Еркін күрестен әлем чемпионы атанған Нұрғожа Қайпановты Қызылжар жұртшылығы ерекше ықыласпен қарсы алды. Чемпионның жақындары мен жанкүйерлері спортшыны темір жол вокзалынан сән-салтанатпен күтіп алды. Одан кейін құттықтау облыстық әкімдікте жалғасты. Балуанды жеңісімен құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өңірде спорт саласын дамыту жалғаса беретінін айтты.
– Алпыстан астам елден 300-ге жуық спортшы қатысқан әлем чеспионатында еліміздің намысын қорғаған Нұрғожа Қайпанов чемпион атанды. Баршаңызды осы жеңіспен құттықтаймыз. Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында Нұрқожа өз мақсатына жетіп, әлемдік аренада үздік атанды. Тәуелсіздік тарихында еркін күрестен әлем чемпионы атанған екі балуан болса, соның екеуі де біздің өңірден. Бұл – облыс спорты үшін жоғары жетістік. Өңірде жыл сайын жаңа спорттық нысандар ашылуда. Жаңа кешендер мен хоккей корттары әр ауданда спорттық кластер құруға мүмкіндік беруде. Биылдың өзінде облыс орталығында бірнеше жаңа нысан пайдалануға берілді. Оларда болашақта Нұрғожа Қайпанов сияқты чемпиондар тәрбиеленетініне сенеміз, – деді Марат Иманбайұлы.
Шарада спорт саласының ардагері Бауыржан Құлжанов, чемпионның жеке жаттықтырушысы Сағындық Бейсембаев, Нұрғожа Қайпановтың әкесі Аралбек Қайпанұлы сөз алып, жылы лебіздерін жолдады. Ел намысын әлемдік додада қорғап келген Нұрғожа Қайпановқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен жеңіл көліктің кілті табысталды. Балуанның бапкері де Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйлық иеленді. Спортшының ата-анасы Алғыс хатпен марапатталды.
– Жеңіске жету оңай болған жоқ. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бапкеріммен бірге ұзақ уақыт дайындалдым. Төккен тер ақталып, алға қойған биік мақсатқа қол жеткіздік. Бұл оқиға кейінгі жастарға да қанат бітіріп, жігерлендіреді деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін еркін күрестен әлем чемпионы болу мүмкін еместей көрініп келсе, ендігі буынның бойында ондай күмән туындамайды. Қазақ еліне қуаныш сыйлап жатқаныма ризамын. Қолдау көрсетіп, құрметтеп жатқан барша жерлестеріме алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді чемпион.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.