«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШТЫҢ АҚСҰҢҚАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл қазақтың ардақты ақыны, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаған асыл тұлға Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толды. Көзі тірісінде Алаштың ақсұңқары атанған қаламгер Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Ортау ауылында дүниеге келген. Сәкен Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер ақын ретінде танылды. Оның “Асау тұлпар” өлеңдер жинағы, “Бақыт жолына”, “Қызыл сұңқарлар” атты пьесалары, “Домбыра”, “Экспресс”, “Тұрмыс толқынында” атты поэтикалық кітаптары жарық көрген.

Қаламгер “Тар жол, тайғақ кешу” романында өзінің арғы-бергі аталары жөнінде былай деп жазады: “Арғын деген елдің ең көп, көп болған соң ең мықты, ең күшті атасы Алтай болады. Алтай – он екі болыс ел. Алтайдан соңғы көбі болған соң, одан соңғы мықтысы Қарпық деген атасы болады. Қарпық – тоғыз болыс ел. Менің түбім сол Арғынның Қарпығы болады”.

Сәкен – ақын, жазушы ре­тінде әдебиеттің барлық жанрына қалам тартып қана қоймай, қазақ әдебиетінің тарихын да түген­деу­ге атсалысқан тұлға. Оның үсті­не күнделікті тез ойлап, тез тұ­жырым жасап, жедел жазуды та­лап ететін мерзімді басылымдардан “ат-тонын ала қашпай”, қайта тығыз байланыста болуы қазаққа қалтқысыз қызмет етудің үлгісі еді. Тарихы те­рең қазақ ұлты “қырғыз” деп аталып жүр­генде “Қазақты қазақ дейік, қа­­те­ні түзетейік” деп жарияға жар сал­ған намысты ұлдың батыл қадамын ХХ ғасырдың басын­да­ғы қай қазақ қайталай алды?

Қазақтың өз қолы өз аузына жеткен ел болуын армандап, сол жолда басын бәйгеге тіге жүріп қызмет еткен қаламгердің өмірін зерттегендер аз емес. Солардың бірі – заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. “Сәкен еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкаппарлығы”, – дейді. Ал жазушы Ғабиден Мұстафин Сәкен Сейфуллиннің асқақ тұлғасын: “Есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір ойлы көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі көз алдыма келеді. Қадала қарағанда сыртыңды түгіл, ішіңді көріп тұрғандай. Ал оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші өте қарапайым, кішіпейіл еді”, – деп асқақтата бағалайды.

Сәкен ақын ғұмыр кешкен заманның зиялы қауымын: “Қайтсек қазақты дамыған, озық ел қыламыз? Қазақ жастарының білім-ғылымға деген ұмтылысын қалай оятамыз?”, – деген сауалдар алаңдатты. Бірде Омбы мешітінің сол кездегі бас имамы Шәймерден Әлжанов қазақ жастарының басын қосып, мәдени-ағарту ұйымын құру, өнерін, әдебиетін таныстыру, насихаттау арқылы жалпы Алаш жұртының ұлттық сана-сезімін ояту қажет деген бастама көтерді. Өнегелі істің өрісін кеңейтуге ықылас білдіргендер аз болған жоқ. Нығымет Нұрманов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұсылманбек Сейітов, Ахмет Баржақсин, Мұхтар Саматов сияқты оқушылар бұл игі бастаманы бірден қолдай кеткен. Осы мұратқа жету үшін ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оларды бастырып шығару, талантты жастардың шығармашылығын дамытуда қолғабыс көрсету, ауыл мектептерін оқулықтармен қамтамасыз ету, қаражатқа мұқтаж оқушыларға көмек беруді қолға алу, Омбы қаласы мен оның төңірегіндегі жұртшылыққа арнап ойын-сауық кештерін өткізу болашақ ұйымның негізгі мақсатына айналсын деген ұйғарым жасалған. Арада көп уақыт өтпей жаңа бірлестіктің бағдарламасын жасау қажеттігі туындады.

Ұйымды қалай атаймыз деген мәселе көтерілгенде Сәкен, Мағжан, Нығымет үшеуі тұжырым-пайымдарын ортаға салып, ой бөліскендігі Мұхтар Әуезовтің естеліктерінде кеңінен көрініс табады. Жаңа құрылымды кейбіреулер “Игілік”, “Жастар қауымы”, “Көтеріл”, “Талап” деп атайық деген тұжырым жасапты. Мағжан Жұмабаев болса: “Жоқ, оны “Айна” деген дұрыс болады, бұл халықтың жан дүниесін көрсететін шарайна болсын”, – деген ой айтқан. Ал Сәкен Сейфуллин: “Бірлік” дейік, халық “Бірлік барда тірлік бар” деген ғой”, – деп пікір білдірген. Ақыры көпшіліктің дауысы ескеріліп, қауымдастықтың аты “Бірлік” делінеді. Ұйымның төрағасы болып Шәймерден Әлжанов, орынбасары болып Сәкен Сейфуллин тағайындалған.

Сәкен Сейфуллиннің шығармалары таңғы шықтай мөлдірлігімен, тазалығымен ерекшеленеді. “Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын, ашық. Тұтас бітімді, жоталы тұлғадан туатын көрнекті, бүтіндігі бір сезімдер. Белгілі шығармаларынан өлеңін, әңгімесін, поэмасын алсақ – барлығында да сүюі мен ашуы, ырзалығы мен наразылығы, үміті мен күдігі әрқашан барынша шын сезімнің толқыны білінеді”, – дейді Мұхтар Әуезов.

Сәкен ақынның жастайынан өлеңге әуес болғанын замандастары жақсы білген. “Бірліктің” кезекті отырысында осы мәселе сөз болған. Мұхтар Әуезовтің жазуы бойынша, бірде Сәкен Сейфуллин бас имам әрі ұйым жетекшісі Шәймерден молданың үйіне барса, Үркіт мешітінің имамы Баязит Қазанға жол жүрейін деп жатыр екен. Оған Сәкеннің кітабын баспаға тапсыру міндеті жүктелген. Өйткені ұйым отырысында қаламгердің “Өткен күндер” деген жинағы туралы пікір айтылып, оның жеке кітап болып, жарық көруі мақұлданған. Осылайша 1914 жылы Қазанда ағайынды Каримовтардың баспаханасында Сәкеннің “Өткен күндер” деген атпен өлеңдер жинағы басылып шығады. Ақынның бірқатар өлеңдері мен мақалалары “Айқап” журналында, “Тіршілік” газетінде, тағы басқа күнделікті баспасөз беттерінде жарияланып тұрған. 1922 жылы Орынбор қаласында “Асау тұлпар” атты жыр жинағы жарық көрді.

“Өткен күндер” атты жинақтағы шығармаларының идеялық мазмұны Сәкен Сейфуллиннің бұл кезде, негізінен ағартушы-демократтық бағытта болғанын танытады. Ақын ол кезде революционер емес еді. Оның шығармалары халықтың басындағы қараңғылықты көрсетумен бірге, оларды оқу-білімге, өнер үйренуге, мәдениетке талпынуға шақыру түрінде өріледі. Сәкен ақын қазақтың ескі, жай-барақат, әрекетсіз өміріне өнер мен ғылымды қарсы қояды. Бұл идея ақынның “Қазақ сабағы”, “Інішегіме”, “Надан бай”, “Оқымаған қазақ” сияқты өлеңдерінде ерекше көрініс тапқан.

Қазақтың біртуары – Сәкен Сейфуллин тірісінде-ақ халық арасында “Сәкен сері” атанды. Оған дәлел Сырбай ақынның мына бір өлеңі:

“Өлімге жан екенсің қия алмайтын,

Өлеңнің құшағына сыя алмайтын.

Қазақты көргің келсе, міне, осы деп

Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын”.

Алла бойына сезім мен сұлулықты қосып берген ақын шығармашылығы да тұнып тұрған махаббат пен көркемдік. Ақынның сұлу жанынан өріліп ғажайып туындылар өмірге келді. Азаматтық соғыстың да ащы дәмін татып, бала оқытуды да меңгерген ірі ұстаз, өмірінің соңғы кезіне дейін құдіретті ақындық өнердің жүректе жатқан шырағын сөндірген жоқ. Ақынның шығармашылық жолына тереңірек үңілсек, оның “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, “Жыл құсы” альманағы, “Жаңа әдебиет” журналының басшысы қызметтерін атқарғанын аңғарамыз. Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, “Әдебиет майданы” журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры болған жылдары ақынның ұлтын жаңа өмір жолында күреске шақырған “Асау тұлпар” өлеңдер жинағы, “Бақыт жолына”, “Қызыл сұңқарлар” атты пьесалары, “Домбыра”, “Экспресс”, “Тұрмыс толқынында” атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнына түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.

С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. “Жұбату” әңгімесі – Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық шығармасы. “Жемістер”, “Біздің тұрмыс”, “Сол жылдарда” туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін “Тар жол, тайғақ, кешу” атты тарихи-мемуарлық романында жан-жақты әрі шынайы көрсетеді. Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес мұра саналады. Асыл тұлға көзі тірісінде қазақтың ескі әдебиет нұсқаларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен “Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары”, “Батырлар жыры”, “Ақан сері – Ақтоқты”, “Ләйлі – Мәжнүннің” қазақша аудармасы жарық көрді. “Қазақ әдебиеті” кітабы – осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға көп күш салды, сол тұста әдебиетке келген қаламгерлер М.Қаратаев., Қ,Бекхожин, Ж.Саин, тағы басқалары С.Сейфуллиннің көмегіне сүйенген. С.Сейфуллин олардың алғашқы кітаптарын бастыруға көмектесіп, алғысөздерін жазған. Жазушының шығармалары бірнеше рет шет тілдеріне аударылған. Ол 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталған.

Қаламгер шығармашылығына арнап қалам тербемеген жазушы жоқ десек артық айтқандық емес. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармалары туралы С.Мұқановтың “Сәкен Сейфуллин” пьесасы, Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне” повесі, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Қ.Бекхожин, тағы басқалардың поэмалары, Смайылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев, тағы басқа ғалымдардың әдеби зерттеулері, естеліктері жарық көрген.

1937-1938 жылдарда қара дауылдай соғып тұрған сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді, ең саналы зиялыларын баудай түсірді: дәл осы кезде де өз басына қатер төніп тұрғанына қарамастан, азаматтық келбетін жоғалтпай, адал бағытынан таймағандардың бірі – Сәкен. Орынсыз айып тағылып, өлім жазасына кесіліп, жалған жаланың құрбаны болып кете барды.

Бойына бар өнерді тоғыстырған Сәкеннің өмірі – бүгінге үлгі, оның сұлу болмысындай асқақ та, нәзік жырлары ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала бермек.

Жазира КӨКБАС,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының аға оқытушысы, “Абайтану” ғылыми-әдістемелік орталығының ғылыми қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp