Бұрын автокөлік тарихын тексеру қызметі электрондық үкімет порталында қолжетімді болатын. Енді “eGov Mobile” мобильді қосымшасының пайдаланушылары көлік құралының тарихы туралы ақпаратты смартфондарынан бірнеше қадам арқылы тікелей ала алады. Бұл ақпарат алу процесін айтарлықтай жылдамдатып, автокөлік сатып алу кезіндегі тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.
Сервис көлік құралының Қазақстан аумағында алғашқы тіркелген күні, кепіл немесе ауыртпалықтың болуы, сондай-ақ алдыңғы иелерінің жалпы саны сияқты көлік құралы туралы толық ақпаратты тексеруге мүмкіндік береді. Бұл ретте алдыңғы иелердің жеке деректері құпия болып қалады.
Қызметті пайдалану үшін қосымшада автокөліктің мемлекеттік нөмірі мен техникалық паспорт нөмірін енгізу жеткілікті. Осыдан кейін пайдаланушыға көліктің толық мәліметтері, соның ішінде: маркасы, шығарылған жылы, қозғалтқышының көлемі, шанақтың түсі және қосымша жабдықтардың болуы ұсынылады.
Жайнагүл СЕЙДАХМЕТОВА,
“Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ қоғаммен байланыс басқармасының қызметкері.