Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “ЭЛГАР АВЕНЮ, 42” комедиясының премьерасы өтті. Режиссері – есімі петропавлдық өнерсүйер қауымға жақсы таныс Асылхан Разиев. Ал басты рөлдерді Нұрбол Асқаров, Сапыш Жолтабарова, Дүйсехан Қасым, Ақнұр Исекова, Әділжан Кәрімов, Рүстем Арменұлы, Әлинұр Мәмбетқұл сомдады.
Қызылжарлық көрерменге жол тартқан спектакльдің авторы – театр әлемінде өте танымал ағылшын драматургы Рэй Куни. Оның шығармалары көп жерде сахналанып жүр.
– Бұл туындының негізгі атауы “Күлкілі ақша” болғанымен, біз оны “ЭЛГАР АВЕНЮ, 42” деп өзгерттік. Қойылымнан ешқандай философиялық мән іздеудің қажеті жоқ. Бұл туындыны көрермендердің көңілін көтеру үшін және актерлердің шеберлігін арттыру мақсатында таңдадым. Әріптестеріммен екі ай көлемінде дайындалдық. Көрерменнің көңілінен шығады деген үміттемін, – дейді Асылхан Разиев.
Сюжет желісі бойынша қарапайым британ есепшісі Генри Перкинс туған күнінде жұмыстан қайтып келе жатып, абайсызда метрода өзінің емес, біреудің дипломатын алып кетеді. Ол сөмкеде тура 1 миллион 750 мың фунт стерлинг ақша бар. Күнделікті өмірінен жалыққан қарапайым есепші үшін бұл – өмірін өзгертуге таптырмас мүмкіндік. Үйде әйелі Джейн туған күніне тосын сый дайындап жатыр. Ал оған отбасылық достары Бетти мен Виктор де шақырылған. Үйге ақша толы сөмкемен келген Генри бірден ұшаққа билеттер сатып алады. Бірақ үйге детектив келеді де, жағдай күрделеніп, шытырман оқиға басталады. Тосыннан пайда болған ақша бас-аяғы бірер сағаттың ішінде комедия кейіпкерлерінің басын айналдырып, шырғалаңға салады. Көп ақшаны көргенде адам баласының мінез-құлқы мен іс-әрекеті қас қағым сәтте өзгеріп, жынша құбылып шыға келеріне көрермен қауым куә болды. “Бүкіл арманым орындалмақ”, – деген Генридің басынан өткен жайтты театр әртістері көрермен қауымға әзіл арқылы жеткізді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.