Өңірдегі өндірістің ең елеулі салаларының бірі – жиһаз шығару. Талғам мен талаптың өзгеруі, құрылыстың қарқын алуы тұрғын үйлер мен кеңселерге қажет жиһазға деген сұраныстың артуына әкелді. Бүгінде тұтынушылар жиһаздың қолайлылығына ғана емес дизайны мен сапасына, жасалған материалы мен технологиясына да мән береді. Сондықтан жиһаз шығарушылар үнемі өндіріс жұмысын жетілдіріп келеді. Соның арқасында былтыр елімізде 82 млрд. теңгенің жиһазы құрастырылған. Өңірлер арасында Қызылжар оныншы сатыда тұр. Бір жылда мұнда құны 3,2 млрд. теңге болатын өнім шығарылған.
Сұраныс бар болған соң аталған салада бәсекелестік те жоғары. Бизнес әлеміне жиһаз құрастыру арқылы келіп жатқан жастар да аз емес. Бұрыннан елге таныс кәсіпорындар да бар. Бәсекелестікке төтеп беріп, нарықтағы алдыңғы қатардағы орнын босатпай келе жатқан кәсіпорындардың бірі – “МебельВам” компаниясы. Компанияның корпустық жиһаз жасаумен айналысып келе жатқанына он жылдан асып барады. Жуырда өндіріс көлемін кеңейту мақсатында кәсіпорынның жаңа цехы ашылған.
– Алғашында жеке тұтынушыларға арналған жабдықтарды жобалауды қолға алдық. Тұрғын үйлерге арналған шкафтар мен асүй жиһазын шығардық. Кейін түрлі ұйымдар, әлеуметтік маңызы бар нысандармен жұмыс істей бастадық. Бүгінде банк, мектеп, ауруханаларды да жиһазбен жабдықтаймыз. Алғашында өндіріс орнының көлемі 100 шаршы метрден де кішкентай болды. Жылдан-жылға кәсібіміз алға басып, өндіріс те өркендей түсті. Соған сай жаңа, кең ғимарат қажет болды. Биыл күзде жаңа өндіріс алаңының құрылысын аяқтап, іске қостық. Бүгінде кәсіпорынның жалпы ауданы 4 мың шаршы метрден асады, – дейді кәсіпкер Айдар Қожантаев.
Компанияның жаңадан ашылған кең цехында жұмыс қызу. Айнала қойылған заманауи станоктардың гүрілі құлақ тұндырады. Қондырғылар бір тынбай ағаш кесіп, жонып жатқанына қарамастан залдың іші таза әрі жинақы. Жерде ретсіз жатқан бір ағаш тілімі жоқ. Жұмысшылар ағаш паннельді алып арнайы үстелге апарып қояды. Қалған істі белгіленген жоба бойынша техниканың өзі аяқтайды. Кейін оны өзгелер құрастырып, тұтқасы мен аяқтарын тағып, қажет болса жарығына дейін орнатып, тұтынушыға жөнелтеді.
– Жаңа цехта корпустық жиһаз шығарамыз. Онымен қоса металл өңдеу, жиһаз қасбеттерін дайындайтын цехтарымыз бар. Осылайша өндірістің толық циклы жұмыс істеп тұр. Шикізаттың басым бөлігі көрші мемлекеттен әкелінеді. Оның да сапасына ерекше мән береміз. Фурнитураны сенімді еуропалық өндірушілерден алдырамыз. Кей кезде Қытайдан да тауар әкелеміз. Бүгінде кәсіпорында 30-дан астам маман еңбек етуде. Ұжымға қосылғысы келетін дизайнерлер болса, қуана қарсы аламыз. Алдағы уақытта өндіріс ауқымын арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Айдар Қожантаев.
“МебельВам” компаниясының қала орталығында тұтынушыларға қызмет көрсететін жиһаз салоны бар. Жуырда ғана клиенттермен жұмыс істейтін тағы бір кеңсе ашылған. Келушілер өзіне керек жиһаздың дизайны мен жобасын ақылдасып, тапсырыс бере алады. Мамандар жобаның құнын есептеп, материал таңдауға көмектеседі. Кейін қажетті өлшемдер жасалады. Одан әрі тапсырыс технолог мамандардың алдына келеді. Олар жиһаздың жобасын толық ойластырады. Дайын жоба цехқа жіберіліп, заманауи станоктарда дайындалып, тапсырыс берушіге жеткізіледі. Жиһаз жасаушылар өндірістің әр кезеңіне жауапкершілікпен қарап, бәрін уақытында сапалы дайындап шығаруға тырысады. Сондықтан да өз шаңырағына асүй жиһаздары, киім ілгіштер, шкафтар мен үстелдерді осы жерден алғысы келетіндер көп. Заманауи технология, сапалы қызмет көрсету мен тәжірибелі мамандардың арқасында компания нарықта өзгелерден озық тұр.
Шағын ғана цехтың көпке танымал ірі компанияға айналуы үшін мемлекеттік қолдаудың да септігі мол болды. Кепілдендіру мен жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында қажетті қаражат табылып, кәсіп көлемі ұлғайып келеді.
– Өңдеу өнеркәсібі болғандықтан арнайы бағдарламалар аясында аз пайызбен қаржы алуға мүмкіндік бар. Айналымдағы қаржыны көбейтуге, жаңа станоктар алуға несие рәсімдедік. Бұл кәсіпті дамытып, биік белестерді бағындыруға мүмкіндік бар. “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялап, бір бөлігін кепілдендірді. Нарықта 13 жылдай жұмыс істесек, соның 10 жылында мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп келеміз, – дейді кәсіпкер.
Компания тек тұрғын үйлерге ғана емес, әлеуметтік нысандарға да жиһаз жасайды. Отандық өндіруші мемлекеттік тапсырыс аясында өзге өңірлерге де қызмет көрсетіп, ғимараттарды жиһазбен жабдықтайды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.