Облыс орталығының Серік Әбдікерімов есімді тұрғыны редакцияға жолдаған сауалында былай дейді: “Келесі жылдан бастап Қазақстанда айыппұл мөлшерінің өсетіні әрқилы пікірталас тудырып жатқаны жасырын емес. Бұл шара адамдарға қаржылық ауыртпалық түсірмей ме? Осыны білгім келеді”.
Сұрақ иесіне облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжанов жауап берді.
“Қазір елімізде бір айлық есептік көрсеткіш 3692 теңгені құрайды. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасына сәйкес, 1 қаңтардан бастап АЕК 3932 теңге болады. Бұл тек әлеуметтік төлемдердің ғана емес, сонымен қатар барлық айыппұлдардың ұлғаюына да әсер етеді. Экономистер бұл өсімді инфляция жағдайында табысты қолдау үшін жүргізілетін жалпы индексацияның бірі деп есептейді.
2025 жылы көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелеріне енгізілген өзгерістермен бірге айыппұлдардың өзгерісі де күтіп тұр. Мәселен, қазіргі уақытта көлік жылдамдығы сағатына 10 шақырымнан 20 шақырымға дейін асса, жүргізушінің 18400 теңге (5 АЕК мөлшерінде) айыппұл төлеуіне тура келсе, жаңа жылдан бастап оның мөлшері 19660 теңгеге тең.
Бұл қауіпсіздік белдігін тақпағандарға, шлем кимегендерге, сондай-ақ тоқтау ережесін бұзғандарға да қатысты.
Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткендер қазір 36920 теңге (10 АЕК) айыппұл арқаласа, келер жылы 39320 теңгені санап беруге мәжбүр. Көлік жылдамдығы сағатына 20 шақырымнан 40 шақырымға дейін арттырылса, “темір тұлпары” мүгедектерге арналған арнайы орынға қойылса, не белгіленген жолақ арқылы жаяу жүргіншіні өткізбесе, дәл осындай жаза қолданылады.
Егер жүргізуші куәлігінен айырыла тұра көлік тізгіндеп ұсталған немесе апат болған жерден қашып кеткен жүргізуші енді 184600 теңгенің орнына 196600 теңге беруіне тура келеді.
Президент жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты екі заңға қол қойды, олардың бірі – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер. Жылдамдықты сағатына 60 шақырым және одан да жоғары шамада асырғаны үшін айыппұл 147000 теңгеден 157000 теңгеге дейін өседі. Бұл құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 60 АЕК-ке дейін ұлғаяды. 2024 жылы 221,5 мың теңге болса, 2025 жылы 235,9 мың теңгені құрайды.
Бұл шаралар жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтуге, жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған”, – делінген жауапта.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstik Qazaqstan”.