Көктемде су тасқыны кезінде зақымданған Петропавлдағы бірінші көтергіш сорғы стансасы қайтадан жаңғыртылды.
“Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жеңіс Сұлтановтың айтуынша, әлі де атқарылар жұмыс аз емес. Желтоқсанның бірінші онкүндігінде бекіту арматурасының агрегаттарын жеткізу жоспарланған.
“Біздің өңірде алғаш рет нығайту жұмыстарына габион қолданылып жатыр. Ол – темірден жасалған тордың ішіне толтырылған тас. Өткен ғасырдың басында италиялық инженердің ойлап тапқан әдісі құрылыста, өзендердің арнасын бекіту үшін жиі қолданылуда. Стратегиялық нысанды қорғайтын бөгеттің биіктігі 4 метр болады. Қазір нығайту жұмыстары жүргізілуде”, – дейді Жеңіс Сұлтанов.
Қазіргі уақытта резервтік жер асты кабельдерін тарту жұмыстары аяқталған. Алдағы күндері 800 кВт дизель генераторы орнатылады. Нәтижесінде бұл заманауи сорғы агрегаттары мен биіктігі 4 метр қорғаныс бөгеті бар мүлдем жаңа сорғы стансасына айналады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.