«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ПОШТА ҚЫЗМЕТІ ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ТҮЛЕУІ ТИІС”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жұртшылық өз өңірлеріне, елдегі, сонымен қатар төрткүл дүниеге қатысты жаңалықтарды мерзімді басылымдар арқылы оқып, қоғамның “жүрек лүпілін, тамыр соғысын” біліп отырады. Өкінішке қарай, пошта қызметіне көпшіліктің көңіл толмайтыны жайлы реніштер аз емес. Әсіресе, шалғайдағы елді мекен тұрғындарынан наразылық хаттар жиі түсетіні талассыз шындық. Іссапарлар кезінде де тұрғындар көңілдеріндегі түйткілдерді жеткізіп жатады. Әрине, пошта тасымалын бір мекеменің мойнына арту асылық болар. Десек те, “Қазпошта” АҚ, оның құрылымдары мен бөлімшелері негізгі байланыс операторы саналатындықтан ерекше жауапкершілік жүктелері сөзсіз. Осы ретте “Tıkelei bailanys” айдарының қонағы – “Қазпошта” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Сымбат Құдайбергенов өңірдің және қала тұрғындарының басылымдар мен сәлемдемелерді жөнелту төңірегінде туындаған сауалдарына жауап берді.

Олжас САБЫРБАЙ,

Тайынша ауданының тұрғыны:

– Бұрын хат-хабар және сә­лемде­мелер жеткізумен ғана айна­лы­сып келген пошта ұйы­мы қызметі қалай дамуда? “Қазпошта” АҚ-ның қазіргі аяқ алысы жөнінде баяндасаңыз.

– “Қазпошта” акционерлік қо­ғамы 1993 жылдың 5 сәуірінен бастап негізгі пошталық сәлем­демелерді жеткізу қызметін ат­қа­рып бастаған болса, бүгінде ло­гистикалық қызмет түрлерінің барлық заманауи технологияла­рын кезекпен қызмет көрсету тү­рі­не қосып келеді. Соның ішінде автоматтандырылған сұрыптау орталықтарын, (“Drop off”) өз-өзіне қызмет көрсету арқылы уа­қыт үнемдететін терминалдар­ды, цифрлық қызмет көрсететін мобильді қосымшаларды, “Qaz­Post”-тың шетелдік логистика­лық компаниялармен серіктес бола отыра сәлемдеме жеткізу­ді жылдамдатқанын айтуға бо­лады. “POST.KZ.” қосымшасы­ның өзі 30-дан астам онлайн қызмет түрін көрсетіп, 2151000-нан асатын қолданушысы бар үлкен жүйеге айналды. Гибридті элек­тронды поштамыз арқылы құ­жат­тар мен хаттарды жіберуге бо­ла­ды. Сонымен қатар “GoPost Express” – сәлемдемені авиатранспортпен, “GoPost Standart” арқылы көлемі үлкен сәлемдемелерді, “GoPost City” – қала ішіндегі сәлемдемелерді лез­де жеткізу сынды жаңа игілік­терге қол жеткізіп келеді. Қазіргі таңда “Қазпошта” АҚ бизнеске де ыңғайланып, қаржылық қыз­меттерді тиімді әрі пайыздық үстемеақысыз жүзеге асыруға жағ­дай жасап отыр. Мәселен көр­шілес Қытай мен озық тех­ноло­гия мекеніне айналған Жа­по­ния­ның ірі компанияларымен бірлескен жобалар легі көбейіп келеді. Біз әлем бойынша үздік пошталық жетіс­тіктерді өз жұ­мысымызда кеңінен пай­да­ла­нудамыз.

Арман НАУКЕНОВ,

Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Келешекте ауылдағы пош­та бөлімшелерін дамыту жоспарда бар ма?

– Ауылды жерлерде пошта қыз­метін пайдаланушылар са­ны бұ­рын­ғы кезеңмен салыс­тыр­ғанда азайғаны байқалады. Осының салдарынан кей аймақ­тардағы пошта қызметтері өз жұ­мысын тоқтатуда. Бірақ соған қарамас­тан қазіргідей интернет дамыған заманның игілігін ауыл тұрғын­дары да бірдей көріп отыр. Өйт­кені ауыл тұрғындары “POST.KZ” қосымшасының арқасында өз сәлемдемелерінің нақты мекенжайынан, жеткізілу күнінен хабардар. Сұраныс бар кезде бөлімшелердің бәрі белгі­ленген тәртіп пен жүйе бойын­ша жұмыстарын жалғастырады. Бұл орайда жаңа бағыттар мен мүмкіндіктерді қажет деп тапқан сайын жаңашылдықты да енгізе береміз.

Ғалия ТҰРСЫНОВА,

Қызылжар ауданының тұрғыны:

– Аудандардағы оқырман­дарға газет-журналдар, басы­лымдар уақытында жеткізіл­мейді. Бұл мәселені түбегейлі шешуге болмай ма?

– Логистика дамыған қазіргі заманда, аудандар мен ауыл­дық жерлерге газет-журналдар кешігіп жетеді деп айтуға негіз жоқ. Ауылдардағы сұраныс­тың аздығынан кейбір аймақ­тық бө­лімшелер саны аза­йып, жабы­лып, екі ауылға штат­тан тыс бір немесе әр ауылдан келісімшарт негізінде қызметкер жұмысқа алынып, пошта бөлім­ше­сі бар жерге, ал пошта бөлім­шесі жоқ болса мектептерге жеткізіледі. Әрі қарай ол жерден тұрғындар өздері жазылған ба­сылымда­рын алып кетеді. Таби­ғи апаттар орын алған кезеңдер болмаса, алыс елді мекендерге газет-журналдар кешіктірілмей, өз уақытында жеткізілуде.

Алпамыс ШАЙМЕРДЕНОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл ауылының тұрғыны:

– Шұқыркөл ауылында пошта болғанымен, пошташы жоқ. Себебі еңбекақы мар­дым­сыз. Бұл орайда аудан­дардағы пошта бөлімшеле­ріне мамандарды тарту мәсе­лесі қалай шешілуде?

– Ауылдық жерде еңбекақы мардымсыз деп айтуға болмас, себебі пошташының қызметі ауыл тұрғындарының санына және сол ауылға түскен пошта көлеміне қарай бір немесе екі сағат көлемінде ұйымдасты­рылады. Яғни бұл жұмыстарды атқарғаннан кейін пошташы қо­сымша басқа жұмыстарымен ай­налысу мүмкіндігіне ие. Сон­дық­тан жалақы пошташыға то­лық жұмыс күніне емес, сағатына байланысты төле­неді. Қазіргі уа­қытта Шұқыркөл ауылына пош­ташы іздестірілу­де және жақын арада бұл мәсе­ле өз шешімін та­бады деп ой­лай­мын.

Қанат КЕМЕЛБЕКОВ,

Тимирязев ауданының тұрғыны:

– Жіберген сәлемдемеміз бір ай өткен соң өзіміз жө­нелт­кен мекенжайға қайта ке­леді. Осының себебі не?

– Пошта қызметінде ауа райының маңызы зор және осы­ның салдарынан сәлемдемені уақытылы жеткізу қиынға соға­тын кездер болады. Сәлемде­менің жіберушіге кері қайтуы­ның не­гізгі себебі – жіберушінің сәлем­деме алушының мекен­жайын дұрыс көрсетпеуінен болады. Осы жерде атап өтетін тағы бір мәселе, сәлемдемені алушы­ның өзіне келіп түскен сә­лемде­мені уақытылы алмауы. Жалпы пошта қызметін пайда­ланушы­лар сәлемдеменің “Қаз­пошта” бөлімшелеріндегі сақ­талу мер­зі­мі шектеулі екендігін және ол мерзім аяқталған уа­қытта сә­лем­деме жіберушіге кері қайтуы тиіс екендігін біледі.

Нұрсұлтан САПАРҒОЖИН,

Аққайың ауданының тұрғыны:

– “Қазпошта” арқылы әлем­нің кез келген нүктесінен тауарға тапсырыс беруге бо­ла ма? Болса, шетелден зат­ты жеткі­зу мерзімі қанша?

– Әрине, жергілікті тұрғын­дар әлемнің кез келген нүктесі­нен тауарға тапсырыс беріп, пошта арқылы алдыра алады. Бұл қызмет түрі біздегі “Халық­аралық авиатасымалдар” арқы­лы жүзеге асырылуда. “Халық­аралық авиатасымалдар” кес­те­сіндегі маусымдық өзгеріс­тер­ге байланысты “Қазпошта” (әсі­ре­се АҚШ, Канада және Еуропа ел­деріне) сәлемдемелерді жө­нел­туде және алдыруда кіді­ріс­терге тап болып жататын кезде­рі бар. Мұның себебі – пошта тасыма­лы үшін борттағы орын­дардың тапшылығына әкелген “Lufthan­sa” сынды авиакомпа­ния­лардың қысқы кезеңге рейс­терінің қысқаруы және жолау­шылар жүгі көлемінің ұлғаюы. Сондай себептен жөнелтілім­дердің орташа кешігу мерзімі ша­мамен 20 күн болуы мүмкін. Мұндай мәселелерді “Қазпош­та” қосымша рейс ұйымдастыру арқылы баламалы бағыттарды іздеу үшін “Turkish Airlines” сынды компаниялармен келіссөздер жүргізіп, осы мәселені шешу бойынша әрдайым белсенді жұмыстар жүргізеді.

Айгүл НҰРБОЛАТОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Бұрындары жазылым науқаны кезінде “Қазпошта” АҚ газеттермен бірлескен іс-шараларды жиі өткізетін. Қазір баспасөзге жазылу нау­қанын ұйымдастыруда қан­дай іс-шаралар атқарылуда?

– Біздің филиалда 9 қазан – Бүкіл әлемдік пошта күнін жыл сайын және жазылушылар күнін мерекелеу жақсы дәстүрге айналған. Бұл күні облыстың барлық орталық операциялық учаскелерінде жергілікті редакциялармен бірлесе мерекелік бағдарламалар өткізіліп, осы күні басылымды жаздыртқандар­ға сыйлықтар табысталады.

Азамат БАЙҒОЖИН,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Кейбір ауылдарда ескір­ген пошта ғимараттары бар. Жаңа ғимарат салу немесе күрделі жөндеуден өткізу жос­парда бар ма?

– “Қазпошта” 2000-нан аса­тын тұрғыны мен қыз­метімізді пайдаланушылары бар аймақ­тық, ауылдық бөлім­шелерді қа­жет­тіліктеріне қарай жөндеуден өткізіп тұрады. Қа­зіргі таңда ба­сымдық бөлім­шелерден гөрі, үл­кен қоймалық HUB-тарға бері­луде. Тұтас рес­публика бойын­ша ірі мегапо­листер мен облыс­тардан ар­найы жер бөлініп қоймалар са­лынып жатыр. Бұл өз кезегінде халықаралық тасы­мал мен сә­лемдемені сақтауға, таратуға үлкен мүмкіндік береді.

Ахметжан ҚУАНТАЕВ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Мен “Береке” шағынауданында тұрамын. Қазақ тілді басылымдардың, әсіресе об­лыстық “Soltüstık Qazaq­stan” және республикалық “Ege­men Qazaqstan” газеттерінің тұрақты оқырма­ны­мын. Үйім­де пошта жәшігі де бар. Бірақ 3-4 жылдан бері осы басы­лымдарды уақыты­лы алған емеспін. Пошта бө­лім­шесіне басылымның апта­сына 3 рет келуі үшін төлем жасап отыр­сам да, қолыма аптасына бір рет тиеді. Сонда бастапқы­дағы жасалған келісімшарт қайда қалды?

– “Қазпошта” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы “Береке” шағынауданы бойын­ша пошта жөнелтілімдерін және мерзімді басылымдарды жеткі­зу, тапсыру жөніндегі курьерлік қызметті көрсетеді.

1-ші қыркүйекке дейін бұл шағынауданда бос орынға бай­ланысты үзіліспен қызмет көр­сетіліп, тұтынушылар тарапынан шағымдар түсті. Алайда жұмысқа курьер қабылданған­нан бастап бұл мәселе реттелді. Қазіргі уақытта тұтынушылар тарапынан филиалға шағым жоқ, хат-хабарлар дер кезінде жеткізіледі. Осы ретте фи­лиал әр тұтынушысына кез келген сауалдарына жауап бе­руге дайын. Яғни жұмыс сапасы бойынша наразылықтар болса, филиалға жүгінуге болады.

Елемес НҰРҚАНОВ,

Ақжар ауданының тұрғыны:

– Адамдар қанша жерден ғаламтор желісіне шырмалғаны­мен, мерзімді басылым­дардың орны бөлек. Өрке­ниетті елдер тәжірибесіне сүйенсек, мәсе­лен, “Нью-Йорк Таймс” газеті­нің күндік таралымы 1,5 млн. дана көрінеді. Ал біз болсақ, оның қасында жіп есуге кел­мейтін санаулы ғана тираж­бен та­рай­тын газет-журнал­дың же­дел таралуын қамта­ма­сыз ете алмай отырмыз. Бұ­дан кейін қанша жазылғы­мыз келсе де, ақпараттармен уақы­ты­лы та­ныса алмай қала­мыз ба деп тартыншақтай береміз. Аудан орталығынан шалғай орна­лас­қан Киев, Бостан елді ме­кендеріне хат-хабар айлап жеткізілмейді. Оған бәріміз куә­міз. Ауыл әкімін сайлау жиынына кел­ген халық қалау­лыларына осы өтінішімізді жет­кізіп, мәселенің оң шеші­луі­не ықпал жасауын сұраған едім. Сауалым жауапсыз қал­ды.

– Айына бір рет тасымалда­на­ды деген атымен жоқ. Бірінші рет естіп отырмын. Жағдайды анықтайтын боламыз. Оның пош­та қызметіне қатыссыз бас­қа да себептері болуы мүм­кін. Жалпы хат-хабардың уақыты­лы қолға тиюіне аудан, округ әкім­діктері де мүдделі болуы тиіс.

Дайындаған

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp