Облыстық мәслихаттың 19-шы сессиясы өтіп, онда өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің есебі тыңдалды. Облыс әкімі өз сөзін көктемгі су тасқынының салдарын жою бойынша атқарылған жұмыстардан бастады. Табиғи апат кезінде өңірде 4 мыңға жуық үй су астында қалған. Мемлекет басшысы облысымызға сапары барысында табиғи апаттармен күреске атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірген еді.
– Бәріңіз білетіндей қаланы сумен қамтып тұрған су стансасына зақым келді. Біз тез арада Пестрое көліне қалқымалы су сорғысын орнаттық. Бір түн ішінде құбыр тартып, аз уақытта облыс орталығына су беріле бастады. Бүгінде Үкіметтің қолдауымен сорғы стансасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Онда жаңа қондырғылар қойылып, жер асты кабелі тартылады. Жалпы қала мен Қызылжар ауданында 8 бөгет нығайтылып, биіктетілді. 1,5 млн. тонна инертті материалдың көмегімен бөгеттердің биіктігі 7 метрге жетті. Өңірдегі тасқыннан қорғайтын бөгеттер мен үйінділердің ұзындығы 130 километр, – деді өңір басшысы.
Биыл орын алған қиындықтарға қарамастан ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, инвестиция тарту сияқты негізгі салаларда өсім бар.
Шаруалар еңбегінің жемісі
Өңір диқандары соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Астықты өңірлер көрсеткіші бойынша Қызылжар екінші орында тұр. Шаруаларға дала жұмыстарына 55, астық кептіруге 20 мың тонна жеңілдетілген дизельді отын бөлінген. Диқандар 2 мың жаңа техника сатып алған. Тауарлы-сүт фермаларын салуға бюджеттен 17 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде 19 ферманың 11-і іске қосылды. Бұл 70 мың тонна сүт өндіріп, 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Сырттан келетін құс етін азайту үшін 2 жаңа құс фабрикасы іске қосылған. Облыс орталығында салынып жатқан тағы бір фабрика қажеттілікті толығымен өтейтін болады.
Өңір басшысы өз баяндамасында “Зенченко және К” командиттік серіктестігі жылдық қуаттылығы 13 мың тонна болатын майлы дақылдарды өңдеу цехын салып жатқанын айтты. Бүгінде жұмыс істеп тұрған сүт зауытының ауқымы бір жарым есеге кеңейтілмек. Сонымен қатар салынып жатқан 8 мың ірі қараға арналған ферма Орта Азиядағы ең үлкен кешен болмақ. “Евразиан милк” серіктестігі қоюлатылған сүт, “Мемолюкс” серіктестігі құрамажем шығаратын өндіріс орындарын ашуға ниетті.
Өңір өнеркәсібінің 80 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Салада құны 755 млрд. теңге болатын 46 жоба жүзеге асып жатыр. Облыс әкімінің сөзінше, аталған жобалар сәтті іске қосылса 7 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Түрік инвесторы облыс орталығында ағашты терең өңдейтін кәсіпорын ашқан. Бұл сырттан келетін өнім үлесін 13 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақта өзге де кәсіпорындар ашу арқылы, ағаш өңдеу кластерін құру жоспарда бар. Өз сөзінде Ғауез Торсанұлы биыл ашылған 4 буынды ірі жылыжай кешенін де атап өтті. Өңірде майлы дақылдарды өңдеу, кондитерлік өнімдер шығару, саңырауқұлақ өсіру бойынша жүзеге асып жатқан жобалар да бар.
– Халықты баспанамен қамту – жұмыстың басым бағыттарының бірі. Бүгінде облыс орталығында 32 көппәтерлі үйдің құрылысы жүріп жатыр. “Копай” шағынауданындағы жаңғырту жұмыстары қарқынды. Мұнда заманауи жаңа аудан пайда болады. 605 пәтерлік 7 үйдің құрылысы басталды. Жалпы “Копайда” жаңа 27 көппәтерлі үй салынып, онда 3800 отбасы тұратын болады. Тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар да салынады. Сонымен қатар облыс орталығында әлеуметтік осал топтағы отбасыларға пәтер алу үшін 5,8 млрд. теңге қарастырылған, – деді облыс әкімі.
Балалар игілігіне – жаңа білім ошақтары
Облыс бюджетінің үштен бірі білім беру саласының үлесінде. “Береке” шағынауданында жаңа мектеп-интернат қолданысқа берілді. Ал “Орман” шағынауданында 600 орындық “жайлы мектеп” ашылды. “Бірлік” шағынауданында жаңа балабақша балғындарды қабылдай бастады. Басқа да шағынаудандардағы құрылыс аяқталған соң жалпы саны 600 бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылмақ. Көп жылдан бері жастарды әуреге салып келе жатқан жатақхана тапшылығы мәселесі де біржақты етілді. М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 1200 орындық жаңа жатақханасы өңірдегі ең үлкен жатақханаға айналып отыр. Бұдан бөлек, 126 орындық тағы бір жатақхана пайдалануға берілген.
Ауылдық денсаулық сақтау жобасы аясында өңірде 46 нысан салу жоспарда болса, былтыр соның сегізі аяқталған. Биыл отыз сегіз мекеменің құрылысы аяқталуға жақын. Қалада балаларға арналған 16 оңалту орталығы ашылды. Франциямен серіктестік аясында 16 телемедициналық кешен орнатылды. Бұл ауылдағы ағайынға сапалы көмек беруге жол ашады.
Жөнделген жол – 700 шақырым
Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына қарай халықтың сапалы ауызсуға қолжетімділігін толық қамтамасыз ету туралы жүктеген міндеті бар. 2022 жылмен салыстырғанда биыл сумен жабдықтау нысандарын салуға, жаңғырту мен жөндеуге 2 есе көп қаражат қарастырылған. Жыл соңына дейін халық саны 10 мыңнан асатын 66 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орнату жоспарланған.
Теріскей тұрғындары үшін жылыту маусымына дайындық – басты назардағы мәселелердің бірі. Биыл екінші жыл қатарынан қаланы жылумен қамтуда тек екі мұржа пайдаланылып келеді. Екінші жылу-электр орталығында 11 қазандық пен 7 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Келер жылы жаңа 180 метрлік мұржа қолданысқа беріледі. Жаңғырту жұмыстары аясында 1,5 мың километр электр желілері, 9 километр жылу желісі, 8 километр сумен-жабдықтау желілері ауыстырылған. Ауылдардағы жылу желілерінің тозуын азайту үшін 15 жоба әзірленген.
– Жыл сайын кемі 700 километр жол жөнделеді. Биыл мың километрден астам жол қалыпқа келтірілді. Оның 208-і республикалық, 630-ы жергілікті, 163 километрі ауылішілік жолдар. Біз алдағы 4 жылда қала көшелерін толық асфальттауды жоспарлап отырмыз. Биыл жөнделген 57 көшенің 39-ына бірінші рет асфальт төселді, – деді облыс әкімі.
Бүгінде қызылжарлықтардың 42 пайызы спортпен айналысады. Келер жылы бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу үшін спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Мәдениет саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. Биыл 16 мәдени нысан күрделі жөндеуден өткен. Облыс орталығында “Ботай” галереясы, Креативті индустрия орталығы ашылған.
Өңірдегі туризмді дамыту да басты назардағы мәселелердің бірі. Қызылжардың көркі болған “Имантау-Шалқар” курорттық аймағында бүгінде 3900 адамға шақталған 46 демалыс базасы жұмыс істейді. Оның 9-ы келушілер үшін жыл бойы ашық. Бүгінде жыл бойы жұмыс істейтін 16 демалыс орнын ашу мақсатында инвест-жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар аталған аймақта 4 құтқару пункті салынады. Лобаново ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі жол қалыпқа келтірілген.
Баяндамадан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Кей депутаттар өздері атқарған жұмыстары туралы баяндады.
– Облыстық мәслихаттағы депутаттардың жартысынан көбі ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Біз үшін жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізумен қатар ауылдағы ағайынға қолайлы жағдай жасау да маңызды. Аққайың ауданында 241 ауыл шаруашылығы кәсіпорны бар. Оның 128-ы мал шаруашылығымен айналысады. Жуырда Аралағаш ауылында құны 700 млн. теңге болатын инкубатор іске қосылды. Кәсіпорынның айлық қуаттылығы – 270 мың балапанға дейін жетеді. Осы айдағы алғашқы 40 мың балапан жұмыртқаны жарып шығады деп күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, құс фабрикасын салуға 9 млрд. теңге жұмсалды. Заманауи қондырғылардың арқасында нарыққа сапалы құс етін шығарудамыз, – деді облыстық мәслихат депутаты, “Б-Агро Север” серіктестігінің басшысы Сергей Домаев.
Жиын соңында бірқатар азаматтарға мәслихаттың 30 жылдығына орай марапаттар табысталды. Аудандық, қалалық, облыстық мәслихат депутаттары мен құрметті депутаттар Парламент Сенатының, бірнеше министрліктің және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.