«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Qyzyljar” креативті орталығында есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс журналист, публицист, әнші-сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шашубай Малдыбаевтың 75 жасқа толуына арналған “Армысың, аңыз қалам – Қызылжарым” атты салтанатты шара өтті.

Жиналғандарға ең алдымен мерейтой иесінің өмірі мен шы­ғармашылығы жайлы бейне­фильм көрсетілді. Мерейтой ие­сін Президенттің кеңесшісі Мә­лік Отарбаев құттықтап, Шашу­бай Малдыбаевқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Алғыс хатын табыс етіп, кеу­десіне “Алтын Барыс” төсбел­гісін тақты.

– Қызыл сөзі көне түркі ті­лінде алтын деген мағынаны біл­діреді. Қызылжар – ұлттық руха­ниятымызды дәріптеп, сал-сері­лердің ізін жалғастырған, ата-бабаның шығармашылығын өл­тірмей, ілгері дамытып келе жат­қан небір алтын азаматтарға тұ­ғыр болған киелі өңір. Шашубай Малдыбаев ағамызды алтын­ның сынығы десек артық айт­қандығымыз болмас. Саналы ғұ­мырын ұлт руханиятының да­муы­на арнаған азаматтың әде­биет пен мәдениетімізді ілгері­лету жолындағы еңбегі ерен. Ша­шубай Малдыбаев – қазақтың ға­сырлар бойы жинақталған құндылықтарын бүгінгі күнге жет­кізген ұлттық руханияттың шы­рақшысы, – деді Мәлік Отар­баев.

Содан кейін облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов сөз алып, Шашубай Малды­баевтың ұлттық құндылық­тар­ды түгендеу жолындағы еңбек­те­рін тілге тиек етті. Өңір бас­шысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау хатын табыстап, қуа­ныш иесінің арқасына шапан жапты. Көкшетау қаласынан келген жазушы-журналист, қо­ғам қайраткері, “Арқа ажары” Ақмола облыстық газетінің ди­ректоры Жабал Ерғалиев Ша­шубай Ғалымұлының журна­лис­тік қызметі жайлы әсерлі сөз сабақтады.

Мерейтой иесінің сыныпта­сы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейме­нов ардақты азаматтың бала­лық, жігіттік шағындағы естелік­терге терең бойлап, жүрекжар­ды лебізін білдірді.

Шашубай Малдыбаев еңбек жолын 1971 жылы қаламгер­лердің бірнеше буынын тәрбие­ле­ген қарашаңырақ – облыстық “Soltústik Qazaqstan” (бұрынғы “Ленин туы”) газетінде бастаған. Шығармашылық кеште “Қызыл­жар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ре­дакторы Нұргүл Оқашева сөз алып, мерейтой иесін қуаны­шымен құттықтап, ұжымның атынан сый-сияпат тарту етті.

– Менің қырық жыл ғұмырым сүйікті қалам – Қызылжарда өтті. №2 қазақ мектеп-интернатында, қарашаңырақ – “Soltüstık Qazaqstan” газетінің редакция­сында өткен әрбір күнім жүректі тербететін сағынышқа айналды десем, еш қателеспеймін. Ақ қайыңдар өлкесінде туғанымды елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен­деріңізге рақмет айтамын. Бү­гін­де Алматы облысындағы Қас­келең қаласында тұрып жатырмын. Туған жерге деген тәтті сағынышым, махаббатым әнге айналып, көңілдерге қонақтауда, – деген Шашубай Малдыбаев жерлестерінің ыстық ықыласы­на ризашылығын білдіріп, “Сенің маған қарағаның секілді”, “Ардагерлер” әндерін айтып, кештің шырайын кіргізе түсті.

Кеш барысында мерейтой ие­сінің “Қызылжарым”, “Ән-жырым – Жамбылым” әндерінің тұ­сауы кесіліп, тыңдармандардың көңілінен шықты. “Құрмет” орде­нінің иегері Дәмеш Құрманкина, Мәдениет саласының үздігі Біржан Есжан, белгілі әншілер Балтабай Рамазанов, Жеңіс Қабдолбәриев, Алтынгүл Сыздықова, Нариман Жолдасбе­ковтердің орындауындағы ән­дердің “құлақтан кіріп, бойды алғанын” жиналған өнерсүйер қауымның көрсеткен қошеметі­нен байқадық.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp