Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненконың есебі тыңдалды. Баяндамашы 10 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң қарқыны сақталғанын атап өтіп, өз ойын нақты цифрлармен толықтырып отырды.
Тұрақты дамудың негізгі бағыты саналатын инвестиция тарту және халықтың табысын ұлғайтуға басымдық берілген. Жыл басынан бері түрлі салаларға 12,8 млрд. теңге мөлшерінде қаржы құйылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,1 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің көлемі 37,9 млрд. теңгеге жеткен. Ауа райының күрделі болғанына қарамастан дәнді дақылдардың әр гектарының орташа шығымдылығы 20 центнерден асып жығылған. Диқандар қауымының мол тәжірибесі мен ұйымшылдығы арқасында 263 мың тонна дәнді және 48 мың тонна майлы дақылдар шашпай-төкпей жинап алынған. Машина-трактор паркі 126 бірлікке жаңартылған.
“Қызыләскер” ЖШС-ның базасында 400 бас симменталь тұқымды сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Оның жобалық құны – 2,2 млрд. теңге, жылына 2 мың тоннаға дейін сүт сауылады. “Белое-Агро” ЖШС абердин-ангус тұқымды етті мал өсіре отырып, қайта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. “Ахитовка” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт өнімдерін өңдейтін шағын зауыт салмақ. “Ухов” жеке кәсіпкерлігі балықты қайта өңдеу цехына 100 млн. теңге бағыттамақ.
Ауданда шағын қосалқы шаруашылықтарды дамытудың мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған. 37 жәрмеңке ұйымдастырылып, қолжетімді бағамен 239 тонна мал азығы сатылған. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы құрылымдарына жалпы ауданы 8,3 мың гектар жайылымдық жер қайтарылған.
Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына ерекше екпін түсірілген. Сенжарка Троицкое – Николаевка – Бике бағыттарындағы аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеу аяқталып, бұл мақсат үшін 482,9 млн. теңге бағытталған. Андреевка, Бексейіт, Меңгесер, Бостандық, Новомихайловка ауылдарындағы кентішілік жолдар қалпына келтірілуде. 1,5 млрд. теңгеге бес автомобиль жолының техникалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету міндеті Пресновка топтық су құбырына жүктелген. Тұрғындардың 86 пайызы таза тіршілік көзін тұтынады. Афонькино, Воскресеновка, Михайловка, Краснознаменное, Бексейіт, Мамлютка ауылдарында сумен жабдықтау нысандарының құрылысы басталған.
Аудандағы жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға тең немесе 155 адам жұмыссыздар санатында. 991 адам жұмысқа орналастырылған, оның ішінде жастар практикасына – 22, қоғамдық жұмыстарға 167 адам жіберілген. 357 жаңа жұмыс орны құрылған. Квотамен көшіп келген 52 отбасыға әлеуметтік міндеттемелер толық өтелген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.