта заңды экономикалық айналымға тартылып жатыр.
Жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының халыққа арнаған биылғы Жолдауы аясында қайтарылған жерлерді елді мекендерде тұратын адамдарға пайдалануға бермек.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Сурет: “Egemen Qazaqstan”.