Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда Мәжіліс комитеттері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға қатысты, Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы ратификациялық жаңа заң жобаларын қабылдады. Сондай-ақ акваөсіру субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив істері салаларындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заң жобаларын мақұлдады.
Акваөсіруге 550 млн. теңге инвестиция тартылады
“Акваөсіру туралы” Заң жобасы жөнінде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – жаңа өндіріс орындарын құру жəне жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, сондай-ақ бəсекеге қабілетті акваөсіру нысандарының өсіру көлемін ұлғайту жəне олардың қоршаған ортаға, адам өмірі мен денсаулығына қатысты қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы акваөсіруді тұрақты дамыту. Сондай-ақ Аманғали Бердалин заң жобасының негізгі міндеттеріне де тоқталды.
– Біріншіден, инвестициялық ахуалды жетілдіру жəне акваөсіру объектілері мен олардың өңделген өнімдерінің экспорттық əлеуетін дамыту. Екінші – инновациялық жəне индустриалдық технологиялар мен үдерістердің тиімді енгізілуін қолдау. Үшінші – акваөсіру субъектілерін мемлекеттік қолдау, – дей келе заң жобасында су айдындарын конкурстық негізде жəне конкурс рəсімдерін өткізбей беру тəртібі көзделгенін атап өтті. Яғни кемі 150 мың АЕК инвестиция болған жағдайда су айдындарын конкурссыз бекіту ұсынылады. Су айдындарын аукциондық сауда-саттық тəсілімен электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу тəсілі енгізілмек.
– Бұл ретте тор қоршамада балық өсіру шаруашылықтарын құру жөніндегі инвестициялық жобалар үшін егер инвестиция сомасы кемінде 150 мың АЕК болса, халықаралық жəне республикалық маңызы бар су айдындарын конкурс өткізбей беру ұсынылады. Бүгінде бұл шамамен 550 млн. теңгені құрайды, – деді вице-министр.
Дегенмен, сұрақ қою кезінде депутат Ерлан Саиров заң жобасындағы көлдерді балық өсірушілерге конкурссыз беру нормасына қарсылық танытты.
– Заң жобасында жаңа өндірістік объектілер салуға инвестор 550 млн. теңге берсе, өндірісті жаңғыртуға 370 млн. теңге салса, сол инвесторларға балық шаруашылығы айдынын, яғни көлдерді конкурс өткізбей, тегін беру қарастырылған. Енді сол көлдерді конкурссыз тегін беру сыбайластыққа алып келмей ме? Ертең сол жерде конкурс өткізгендердің тамыр-таныстары жүрмей ме? – деп сұрады депутат.
Аманғали Бердалин сыбайластық тəуекелін инвестициялық комиссия арқылы азайту тетігі қарастырылғанын айтып өтті.
– Су айдындарын конкурссыз беру саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін керек. Қазір резервте арнайы тұрған айдындар бар. Бұл – ірі жəне терең су аймақтары. Айталық, Каспий теңізінде, Бұқтырма су қоймасында осындай шаруашылықпен айналысуға болады. Бұл жерде айдындар конкурстан тыс берілетіндіктен, оны инвестициялық комиссия бекітеді. Оның құрамына уəкілетті органдардың, жергілікті əкімдіктердің, бассейндік инспекция өкілдері, “Атамекен” ҰКП жəне салалық кəсіпорын өкілдері кіреді. Сондықтан бұл жерде шешімді бір адам қабылдамайды. Яғни сыбайластық тəуекелін азайтады деген ойымыз бар, – деді вице-министр.
Жалпы, Мəжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған “Акваөсіру туралы” Заң жобасымен оған ілеспе түзетулерден ұққанымыз елімізде акваөсірудің дамуын бақылайтын ақпараттық жүйе құрылатын болды. Акваөсіру саласында үш жылда бір рет өткізілетін оның даму жағдайын бағалау негізінде мемлекеттік саясат құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта бюджет қаражаты есебінен консалтингтік компаниялар мен талдау орталықтарын, қоғамдық салалық одақтар мен қауымдастықтарды тарту көзделген. Бағалау нəтижелері Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын əзірлеу кезінде ескеріледі. Цифрландыру мақсатымен мониторингтің ақпараттық жүйесі енгізіледі.
Балабақшаларға лицензия берілмек
Мəжіліс кейбір заңнамалық актілерге ақпарат, қоғамдық даму, мəдениет жəне архив істері салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мəселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңда Мəдениет жəне ақпарат министрлігінің осы салалардағы негізгі мақсаттары, міндеттері мен құзыретінің қағидаттары айқындалады. Түзетулерде Президенттің “Əділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты халыққа Жолдауын іске асыру аясында əзірленген “Келешек” бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін құқықтық реттеуді көздейтін нормалар қарастырылған.
Мəжіліс Оқу-ағарту министрлігі бастамашы болған білім беру жəне бала құқықтарын қорғау мəселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Депутаттардың бастамасымен осы заңға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тəрбие мен оқыту саласындағы қызметтерді көрсететін ұйымдарды лицензиялау тəртібі енгізілді. Сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдары (үйірмелер, секциялар жəне т.б.) үшін қызметті бастау немесе тоқтату туралы хабарлама тəртібі белгіленеді.
Қанатқақты жобалардан қайыр болмай тұр
Үкімет басшысынан бастап түрлі министрліктер мен құзырлы органдарға бағытталған депутаттық сауалдар да сан-саланы қамтыды. “Ауыл” партиясы фракциясының мүшесі Анас Баққожаев Үкімет басшысы Олжас Бектоеновке қанатқақты жобаларды жүзеге асыру кезінде жол берілетін олқылықтарға қатысты сауалын жолдады. Депутат “Жаңа Қазақстанның” жаңа экономикалық моделін құрып, нақты бетбұрыс жасаймыз десек, əртүрлі жаңа идеяларды қанатқақты жобалар арқылы қолданып көруіміз керектігін ұсынды. Депутат дəл қазіргі мұндай жобалардың жағдайына көңілі толмайтынын жеткізді.
– Əкімдіктер мен министрліктердің берген ақпаратына сəйкес кейінгі төрт жылда 104 қанатқақты жоба іске асқан. Оларды қаржыландыруға 805 млрд. теңге жұмсалған. Келіп түскен ақпаратты зерделегенде мұндай жобалардың көп бөлігі тиімсіз жасалғанын аңғардық. Сонда біз миллиардтаған ақша төлеп, қанатқақты жобалардан не алдық? – деген депутат бірқатар жүйесіз сəттерді айта келе жобаларды іске асыратын мемлекеттік органдар мұндай жобаның не екенін өздері де дұрыс түсінбейтініне қынжылды. Тіпті ашуға булыққан депутат “Мемлекеттік органдар “қанатқақты жоба” деген жап-жақсы механизмді ақша игерудің өздеріне ыңғайлы, тіпті коррупцияның құралына айналдырған”, деп бірқатар ұсынысын жеткізді.
Ал “Ақ жол” партиясы фракциясының бір топ депутаты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктерді халықаралық тасымалдауға арналған шетелдік рұқсат бланкілерінің тапшылығын қолдан жасау жəне оларды “сұр нарықта” қайта сату мəселесі бойынша кəсіпкерлер партияға шағым жолдағанын жеткізді. Айтуынша, алаяқтар, мүмкіндігінше көп бланкілерді алу үшін бір күндік компаниялар тобын құрады. Сөйтіп, жыл басында шетелдік бланкілерге қойылған барлық квотаны алып қояды, ал адал кəсіпкерлер олардан жоғары бағамен сатып алуға мəжбүр.
(“Egemen Qazaqstan”,
21 қараша 2024 жыл).