«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҰҚШҰ – қауіпсіздік кепілі”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті. Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңеске келген мәртебелі меймандарды қарсы алды. Отырысқа қатысушы елдер басшыларының бірге суретке түсу рәсімінен соң, іс-шара ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы сессиясымен басталды.

Төрағалық міндет толық орындалды

Сессия отырысына Беларусь Президенті Александр Лукашен­ко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Пре­зиденті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Мемлекет басшысы Ұжым­дық қауіп­сіз­дік туралы шарт ұйымы Еуразия кеңіс­тігіндегі бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ететін негізгі құры­лымдардың біріне айналғанын атап өтті.

– ҰҚШҰ қазіргі сын-қатерлер жағ­дайын­да ұйымға мүше бар­лық ел үшін қауіп­сіздік кепілі ре­тінде өзінің қажет екенін көр­сетіп отыр. Біздің үйле­сімді әре­кеттеріміз, өзара сенім мен қол­дауымыз ең қиын әрі ауқымды мін­дет­­терді шешу жолындағы ұжымдық қабі­­летімізді нығайта­ды. ҰҚШҰ – жай ғана әскери се­ріктестік емес, мемлекет­тері­міз­дің егемендігі мен аумақтық тұ­тастығын қорғау мақсатындағы күш-жіге­ріміз бен ресурстарымызды бірік­тіре­тін бірегей меха­низм екенін атап өткен ләзім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның ҰҚШҰ төрағасы ретінде ұйымға мүше елдер арасындағы тығыз қарым-қатынас­ты нығайтуға, дағ­дарыс жағдайларын­да жедел әре­кет ету тетіктерінің тиімді­лігін арттыруға бар күш-жігерін жұм­саға­нын айтты. Сондай-ақ тер­ро­ризм, кибер­шабуыл, транс­ұлттық қылмыс және заңсыз есірткі айналымы секілді қазіргі заман­ның қауіп-қатерлеріне қарсы күресте ұйым мүмкіндіктерін жетілдіруге баса мән берді.

– Ұйымның жарғылық орган­дары­ның отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және профилактикалық опера­циялар жоспарлы түрде ұйымдас­ты­рылды. Сыртқы істер және қор­ға­ныс министрлері ұжымдық қауіпсіздік­тің өзекті мәселелерін қарастырды. Қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент спикерлерінің деңгейінде кездесулер өтті. Ұйымның қосымша және жұмыс органдарының ке­ңестері өткізілді. ҰҚШҰ қызметі­нің түрлі бағыттары бойынша консультациялар жасалды. Сес­сияаралық кезеңде бірқатар ма­ңыз­ды құжат қабылданды. Бұлар халықара­лық ынтымақтас­тық, қорғаныс сала­сын­дағы ық­палдастық, сондай-ақ ұжым­дық қауіпсіздіктің өзекті сын-қатер­лері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтиды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты дайындық жұмыс­тарына айрықша мән берілді. Бү­гін бізге Ұжымдық қауіпсіздік ке­ңесінің тиісті мәлімдемесі ұсынылады. Жалпы Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы кезінде қойылған міндет­тердің бәрі орындалды. Біз белгілеген басым­дықтарды жүзеге асыруға қолдау көр­сеткендеріңіз және бір­лесе нәти­желі жұ­мыс атқарғандары­ңыз үшін ал­ғыс айтамын, – деді Мемлекет бас­шысы.

Жиын барысында халықара­лық және өңірлік қауіпсіздік мә­селелері талқыланды. Бұған қоса Қазақстан Республикасы­ның 2024 жылы ҰҚШҰ-ға төраға­лығы қорытындыланды және ал­дағы кезеңнің жоспары нақты­ланды.

Сын-қатерлерге қарсы күрес тетіктері жолға қойылды

Бұдан соң ел басшылары ҰҚШҰ Ұжым­дық қауіпсіздік кеңе­сінің кеңейтіл­ген құрамдағы оты­рысына қатысты. Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығымен өткен Ұжымдық қауіп­сіздік шарты туралы ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессия жұмысына Беларусь Президенті Александр Лукашен­ко, Қырғызстан Президенті Са­дыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон­мен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев пен Шанхай ын­тымақтастық ұйымының Бас хат­шысы Чжан Мин қатысты. Мем­лекет басшысы сессия жұмысын ашып, жиын қатысушыларына ри­зашылығын білдірді.

– Бүгінде ҰҚШҰ ұжымдық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуді көз­дейтін тиімді әрі қажетті ха­лықаралық құрылымға айналды. Ұйымның даму жылдарында мүше мемлекеттер көптеген мә­селе бо­йынша өзара ықпалдас­тық жасап, мол тәжірибе жи­на­ды. Ауқымды нормативтік-құқық­тық база қалыптасты. Қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге қар­сы күрес тетіктері жолға қойыл­ды. Ұжым­дық қауіпсіздік күштері мен құрал­дары жасақталып, қа­лыпты қызмет етіп жа­тыр. Бе­делді халықаралық және өңірлік ұйым­дармен конструктивті ын­ты­мақ­тас­тық орнатылды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ша­ғын құрамда өткен отырыста мемлекеттер басшылары халық­аралық және өңірлік қауіпсіз­діктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның төрағалығы ая­сында ҰҚШҰ-ның биылғы қыз­меті қорытындыланғанын жет­кізді.

– Кездесу қорытындысы ұжым­дық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әре­кет етуге дайын екенімізді тағы да растады. Пікірталас бары­сын­да ха­лықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойын­ша ұстаным­да­рымызды жеткіздік. Біз­дің қазіргі жағдайға ортақ бағамыз және ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуы­на көз­қара­сы­мыз Қазақстанның бастамасы­мен әзір­лен­ген Ұжымдық қауіпсіздік кеңе­сі­нің дек­ла­ра­циясында көрініс тапты. Ұлы Жеңіс­тің 80 жылдығын ме­рекелеуге ерек­ше мән берілді. Ардагерлердің май­дан­дағы және тылдағы ерлігі есімізде мәң­гі сақ­талады. Оларды әрдайым мақтан тұта­мыз, құрметтейміз. Айтулы мереке қар­саңында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңе­сі­нің мәлімдемесін қабылдау, сон­дай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жыл­дығына орай ме­ре­­ке­­лік іс-шаралар жоспарын бекіту ма­ңыз­ды деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туын­ша, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында Ұйым жар­ғысына сай ынты­мақтастық ба­ғыттары бойынша 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырыл­ған. Халық­аралық аренада келісілген ұста­нымдарды ілгерілету бойынша серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізілді.

– Биыл қабылданған саяси құжаттар легіне ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы баға­лауы негіз болды. Олардың ішін­де халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынты­мақтастық мәселелері мен Таяу Шығыстағы ахуалға бай­ла­нысты, сондай-ақ Белоруссияны басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына орай қабыл­дан­ған мәлімдемелер бар. Жыл бойы ұжым­­дық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құ­рал­дарының әске­ри дайындығына мұ­қият назар аударылды. Бүгін біз ҰҚШҰ күш­тері мен құралдары мәртебесіне және әске­ри кон­тингентті тасы­малдауға қатысты халық­арал­ық келісімдердің екі хаттамасына қол қоямыз. ҰҚШҰ-ға мүше ел­дердің бітім­гер­лік күштерінің дайындық деңгейі мен жауы­н­герлік машығын жетілдіру жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Қыр­күйек-қазан ай­ларында елімізде “Мызғымас бауырлас­тық – 2024” ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен “Жартас – 2024” ҰҚШҰ арнайы оқу жиыны өтті. Аса қауіпті нысандардағы күрде­лі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізудің бірлескен іс-қимылы пысықталды, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қазақстан айқындаған ба­сымдықтар жүйелі жүзеге асы­рылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылға­нын атап өтті.

– Қазақстан мен ҰҚШҰ-ға мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта “Наемник”, “Канал”, “Нелегал” және “ПРОКСИ” секіл­ді арнайы опера­ция­лардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шара­лар ха­лықаралық терроризмге, есірт­­кі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің ал­дын алуды көздейді. Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заң­сыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналы­мына және ұйымдасқан транс­ұлт­тық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықта­лып жатыр. Қазақстан төрағалы­ғы­ның үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекет­аралық бағдарламасын дайын­дау жұмыстары аяқталды. Құжат­ты әзірлеу 2013 жылы басталған еді. Бүгін біз Ұйымның оңтүс­тік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы ма­ңызды шешімге қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ҰҚШҰ төрағасы ретін­де Қазақстан айқындаған басымдықтар жүйелі әрі қарқынды түр­де жүзеге асырылып келеді. Се­ріктестердің қолдауына сүйене отырып, ҰҚШҰ аясында аталған бастамаларды одан әрі ілгерілету ісі белсенді жалғасады.

Мемлекет басшысы Ұйым­ның Бас хатшысына, ҰҚШҰ-ның тұрақты кеңесі мен жұмыс ор­гандарына атқарылған ауқымды жұмыс үшін ризашылығын жет­кізді.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі­нің кеңейтілген құрамдағы сессиясы барысында Қырғыз­стан Президенті Садыр Жапа­ров пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Са­дыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республи­касына өтуі туралы шешімнің қа­былдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті та­бысты атқаруына тілектестік біл­дірді.

Жиын қорытындысы бойын­ша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қа­былдап, бір­қатар құжатқа қол қой­ды. Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөнін­дегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемле­кет­аралық бағдарламасы бекі­тілді. Сонымен қатар президент­тер Ұлы Жеңіс­тің 80 жылдығына байланысты мәлім­деме қабыл­дап, келесі жылы осы айтулы да­таға орай ұйымдастырылатын мереке­лік іс-шаралардың жос­парын бекітті.

Астанада қабылданған құжаттар Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағыт­талған.

Айта кетсек, Қазақстан 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық етті.

Осы күні Қасым-Жомарт То­қаев Қазақстанға мемлекеттік са­пары аяқталған Владимир Пу­тинді елорда әуежайынан шыға­рып салды. Әуежайда Құрмет қарауылы сап түзеді. Сондай-ақ суретші Әсел Сабыржанқызы Ресей Президентіне елімізге жа­са­ған сапарына арнап салған картинасын сыйға тартты. По­лот­­нода екі елдің достығы бейне­ленген.

(“Egemen Qazaqstan”,

29 қараша 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp