Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы орман қорын қорғау жөнінде шаралар қабылдады. Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін орман мекемелерінің 4 директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, ведомство табиғат қорғау заңнамасы саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Орман заңнамасының сақталуын талдау барысында орман алқабына келтірілген залалды өтеу жөнінде шаралар қолданылмағандығы, сондай-ақ “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасының тиісінше орындалмауы, оның ішінде есепке алынбаған орман бойынша жұмыстың жүргізілмегендігі анықталды.
Орман кодексінің талаптарына қарамастан, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының лауазымды тұлғалары 2006 жылдан бастап Петропавл қаласы аумағын кеңейту мақсатында орман алқаптарын жойғаны үшін 53 млн. теңге шамасында шығынның орнын толтыру жөнінде шаралар қабылдамаған. “Ақан сері”, “Бұрлық”, “Мамлют” және “Есіл” орман шаруашылықтары заң талаптарын бұза отырып, 2023 жылы орманды ұлғайту бойынша көрсеткіштерге қол жеткізбеген.
Тағы бір жағдайда агроөнеркәсіптік кешен субъектісі Экологиялық кодексті елемей, салдарынан орман алқабының аумағына аммиак төгілген. Бұл жағдай орман қорының бүлінуіне әкеп соқты. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекетке 53,2 млн. теңге залал өтелді, заң бұзушылықтарға жол берген орман мекемелерінің директорлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар прокуратураның ұсынысы бойынша биыл мемлекеттік орман қорына кірмеген орман алқаптарын есепке алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.