Өңірімізге жұмыс сапарымен Литваның Қазақстандағы елшісі Эгидиюс Навикас келді. Бұл – оның біздің өңірге жасаған алғашқы сапары. Бүгінде Қазақстан Литвамен берік сауда-экономикалық байланыс орнатқан. Биылғы 9 айдағы өзара сауда айналымы 19 пайызға өсіп, 1,7 млн. АҚШ долларын құрады. Облыстық әкімдікте өткен кездесу барысында серіктестікті кеңейту, литвалық инвесторларды тарту мәселелері талқыланды.
– Өңірімізде 2019 жылдан бері облыста “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылды. Инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынамыз, инфрақұрылым тұрғысында көмектесеміз. Қазір арнайы экономикалық аймақ аумағында “Класс” пен “Рейма” сынды неміс компаниялары, “Юдэй Холдинг” пен” Nord Panels” сынды түрік компаниялары, “Просол” сынды италиялық және “Хлебпром”, “Уралкран” сынды ресейлік ұйым жұмыс істейді, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Сондай-ақ Литва біздің өңірде құрметті консулдығын ашуға мүдделі. Бұл екі ел арасындағы іскерлік және достық байланыстарды одан әрі нығайтуға зор серпін бермек. Қазіргі таңда республика көлемінде Литваның 12 елшілігі бар.
– Консулдық кәсіпкерлікті, мәдениет пен білім беру салаларын дамытып, қандай да бір жағдай болса, Литва азаматтарына көмек көрсету сияқты басқа да функцияларды атқаратын болды. Екі ел арасындағы қарым-қатынас нығаю үстінде. Литва мен Қазақстан арасындағы сауданың көлемі айтарлықтай жоғары. 2023-ші жылы шамамен 800 млн долларды құраса, 2022-ші жылы 1,5 млрд. болды. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыруға болады, – деді Литва Республикасының Қазақстандағы елшісі Эгидиюс Навикас.
Литва Еуропа мен Орталық Азия арасындағы маңызды транзиттік елдердің бірі болып табылады. Сондықтан елші Қазақстан мен Литва арасындағы көлік және логистика саласын дамытуға баса назар аударды. Оның үстіне олардағы Клайпеда порты астықты немесе басқа да тауарды тасымалдауға қолайлы.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.