Ресейдің Уфа қаласында Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Шараға екі елдің басшысы бейнебайланыс режімінде қатысты.
Пленарлық отырыста облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов сөз сөйлеп, аймақаралық ынтымақтастықтың маңызды тұстарын атап өтті.
Форум аясында Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және басқа да облыс әкімдері Башқұртстан Республикасын басқару орталығы мен ұлттық білім орталығының жұмысымен танысты.
Сапар барысында Ғауез Нұрмұхамбетов Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценкомен кездесіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Облыс әкімдігі мен Омбы облысы үкіметі арасында меморандумға қол қойылды.
Құжат сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени салалардағы халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бұл шекаралас өңірлер арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтып, ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар облыс әкімі Уфа қаласындағы “Алға” арнайы экономикалық аймағындағы “Ultra Decor” зауытында болды. Бүгінгі таңда ағашты терең өңдеу зауыты жылына 1,6 млн. текше метр өнім өндіретін ОСБ және ДСП панельдерін өндіру бойынша Ресейдегі ең үлкен зауыт саналады. Кәсіпорын 200 гектар аумақты алып жатыр. Зауытта 300 адам жұмыс істейді. Австриялық компания біздің облыста бағдарланған тақталар шығаратын дәл осындай кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Өңір басшысы инвестормен әлеуеті зор жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелерді талқылады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.