Адам үшін әкеден асқақ шың жоқ қой. Қай жасқа келсек те бала кездің тәтті естеліктері жүректі тербеп, әкеге деген сағынышты қозғайды. Оның берген тәрбиесі, айтқан ақылы, көрсеткен өнегесі бала үшін өмірлік азық.
Әке бала үшін қандай қиындыққа да мойымайтын, нендей ауыр жүкті де қайыспай көтеретін нағыз ер, тамырын тереңге жайған бәйтерек болып көрінеді. Әке үмітін ақтап, өмірін жалғап, өнегесін үзбеу әр саналы перзенттің парызы. Менің әкем Кәрім Сүлейменұлы да өмірдің ащы-тұщысын бірдей татқан, талай қиындықтан мойымай өткен нағыз азамат еді. Ол 1917 жылы дүниеге келген. Нақты туған күні мен айын дөп басып айту қиын. Туған жері – Есіл өзені бойындағы қазіргі Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылы.
Ол замандарда Атығай, Қарауыл рулары Есіл бойындағы тұрмысқа, малға жайлы жерлерге қоныстанған екен. Атығайдың ішіндегі Қалқаш батырдың екі ұлы Құдайберді, Бәйімбет болса, олардың ұрпақтары да осы Есіл өзені бойында өрбіп-өсіп, бұтақтарын жаяды. Біз сол Бәйімбеттің үш ұрпағының (Өміртай, Әйтімбет, Сейтімбет) бірі Әйтімбеттен туған екенбіз. Арғы атамыз Аяпбергеннен үш ұл, бір қыз тараған. Олар: Сүлеймен, Әшкей, Шағыр және Көпей. Сүлеймен атамыз бен ұлы әжеміз Батсайыдан үш ұл, екі қыз тараған. Менің әкем Кәрім солардың ішіндегі ең кенжесі. Үлкен апасы Кәкібай Жаңажолға тұрмысқа шықса, кіші апасы Гүлсім Көбешке (Николаевка) ұзатылған. Үлкен ағасы Биқанның (Бимұхамбет) тағдыры ауыр болып, қуғын-сүргіннің құрбанына айналып, хабар-ошарсыз кетеді. Ал екінші ағасы Жолкенді нағашыларының ер баласы болмаған соң, атамыз соларға беріп жібереді.
Аумалы-төкпелі заманда өмір сүрген адамда қандай балалық шақ болсын? Әкемнің төрт жасында атамыз Сүлеймен дүниеден озады. Шешесіне еріп жүріп талай зұлмат заманның қиындықтарын бастан кешіреді. Жасынан тағдыр тауқыметін тартып, ерте есейеді.
Не алдында, не артында сенері жоқ, бір ағасынан өлідей, екінші ағасынан тірідей айырылған әкем еңбекке ерте араласады. Бала күннен өгіз жетектеп, соқа айдапты. Ержеткен соң колхозда учетчик, бригадир болып жұмыс істей бастайды.
Талай жасты от пен суға салған сұм соғыс та әкемді айналып өткен жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскер қатарына шақырылып, соғысты Жапонияда аяқтап елге аман-есен оралды. Елге келген соң 1946 жылдың қазан айында шешем Бәкеш екеуі отбасын құрады. Бәкеш анам жеті құрсақ көтереді. Алайда менен үлкен апаларым және менен кіші інім жастай о дүниелік болған екен.
Шаңырақ құрып, азамат болған әкем ағайынға да қарайласып тұрған. Нағашы жұртына кеткен Жолкен атамыздың ұрпағына көп жақсылығы тиген. Өкінішке қарай Жолкен атамыздың ғұмыры қысқа болып, соғысқа кеткеннен кейін артынан қара қағаз келеді. Артында қалған үш перзенті Мұқаш, Ұлсары, Қайырбек нағашы әжесінің қолында қалады. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезде балалардың ішерге тамақ, киерге киім таппай, жоқшылық көріп жүргенін естіген әкем Дәулі атам екеуі ағасының балаларын әжесімен бірге елге көшіріп әкеліп, бауырына басады. Ағаның үш баласын, кейін туған екі қарындасымды көздің қарашығындай көріп, бөліп-жармай өсіргені үшін ата-анамызға перзенттік ризашылығымызды осы күнге дейін айтып келеміз.
Әкем Кәрім соғыстан кейін шаруашылық жұмысына белсене кіріседі. 1950 жылдан қойшы болып, мал бақты. 1977 жылы аға қойшы дәрежесін алды. Сөйтіп абырой-атақпен, ел ағасы, еңбек ардагері болып, еңбек демалысына шықты. Ерен еңбегі бағаланып талай марапатқа ие болды. Бірнеше медальмен қоса кеудесіне “Еңбек Қызыл Ту” ордені, “Ленин” ордені, “Республикаға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі жарқырай тағылды.
Биыл желтоқсанда әкемнің дүниеден өткеніне 30 жыл толады. Атамыз қазақта “Өлі разы болмай тірі байымас” деген қанатты сөз бар. Бақилық болған ата-бабамыз бен әке-шешеміздің рухына Құран бағыштап, еске алу әрқайсымыздың перзенттік парызымыз деп білемін. Дүниеден өткендерге иман байлығын, артында қалған ұрпақтарына амандық берсін.
Қайролла КӘРІМҰЛЫ.