Қызылжар өңірі – төрт түлік өсіруге қолайлы өлке. Ал мыңғыртып мал өсіру үшін түліктің саулығы аса маңызды. Осы ретте Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ветеринарларға арналған семинар ұйымдастырылды. Жиынға қала мен аудандардан 40-қа жуық мал дәрігері келді. Басқосуда ірі қара малды ультрадыбыстық зерттеуден қалай өткізу керек екені айтылды.
Ветеринарлар ірі қара малды ультрадыбыстық зерттеуден өткізе отырып, олардың денсаулығы мен буаздығын анықтай алады. Жиынға осы салада көп жылдық тәжірибесі бар қостанайлық мамандар қатысты. Олардың сөзінше, әр ауылдық округте Зеңгі баба төлін тексеретін кемінде бір заманауи қондырғы болуы тиіс.
– Ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын мал дәрігерлері көп қолданбайды. Бұл құрылғылардың ең арзаны 2 , қымбаты 16 млн. теңге тұрады. Бұл аппаратты дұрыс қолдана білу қажет, – деді “КазВетСнаб” ЖШС-ның директоры Ольга Кузьменко.
Семинар соңында мамандар осы сияқты басқосулардан естіген мәліметтер жұмыс барысын жеңілдететінін жеткізді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.