«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мал азығы жеткілікті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Соңғы 10 айда аудандағы ауыл шаруашылығы саласында 55,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Мұндағы 250 агроқұрылымда экономикалық белсенді халықтың 45 пайызы жұмыс істейді. Биыл барлық алқаптардың 70 пайызына дәнді және бұршақты дақылдар себілген. Орташа өнімділік гектарынан 19,7 центнерден айналыпты. Ауданда бұл көрсеткішті 40 центнерден асырған серіктестіктер де бар. Келесі жылға тұқым дайындау жоспары түгел орындалып, 38,6 мың тонна тұқым қамбаланған. Жамбылдықтар мал азығын дайындауда да алға озып, бір жарым жылға жетерлік қор жасаған. Ауданда 6900 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталып қалса, келер жылы 400 ірі қараға арналған тағы бір ферма іске қосылмақ. Сонымен қатар алдағы жылы “Суаткөл Агро” серіктестігі бір мың тонналық көкөніс қоймасын салуды, “Екпін 2002” серіктестігі қой санын 10 мың басқа жеткізуді жоспарлап отыр.

– Он айдағы өнеркәсіп өнімінің көлемі – 1,7 млрд. теңге. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу үлесі – 24 пайыз. Ауданда майлы дақылдарды өңдейтін “Династия Агро” серіктестігі жұмыс істейді. Келер жылы мұндағы цехты 450 млн. теңгеге жаңғырту көзделген. Ал Пресноредуть ауылында кәсіпкер өз қаржысына наубайхана ашты. Жыл басынан бері 65 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелді. Құны 35 млн. теңге болатын 4 жоба жүзеге асты, – деді Азамат Бектасов.

Биыл мемлекеттің қолдауы аясында Буденное-Кабань бағытындағы және Железное, Пресноредуть ауылдарынан облыс шекарасына дейінгі жолдарға орташа жөндеу жүргізілген. Пресновка, Благовещенка, Қайранкөл, Первомай, Троицк ауылдық округтерінде көшелерді орташа жөндеу жүргізілді. Онымен қоса Мирное-Айымжан, Петровка-Жаңажол-Бауман стансасы мен Казанка ауылына кіреберіс жолды жөндеу жобалары қаржы бөлінгеннен кейін басталмақ.

– Бүгінде 42 елді мекен ауыз-сумен қамтылған. Биыл жаңғырту жұмыстарына 112 млн. теңге бөлінді. Пресновка ауылына су мұнарасы орнатылды. Благовещенка ауылындағы сорғы стансасы тарату желісіне қосылды. Айтуар мен Баянда суды тазартатын блок-модульдер салынды. Келер жылға құны 135,4 млн. теңге болатын бірнеше жоба жоспарланған, – деді аудан әкімі.

Ауданда 217 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл бюджет қаржысына 3 пәтер мен 44 үй сатып алынған. Жыл соңына дейін тағы 33 пәтер алынады. Бұған қоса ауылдарда жекелеген серіктестіктер де өз есебінен үй салып жатыр.

10 айда 1292 адам жұмыспен қамтылған. Оның 928-і тұрақты жұмысқа тұрғандар. 21 адам механизатор, тігінші, аспаз сынды мамандықтарды меңгерген. Бизнес бастауға 14 грант берілген.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp