Албания астанасы Тиранада еркін күрестен 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатында отандасымыз Ризабек Айтмұқан жеңімпаз атанып, әлем жұртшылығын тағы бір тәнті етті. 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Ризабек дүниежүзілік доданың финалында Ираннан келген азулы қарсылас Махди Мұхарамәли Морафаны айқын басымдықпен ұтты. Осылайша ол үш түрлі жас санаты бойынша өткен әлем чемпионаттарында алтын жүлде алған тұңғыш қазақ балуаны атанды.
– Ризабек, кезекті тарихи жеңісің құтты болсын! Бір жылда үш рет әлем чемпионы атанып, ел ішінде ешбір балуанның қолы жетпеген жетістікті тіркедің. Әр жарыс өзінше ерекше екенін үнемі айтасың. Бұл жолғы Тиранадағы чемпионаттан алған әсеріңді айта отырсаң.
– Албанияда өткен чемпионатта жеңіске жеткеніме Аллаға шүкір! Тарихи жеңіске жеткеніме қуаныштымын! Көңіл күй жақсы! Тарих жаңартуды тоқтатпаймыз. Намысқа тырысып, әлі талай жарыста елдің Туын асқақтатамыз. Келесі Олимпиадаға дайындық циклін бастап кеттік. Алла қаласа, Олимпиадада жеңіске жетемін! Әрине, Алланың қалауымен!
– Сені Қазақстан түгілі әлем жұртшылығы құттықтап, алақайлап жатыр. Шетелдік спорт парақшаларында, әсіресе, Біріккен әлем күресі (“United World Wrestling”) халықаралық федерациясының ресми парақшасында саған сенім артқан, сенің бұл чемпионатта да жеңіске жететініңе шүбә келтірмей, “history maker” деп жазған шетелдік жанкүйердің қарасы көп. Албанияда әлем назарының сенде болғанын сезе алдың ба?
– Әрине, сездім. Мен оны оған дейін де сезгенмін. “United World Wrestling” өз парақшасында еркін күрестен әлем бойынша ең танымал топ-10 балуанды анықтамақ болып, сауалнама жасаған-тын. Ол ондықтың ішінде Олимпиада, әлем чемпиондары да бар. Сол топқа мені де кіргізіп қойғанын көрген кезде таңғалдым. Бұл маған оң әсерін тигізді, себебі маған ондай үлкен ұйымның назарында болу – үлкен мәртебе. Тиранаға жарысқа келген кезде мұнда келген басқа балуандар мен спорт жанкүйерлері менің қалай күресетінімді күтті. Психологиялық жағынан кішкене қиын болғаны рас. Дегенмен берілмеуге тырысып-бақтым. Мен ол жарысқа барғанда “United World Wrestling” өкілдері ресми парақшаға тағы да мен туралы пост салатынын білдім. Сосын “Кезекті әлем чемпионатын ұта ала ма?” деп мен туралы жазба салынғанын байқап, мұны жақсылыққа баладым. Бұл маған үлкен мотивация болды. Әрине, тек елде емес, шетелде де жанкүйерлер болғаны көңіл қуантады. Осындай деңгейге жеткеніме шүкір етемін. Мен Қазақстан күресінің деңгейін, әлемдік ареналарда қазақ елінің Туын көтергім келеді. Күллі әлемге Қазақстан қандай керемет ел екенін әрі Қазақстанда еркін күрес бар, Қазақстан чемпиондар мекені екенін көрсеткім келеді.
– Екі ай бұрын Испанияда 20 жасқа дейінгі балуандар арасында өткен чемпионатта жауырының жерге тимей, финалда Әзірбайжанның мықтысын алып жықтың. Үш күн бұрын 23 жасқа дейінгі әлем біріншілігінде тағы да қарсылас шақ келтірмей, ирандықтан айлаңды асыра білдің. Сонда Испаниядағы жеңісіңнен кейін еш тынықпай, бірден Албаниядағы өтетін екінші әлем чемпионатына дайындықты бастап кеттің бе? Әлде, ол жарыс жоспарда болмап па еді?
– Негізі, басты жоспар Олимпиада ойындарында белдесу еді. Алайда Алла Тағаланың маған қатысты жоспары басқаша болды. Олимпиадаға іріктеуден өте алмай қалған соң 1-2 айдай ештеңеге зауқым соқпай жүрді. Тіпті күреске деген құштарлығым кеміп қалды. Сол кезде жеке бапкерлерім Дархан ағай мен әкем: “Ризабек, мойыма. Сен түбі Олимпиадаға барасың. Сол кезде Олимпиададан бізге алтын алып келесің. Бірақ бұл жолы бармай қалдым деп босама. 1-2 айдан кейін жастар арасында әлем чемпионаттары болады. Сол екеуін ұтсаң, тағы да тұңғыш балуан атанасың” деп мені рухтандырды. Бізде еркін күрестен 23 жасқа дейін әлем чемпионы болмаған. Ал жастар арасында әлем чемпионы атанған қазақ бала жоқтың қасы. Өзге ұлт өкілдері, легионерлер арасында чемпион атанғандар бар. Сол кезде әкем мен бапкерім “Сен қазір екі жарысты қатарынан ұтсаң, әлем чемпионаттарын ұтып алған қазақ атанасың. Ол – біріншіден. Екіншіден, тағы да тұңғыш әлем чемпионы боласың” деп қайтадан жігерімді оятуға барын салды. Сол кезде айтылған осы сөздер маған қатты әсер етті. “Шынымен, осы екі ірі додада жеңіске жетсем, тағы да тарих жаңартады екенмін” деп өз-өзімді қамшылаумен болдым. Ол екі жарыста жеңіске жету орындамауға құқым жоқ тапсырма болды. Бұл тапсырманы мінсіз орындағаныма Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Алла тағала 20 миллион халықтың ішінен дәл маған ересектер арасында тұңғыш әлем чемпионы атануды жазып қойды. Сондықтан қалған маңызды жарыстарда да оңай беріле салуға құқым жоқ екенін жете түсіндім.
– Қоржыныңда Азия чемпионаттарының 2 алтын медалі, әлем чемпионаттарының 3 бірдей алтын жүлдесі бар. Жетіспей тұрғаны – тек Олимпиада медалі…
– Иә, сол медальді уысымызға түсіру үшін талмай еңбектенеміз, бұйырса. Әр спортшы армандайтын Олимпиадада топ жарып, Қазақстаннан тұңғыш Олимпиада чемпионы шықса керемет қой! Сол үшін бар күш-жігерімізді сарп етеміз. Біз болмасақ та, қазақтың баласы Олимпиадада атой салсын!
– Алдағы жоспарың қандай? Биыл балуандардың маусымы осымен аяқталды ғой.
– Иә. Биыл жарыстар легі осымен аяқталды. Бұйырса, келесі жылы өтетін сайыстарға дайындаламыз. Сөйте-сөйте, аяңдап, ақырын басып, Олимпиадаға да жетеміз.
– Көпшілік “3,5 жылдан соң өтетін Лос-Анжелес Олимпиадасына дейін Ризабек мотивациясын жоғалтып алмайды ма екен?” деп те алаңдайды.
– Әр спортшыға мотивация беретін екі-ақ нәрсе бар. Біріншісі – өз елінің қолдауы, екіншісі – ынталандыру. Кез келген спортшы жағдайын жасағысы келеді. Бізге, спортшыларға барлық жағдай жасалған. Оған әңгіме жоқ. Дегенмен алдағы уақытта өз ақшама күресті көтеріп, кәсіпкер болғым келеді.
– Жуырда сүйіктіңе сөз салғаның туралы ақпарат тарады.
– Ол рас. Үйленгелі жатырмын. Болашақ жарым бұрын спорттық гимнастикамен айналысқан. Жарыстар аяқталды, енді алда той қамымен жүгірмекпін.
– Әңгімеңе рақмет!
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ.
(“Türkıstan” газетінен алынды).