Өңірге бірнеше күндік жұмыс сапарымен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова келді. Елордалық мейман Қызылжардағы бірқатар білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік нысандарында болып, кездесулер өткізді.
Тамара Дүйсенова алдымен облыс орталығындағы “Балдәурен” балабақшасына барды. Онда мектепке дейінгі мекеменің жұмысымен танысып, балабақша меңгерушілерімен кездесті.
– Балабақшадағы 14 топта 320 бүлдіршін бар. 11 топ қазақ тілінде болса, 3 топ басқа тілде. Жұмыс барысында заманауи технологиялар мен әдістемені пайдаланамыз. Балабақшада зерттеу орталығы жұмыс істейді. Мұнда балғындар ғылымға алғашқы қадам жасап, работотехника, сандық технология негіздерін үйренеді. Кішкентайлардың білімге құштарлығы мен қызығушылығын арттыруда STEM жобалап оқытудың да берері көп, – дейді “Балдәурен” балабақшасының директоры Мадина Дарбаева.
Меңгерушілермен өткен кездесуде балабақшаларды қаржыландырудың жаңа жүйесі туралы айтылды. “Қаржы орталығы” АҚ директоры Асқар Ибраимовтың сөзінше, ваучерлік қаржыландыру ата-аналарға балабақшаны өз еріктерімен таңдауға мүмкіндік береді. Жаңа жүйе бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ата-ана үшін тегін болмақ. Шығынды мемлекет өз мойнына алады. Алайда ақша бірден балабақшаға берілмей, ана-ана мен заңды өкілдерге аударылады. Егер бала басқа балабақшаға ауысса ваучер жаңа мекемеге төлене бастайды. Осылайша ата-ана кішкентайы үшін қолайлы балабақшаны өзі таңдайды екен.
Кейін вице-премьер М.Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейінде болды. Білім ордасында 1100 бала оқиды. Білім алушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді өткізу үшін 39 үйірме жұмыс істейді. Тамара Дүйсенова осындағы мектеп директорларымен кездесуде “Баршаға қолжетімді сапалы білім” ұлттық жобасының жүзеге асырылуы туралы айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған ұлттық жобада бала тұлғасын мектепке дейінгі кезеңнен бастап қалыптастыруға мән берілген. Осының аясында бейінді министрлік анықтаған 106 нысаналы мектептің 20-сы біздің өңірде орналасқан.
– Бүгінге дейін 500 педагог қайта даярлаудан өтті. Сабақ беруде, білім сапасында оң өзгерістер байқалады. Зерттеуге ден қойған мұғалімдер көп. 20 нысаналы мектептің менеджменті оңтайландырылды. Тағы 500 педагогты қайта даярлау курстарынан өткізу үшін жергілікті бюджеттен 28 млн. теңге бөлінді. Сонымен қоса өңір ерекшелігін ескере отырып, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту бағытында да жұмыстар жүргізілуде, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.
Ал үстел теннисінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру туралы айтылды. Заңнамадағы аталған өзгерістерді Туризм және спорт министрлігі дайындап жатыр. Жаңа өзгерістерге сай спорт мектептері келушілердің санына қарай қаржыландырылатын болады. Жиынға қатысқан туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ел қазынасынан 179 спорт түрінің қаржыландырылатынын, 510 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейтінін айтты. Жаңа заңнамаға сай жаттықтырушыларға спорт шеберлері мен чемпиондарды дайындағаны үшін қосымша ақы төленеді. Ал қайта даярлау курстары мансабын аяқтаған чемпиондарға бапкерлік қызмет атқаруға мүмкіндік бермек. Кездесуге қатысқан спорт мектептерінің өкілдері аталған жаңашылдық материалдық-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.
– Жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында бірқатар өзгерістер көзделген. Оның ішінде жаттықтырушылардың еңбекақысын арттырып, керек-жараққа жұмсалатын қаржыны көбейту бар. Бұл балаларға өзі таңдаған спорт түрі бойынша қажетті жабдықтармен дайындалуға мүмкіндік береді. Жаңа нормативте спортшылардың жарыстарға қатысуы, іссапар шығындары да ескерілген, – деді Тамара Дүйсенова.
(Жұмыс сапары жайлы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.