Облыстық бейнелеу өнері музейінде өткен көрмеде “Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің” студенттері шығармашылық жұмыстарын көпшілікке таныстырды.
“Идеядан – іске асыруға дейін” атты көрмеде әртүрлі техникамен салынған 33 картина қойылды. Оның ішінде екінші курс студенті Мерейлі Абайдың да туындысы бар. Ол бұл суретті салу үшін бір жыл бойы үздіксіз еңбек еткен.
– Картинамда жаз мезгілін, қазақ қыздарын бейнеледім. Қазақ қыздарын салу үшін ұлттық киімдер мен әшекей бұйымдарды зерттедім. Ал артқы пейзажды салу үшін Алматыға барып, тауларды өз көзіммен көріп қайттым, – дейді студент.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.