«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңір өмірін кестелеген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2003-2007 жылдар аралығында өңірімізге басшылық еткен мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұровтың “Солтүстік Қазақстан облысы сенімді даму жылдары” атты кітабы жарық көрді. Онда өңірде бірнеше жыл ішінде орын алған елеулі оқиғалар туралы естеліктер жинақталған. Кітап оқырманы осы жылдар аралығындағы Қызылжардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірімен жақынырақ таныса алады. Кітаптың алғысөзінде автор облыс әкімі қызметіне кірісіп кетуі қиындық тудырғаны, мұнда бірқатар қордаланған мәселелер болғаны туралы айтады.

“Сол жылдары Солтүстік Қа­зақстан облысындағы тұрғын­дардың 68 пайызы орыс тілді бо­латын. Өңірдің Ресейдің үш об­лы­сымен шекаралас болуы жағ­дайында тұрғындардың барлы­ғы дерлігі орыс тілін жақсы мең­герген еді. Көптеген отбасылар шекараның екі жағында да жұ­мыс істейтін, күн сайын кеден ар­қылы ондаған мың адам өтетін. Ал қазақ тілінің қолдану аясы шын мәнінде биліктің назарынан тыс қалған мәселе болып шық­ты”, – деп жазыпты жұмысының алғашқы кезеңі туралы Тайыр Мансұров.

Көп өтпей аталған мәселе тал­қыға салынып, өңірдегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім­деріне гранттар тағайындала бастаған. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универси­теті жанынан Тіл және әдебиет институты ашылған.

Кітапта “Абылай хан рези­ден­ция­сы” музей-кешенін қайта жаңғырту туралы да айтылады. Аталған жұмыстар 2004 жылы басталған. Мамандар құжат­тар­ды зерттей келе кешеннің жоба­сын жасаған. Омбы қаласын­да­ғы Шоқан ескерткішінің ашылуы туралы да кітапта жан-жақты сөз болады.

Қарап отырсақ, облыс орта­лығының бас жоспары да осы жылдары жасалған екен. “Құры­лыс бойынша өткізген жиындардың бірінде мен Петропавл қа­ласын дамытудың бас жоспарын көрсетуді сұрадым. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері қаланың бұл маңызды құжа­тын жасаумен ешкім айналыс­пап­т­ы. Бірден жұмыс тобы құрылып, жобалаушылар, сәулетші­лер бұл мәселемен тығыз ай­налысты”, – дейді автор.

Ал Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев өз естелігінде Тайыр Мансұровтың іскерлік қыры туралы баяндай­ды. Облыста бидайды терең өң­деу кешенінің салынуы, құры­лыстың қарқын алуы, қаланың бас жоспарының жасалуы, Абы­лайдың ақ үйінің қайта жаңғыртылуы ­­­­­­­­­өңір халқы үшін қуаныш­ты жаңалық болғанын жазады. Істеген жұмысы үшін 2007 жылы Тайыр Мансұровқа “Солтүстік Қа­зақстан облысының құрметті аза­маты” атағы берілген екен. Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мағ­жан Жұмабаев сынды ардақ­ты тұлғалардың шығармалары­ның жинақ болып басылып шы­ғуына да сол кездегі облыс әкі­мінің тигізген көмегі көп. Оның азаматтық қырының қалыпта­суына әкесінің “Ел басқарған жі­гіттің етек-жеңі кең болар” деген сөзі де көп әсер еткен сияқты.

“Тәкең қайда жүрсе де туған халқының алдындағы перзенттік борышын бір сәт те естен шы­ғарған емес. Мәскеуде болған жылдары, әдебиетіміз бен мәде­ниетіміздің озық үлгілерін ұлыла­рын ұлықтай білген Ресей жұр­ты­на кеңінен таныстырып, наси­хаттап отырды. Бұл екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келе бермейтіні белгілі”, – дейді Бекет Тұрғараев.

Жинақта Тайыр Мансұ­ров­тың 2005 жылдың ақпанында ха­лыққа берген есебі де жария­ла­ныпты. Есепте бюджеттің жос­пар­дан тыс кірістерінің бір жыл­да үш есеге дейін өскені айтыл­ған. Сол сияқты машина жасау саласында да едәуір өсім бай­қалған. 2004 жылы 61,7 мың шар­шы метр баспана пайдалануға берілген. 2005 жылы 19-шағынауданда 1100 орынға шақталған қазақ мектебінің құрылысы бас­талған. Тарихи-өлкетану мұра­жайын жаңғыртуға қаржы бөлін­ген. Оған қоса 2005 жылы әр жаңа туған сәбиге бір реттік жәрдемақы төлеу туралы шешім қа­былданған.

Кітапқа Тайыр Мансұровтың “Мағжан – ұлт ақыны” атты ма­қа­ласы да еніпті. Мұнда халқының алтын қазынасына айналған ақын­ның шығармашылығы тура­лы сөз болады. Өзіне дейінгі ақын-жыраулардың мұрасын бойына сіңірген ақын өзі де жаңа әдебиет жасады. Автор ұлт ақы­нының қазақ руханиятындағы орны туралы айта келе, оның шы­ғармаларының өміршеңдігінің сыры неде деген сұраққа жауап іздейді.

“Ұлтты сүю деген оны жалаң, өзгеше дәріптеу, жақсылығын ғана көріп, олқылығына көз жұ­мып қалу емес. Бұл жөнінде Мағ­жаннан алар өнегеміз зор. Оның 1911 жылы жазылған “Жатыр” атты өлеңі осыған айқын айғақ. Сонда небәрі 18 жасар Мағжан қазақтың өнер-білімнен, ғылым­нан ада, бейғам, бойкүйез кемші­лігін көзге шұқып жазбай ма? Ен­деше ол Абайдың қарасөздерін де, Міржақыптың “Оян, қазағын” да, Ахметтің “Масасын” да әбден ежіктеп оқыған. Алдындағы алып­тардың жанайқайына өз жы­рымен үн қосқан. Бұл ретте орыс поэзиясында да айшықты айғақтар барын білген”, – деп жазады ав­тор.

Кітап Мәскеу қаласынан мың данамен жарық көрген. Жинаққа Жарасбай Сүлейменов, Ерік Нұ­рақаев, Марат Тасмағанбетов, Кәрібай Мұсырман, Оңдасын Әші­мов, Асқар Сақыпкереев, Ма­рат Омаров және өзге де азамат­тардың лебіздері берілген. Сұх­баттар мен БАҚ-та жарияланған материалдар да енген. Жинақ­тың соңындағы суреттер де 2003-2007 жылдар аралығын­да­ғы өңірдегі өзгерістерді кеңінен танытып тұр.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp