Жыл басынан бері өңіріміздің 716 тұрғыны көпбейінді қалалық ауруханаға қарасты оңалту орталығында ем қабылдады. 344 науқасқа ортопед-дәрігерлер көмек көрсетті. Емдеу мекемесіне жатқызылғандардың 257-сі жарақатына байланысты, 111-і неврологиялық тұрғыдан ем-дом алса, төрт сырқатқа нейрохирургиялық ота жасалған.
Қала тұрғыны Сәуле Мұстафинаның денсаулығы шілде айында сыр беріп, дәрігерлер науқасты ауруханаға жатқызған. Тізесі ауырған тұрғынға дереу түрде ота жасау туралы шешім қабылданды.
– Жазда маған артроскопия жасалды. Бір айдан соң оңалту орталығына келіп, ем-дом қабылдадым. Тіземді бүге алмағандықтан мамандар маған оңалту шараларын қабылдау туралы кеңес берді, – дейді Сәуле Мұстафина.
Науқастар кем дегенде 14 күн бойы ем қабылдауы шарт. Осы уақыт ішінде емделушілер жылыту, электр тоғы, ультрадыбыстық қондырғылардың көмегімен емделеді. Медициналық массаж, дене бұлшықеттерін ширататын арнайы жаттығулар жасалады.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары өңір тұрғындары арасында аяқ-қол буындары ауруына байланысты шағым айтатындар көбеюде.
– Біздің көпбейінді қалалық аурухананың оңалту орталығы 45 жатын орынға шақталған. Науқастарды емдеп жүрген дәрігерлер порталға өтініш қалдырып, сырқаттарды кезекке қояды. Кейін олар ауруханаға жатқызылып, оңалту процедураларынан өтеді. Емделушілердің ем-домы МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылып, қажетті медициналық көмек көрсетіледі, – дейді физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Анжелика Осиян.
Аманжол НҰРТАЗИН,
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы.