«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өз еріктерімен емделуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде соңғы үш жылда адамның иммун тапшылығы вирусының анадан балаға жұғу жағдайлары тіркелген жоқ. Осы уақыт ішінде АИТВ жұқтырған әйелдер 30-дан астам баланы дүниеге әкелді.

ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі ор­талық мамандарының мәліметін­ше, жыл сайын 1 желтоқсанда бү­кіл әлемде жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы – ЖИТС-ке қарсы күрес күні атап өтіледі. Осыған орай елімізде 20 қараша мен 1 желтоқсан ара­лығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес науқаны өтеді. Биыл ол “Дұрыс жолды таңдаңыз” та­қы­рыбына арналған. Ондағы мақ­сат – АИТВ-ның алдын алу, тұр­ғындарды тестілеуден өтуге ша­қыру, емделудің маңыздылығын және адамның иммун тапшы­лы­ғы вирусын жұқтыру қаупі бар не­месе АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты кемсітуші­лік­ке жол бермеуді еске салу.

Өңірде АИТВ-мен өмір сүре­тін 1428 адам есепте тұр. 2024 жылдың 10 айында 100 жаңа жағ­дай анықталды, бұл 2023 жыл­дың ұқсас кезеңінен 16 жағдайға аз. Біздің өңіріміз АИТВ-ның таралуы бойынша ел рейтингінде жетінші орында тұр.

Мамандардың айтуынша, АИТВ өңірде екі: 34,7 пайызы – инъекциялық психоактивті зат­тарды бірлесіп қолдану арқылы парентеральді жолмен және 61,2 пайызы – жыныстық жолмен бе­ріледі. Облыстың медициналық ұйымдарында АИТВ-инфек­циясын жұқтырудың жағдайлары тір­келген жоқ.

Жүкті әйелдерге медицина­лық көмек көрсету, тұрақты тек­серулер және антиретро­вирустық терапияны қабылдау – АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуін болдырмауға мүм­кіндік берді.

2009 жылдан бастап Қазақ­станда антиретровирустық тера­пия енгізіліп, ол медициналық кө­мектің кепілдік берілген көлемі аясында мемлекеттік қаражат есебінен тегін жүргізіледі.

“АИТВ жұқтырғандарға анти­ретровирустық терапияны қа­былдаудың маңыздылығы тура­лы пациенттер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде емделуге деген ұмтылыс жыл сайын артып отыр. Бұған жанама әсері бар анти­ретровирустық препараттардың жаңа түрлерінің пайда болуы да әсер етуде. Бүгінде облыста АИТВ-мен есепте тұрғандардың 89 пайызы антиретровирустық препарат қабылдайды. Пациент­терде өз еріктерімен емделуге де­ген ынта бар. Біз осы бағытта жұ­мысты жалғастырып жатырмыз”, – дейді орталық директоры Ри­нат Үлмесеков.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp