Петропавлдағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған білім ордасында “Ашық есік” күні өтті. Шараға ауылдардан ұстаздар келіп, тәжірибе алмасты.
Арнайы кешен мұғалімдері сурдопедагог, логопед және дефектологтарға арнайы ашық сабақ өткізді. Наталья Пургина 30 жылдан бері есту қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істейді. Оның айтуынша, мұндай санаттағы балалармен жұмыс істеу қиын әрі өте маңызды.
– Түзету сабақтарында біз оқушыларды ырғақ, қарқын, екпінмен жұмыс істеуге үйретеміз. Бұның бәрі – есту қабілеті бұзылған балаларға үлкен көмек. Тіпті біздің балалар конкурстарда жақсы өнер көрсетіп жүр, – деді “Балабақша-мектеп-интернат” арнайы кешенінің мұғалімі Наталья Пургина.
Қазіргі таңда аталған білім ордасында 100-ге жуық бала оқиды. Олармен 70 мұғалім жұмыс істейді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.