«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘНДІ ӘРІ САПАЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдегі өндірістің ең елеулі салаларының бірі – жиһаз шығару. Талғам мен талаптың өзгеруі, құрылыстың қарқын алуы тұрғын үйлер мен кеңселерге қажет жиһазға деген сұраныстың артуына әкелді. Бүгінде тұтынушылар жиһаздың қолайлылығына ғана емес дизайны мен сапасына, жасалған материалы мен технологиясына да мән береді. Сондықтан жиһаз шығарушылар үнемі өндіріс жұмысын жетілдіріп келеді. Соның арқасында былтыр елімізде 82 млрд. теңгенің жиһазы құрастырылған. Өңірлер арасында Қызылжар оныншы сатыда тұр. Бір жылда мұнда құны 3,2 млрд. теңге болатын өнім шығарылған.

Сұраныс бар болған соң аталған салада бәсекелестік те жоғары. Бизнес әлеміне жиһаз құ­рас­тыру арқылы келіп жатқан жастар да аз емес. Бұрыннан елге таныс кәсіпорындар да бар. Бәсекелестікке төтеп беріп, на­рықтағы алдыңғы қатардағы ор­нын босатпай келе жатқан кәсіп­орындардың бірі – “МебельВам” компаниясы. Компанияның кор­пустық жиһаз жасаумен айналы­сып келе жатқанына он жылдан асып барады. Жуырда өндіріс кө­лемін кеңейту мақсатында кәсіп­орынның жаңа цехы ашылған.

– Алғашында жеке тұтыну­шыларға арналған жабдықтарды жобалауды қолға алдық. Тұрғын үйлерге арналған шкафтар мен асүй жиһазын шығардық. Кейін түрлі ұйымдар, әлеуметтік ма­ңызы бар нысандармен жұмыс істей бастадық. Бүгінде банк, мек­теп, ауруханаларды да жи­һаз­бен жабдықтаймыз. Алғашында өндіріс орнының көлемі 100 шар­шы метрден де кішкентай болды. Жылдан-жылға кәсібіміз алға басып, өндіріс те өркендей түсті. Соған сай жаңа, кең ғи­ма­рат қажет болды. Биыл күзде жаңа өндіріс алаңы­ның құрылысын аяқтап, іске қос­тық. Бүгінде кә­сіп­орынның жал­пы ауданы 4 мың шаршы метр­ден асады, – дейді кәсіпкер Ай­дар Қожантаев.

Компанияның жаңадан ашыл­­ған кең цехында жұмыс қызу. Айнала қойылған заманауи станоктардың гүрілі құлақ тұнды­рады. Қондырғылар бір тынбай ағаш кесіп, жонып жатқанына қарамастан залдың іші таза әрі жинақы. Жерде ретсіз жатқан бір ағаш тілімі жоқ. Жұмысшылар ағаш паннельді алып арнайы үстелге апарып қояды. Қалған істі белгіленген жоба бойынша техниканың өзі аяқтайды. Кейін оны өзгелер құрастырып, тұтқа­сы мен аяқтарын тағып, қажет болса жарығына дейін орнатып, тұтынушыға жөнелтеді.

– Жаңа цехта корпустық жи­һаз шығарамыз. Онымен қоса металл өңдеу, жиһаз қасбеттерін дайындайтын цехтарымыз бар. Осылайша өндірістің толық циклы жұмыс істеп тұр. Шикізат­тың басым бөлігі көрші мемле­кеттен әкелінеді. Оның да сапа­сына ерекше мән береміз. Фур­нитураны сенімді еуропалық өндірушілерден алдырамыз. Кей кезде Қытайдан да тауар әке­леміз. Бүгінде кәсіпорында 30-дан астам маман еңбек етуде. Ұжымға қосылғысы келетін ди­зай­нерлер болса, қуана қарсы ала­мыз. Алдағы уақытта өндіріс ауқымын арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Айдар Қожан­таев.

“МебельВам” компания­сы­ның қала орталығында тұтыну­шыларға қызмет көрсететін жиһаз салоны бар. Жуырда ғана клиенттермен жұмыс істейтін тағы бір кеңсе ашылған. Келуші­лер өзіне керек жиһаздың дизайны мен жобасын ақылдасып, тапсырыс бере алады. Маман­дар жобаның құнын есептеп, ма­териал таңдауға көмектеседі. Кейін қажетті өлшемдер жасала­ды. Одан әрі тапсырыс технолог мамандардың алдына келеді. Олар жиһаздың жобасын толық ойластырады. Дайын жоба цехқа жіберіліп, заманауи станоктарда дайындалып, тап­сырыс беруші­ге жеткізіледі. Жиһаз жасаушы­лар өндірістің әр кезеңіне жауап­кершілікпен қарап, бәрін уақы­тын­да сапалы дайындап шыға­ру­ға тырысады. Сондықтан да өз шаңырағына асүй жиһаздары, киім ілгіштер, шкафтар мен үс­тел­дерді осы жерден алғысы ке­ле­тіндер көп. Заманауи техно­логия, сапалы қызмет көрсету мен тәжірибелі мамандардың ар­қасында компания нарықта өз­гелерден озық тұр.

Шағын ғана цехтың көпке танымал ірі компанияға айна­луы үшін мемлекеттік қолдаудың да септігі мол болды. Кепілденді­ру мен жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында қажетті қаражат табылып, кәсіп көлемі ұлғайып келеді.

– Өңдеу өнеркәсі­бі болған­дық­тан арнайы бағдар­ламалар аясында аз пайызбен қаржы алу­ға мүмкіндік бар. Ай­налымдағы қаржыны көбейтуге, жаңа ста­нок­тар алуға несие рәсімдедік. Бұл кәсіпті дамытып, биік белес­терді бағындыруға мүм­кіндік бар. “Даму” кәсіпкер­лікті қолдау қоры несиенің пайыздық мөлшер­ле­месін субси­диялап, бір бө­лігін кепілдендірді. Нарықта 13 жылдай жұмыс істе­сек, соның 10 жылында мемле­кеттік қолдау­дың игілігін көріп келеміз, – дейді кәсіпкер.

Компания тек тұрғын үйлерге ғана емес, әлеуметтік нысан­дарға да жиһаз жасайды. Отан­дық өндіруші мемлекеттік тапсы­рыс аясында өзге өңір­лерге де қызмет көрсетіп, ғи­мараттарды жиһазбен жабдық­тайды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp