Облыста соңғы он жылда “Серпін” бағдарламасымен 1,4 мыңға жуық жас жоғары білім алған. Алайда түлектердің 48 пайызы ғана Қызылжар өңірінде тұрақтап қалған. Бұл туралы “Әділдік және өркендеу” қоғамдық қоры филиалының ұйымдастыруымен “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” – “Серпін – 2050” мемлекеттік бағдарламасымен білім алғандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне қатысты өткен жиында айтылды.
Биыл бұл бағдарламаның іске қосылғанына 10 жыл толып отыр. Осы уақыт бедерінде сұранысқа ие педагогикалық, техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтарын меңгерту үшін Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау облыстарының жастарына мемлекеттік білім гранттары берілген.
Жоба еліміздің еңбек тапшылығы бар өңірлеріндегі кадрлық әлеуетті толықтыруға, түлектерді Солтүстік Қазақстан облысына жұмысқа тартып, осы жақта қалдыруға негізделген.
2014 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта “Серпін” бағдарламасы бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін 1373 жас бітірген. Алайда өңірде олардың тек шамамен 600-ден астамы ғана қалып, жұмысқа орналасқан.
“Бағдарлама бойынша білім алғандардың денін баспана мәселесі қинайды. Әкімдік немесе университет тарапынан үй берілсе Қызылжарда қалып, жұмыс істейтіндердің саны ұлғаяр еді. Статистикаға қарайтын болсақ, теріскейде жүз адамның тек жартысына жуығы ғана қалған. Өңірге келушілердің қатары көп болғанымен, қалушылардың саны шамалы. Түлектерді осы өңірде қалдыру мәселесіне басымдық берілсе нұр үстіне нұр болар еді”, – дейді осы бағдарламамен білім алып жатқан студент Диас Ізбасар.
Ол тұратын баспана мен жұмыс мәселесі шешілсе еліміздің халық көп шоғырланған өңірлерінен Қызылжарға қоныс аударатындардың саны көбейетініне сенімді. Көшіп келіп, субсидия алғандарды заң аясында қадағалау да маңызды. Олардың қаражатты қалталарына басып, кетіп қалуларына жол берілмеуі қажет.
Биыл мемлекеттік бағдарламамен жоғары оқу орнын 71 түлек аяқтаған. Олардың 33-іне бос жұмыс орны ұсынылған. Алайда 10-ы ғана жұмысқа орналасқан. 36 түлек магистратураға түсуіне және екеуі декреттік демалысқа шығуына байланысты босатылған.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті өкілдерінің айтуынша, түлектердің қайтып кетуінің бірнеше себебі бар. Олар: қолжетімді баспананың жоқтығы, төмен еңбекақы, жақын туыстарының болмауы, қолайсыз ауа райы және орыс тілін жетік білмеу.
Университетте бүгінде “Халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердегі жастарға арналған гранттар” квотасы бойынша 25, “Үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары” квотасы бойынша 23 студент білім алуда.
Жалпы қазір “Серпін” бағдарламасы бойынша жергілікті жоғары оқу орнында 204 студент бар, олардың 68-і 4 курста оқиды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.