«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕКТЕПТЕ СПОРТЗАЛ, МЕДПУНКТЕ ҒИМАРАТ ЖОҚ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұл жолы Айыртау ауданындағы Қамсақты ауылдық округіне жол түсті. Округ құрамындағы бірқатар ауылдарды аралап, тұрғындармен тілдестік. Бұл елді мекендерді толғандырып отырған мәселелер аз емес екен. Олардың айтқандарын қойын дәптерімізге түртіп алып, ауылдық округ әкімі Қайсар Махметовпен кездесуге асықтық. Өткен жылы сайланған әкіммен өзінің туып-өскен жерінің бүгінгі тіршілігі, болашағы жайлы сөйлесіп, тұрғындар көтерген мәселелердің анық-қанығын сұрадық.

– Қайсар Қалиұлы, өзіңіз бас-көз болып отырған ауыл­дардың бүгінгі тіршілігі жайлы баяндасаңыз.

– Қазіргі таңда Қамсақты ауыл­дық округінің құрамында алты ауыл бар. Олар – Қамсақты, Бірлестік, Светлый, Құмтөккен, Үкілі Ыбырай, Орлинагорск ауыл­да­ры. Округтегі халық саны – 1584 адам. Жалпы төрт жүзге жа­қын үй бар. Кейбір елді мекен­дерде халық саны азаюда. Ауыл тұрғындарының дені мал шаруа­шы­лығымен айналысады. Ша­ғын серіктестіктер егін егеді. Ор­линагорск ауылында орман ша­руашылығы бар. Ауыл тұрғында­рының кейбірі сонда жұмыс іс­тейді. Қазіргі таңда ауыл тұрғын­дарын толғандыратын басты мә­селе – жол.

Ауызсудан тапшылық жоқ. Алты ауылдың 60 пайызын­да тұрғындардың үйлеріне су құбырлары тартылған. Қазіргі таң­да аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жобалық-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Жоспар бойынша Қам­сақ­ты, Бірлестік, Құмтөккен, Үкілі Ыбырай ауылдарына құбыр тар­тылып, су үйге кіргізіледі. Бүгінде Қамсақтыны ауызсумен қамту үшін екі сорғы қойылды. Қуаты мол­­дауы төтенше жағдай кезінде қосылады. Бірлестік, Құмтөккен, Светлыйда су тазартатын фильтр орнатылды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы осындай құрылғыны Ор­линагорск ауылына да қойды. Тек ол көктемде іске қосылады.

2021 жылы Қамсақты ауы­лын­да “Ауыл – ел бесігі” бағдарла­масы бойынша асфальт, был­тыр Үкілі Ыбырай, биыл Құмтөк­кенде көшелерге қиыршық тас тө­селді. Келесі жылы Орлинагорск ауылында екі жарым шақырым жолға қиыршық тас төсеу үшін жо­балық-сметалық құжатты әзірлеп қойдық. Сонымен қатар Қамсақ­ты ауылындағы Жалтыр көшесі­не асфальт төсеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеп, сарап­тамадан өткіздік. Оған 189 млн. теңге қаражат керек. Егер осын­дай қаражат бөлінсе, бұл көшеге де асфальт төселеді. Жалпы Қам­сақты ауылы – көктемде су басу қаупі зор елді мекен. Биыл да қы­зыл су өте мол болды. Елдің бір­лігінің арқасында ауылды аман алып қалдық. Біз жөндемек бо­лып отырған Жалтыр көшесінде су өткізетін құбырлар бар. Ас­фальт төселген кезде солар жа­ңартылып, диаметрі кең құбыр­лар орнатылмақ.

Бірлестік ауылында мәдени-сауықтыру орталығы салынып жа­тыр. Бұл екі жылға шақталған жоба. Оған үкіметтен 156 млн. теңге ақша бөлінді. Биыл біраз шаруасы тындырылды, құрылыс жұмыстары келесі жылы да жал­ғасады. Бірлестік, Үкілі Ыбырай, Светлый, Құмтөккен ауылдары­на шағын футбол алаңы салын­ды. Енді осындай алаң Қамсақты ауылына қажет. Оны ендігі жылы салуды жоспарлап отырмыз. Мек­тептің маңайына футбол, волей­бол алаңын және “Анаға тағзым” саяжолын салу көзделген. Ендігі жылы саяжолдың қоршауын ор­натып, көшеттер отырғызамыз. Бірақ негізгі жұмысы 2026 жылы қолға алынады.

– Естуімше, Светлый ауы­лы­ның жағдайы мәз емес. Бұл ауылды дамытуға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

– Шынында да, Светлый ауы­лында жағдай сәл қиындау. Жол­дың жайы қинап отыр. Үш жыл­дық бағдарлама бойынша Сау­малкөлден басталған жол Сы­рым­бет, Дәуқара, Светлый ауыл­дарына дейін салынуы тиістұғын. Қазір Дәуқара ауылына дейін са­лынды. Ал Светлыйға дейінгі жол­дың құрылысы келесі жылы жал­ғастырылмақ. Сонымен қатар ауылда тұрақты жұмыс болма­ған­дықтан, тұрғындары үдере кө­шіп, бала саны азайды. Салда­рынан биыл мектебі бастауыш бо­лып қалды.

– Ауылдардың жағдайы сол жерде жұмыс істеп жатқан серіктестіктердің әлеуетіне де байланысты. Ауылдық округ құрамында елді мекендерге дем беретіндей қандай агроқұ­рылымдар бар?

– Округ аумағында ауылдарды дамытуға сүбелі үлес қосып жатыр дейтіндей компания жоқ. Құмтөккен ауылында “Құмтөккен Агро” деген серіктестік бар. Тұр­ғындарға тиесілі пайын береді, ауылдың жігіттері сонда жұмыс істейді. Қамсақтыда екі жылдан бері жұмыс істеп жатқан “GRAIN BRAIN” фирмасы ауылдағы мек­тептің кіре берісіне темір, плас­тик есіктер орнатты, дәретхана­сын жаңалап берді. Осы жұмысқа 1 млн. 200 мың теңге бөлді. Медициналық пункттің ішіне жылу жүйесін тартып, есіктерін ауыс­тырды. Биылғы су тасқыны кезін­де 1 млн. теңге бөліп, Петропавл қаласына гуманитарлық көмек жөнелтті. Соңғы жылдары серік­тестіктер ауа райының қолайсыздығынан өнімдерін дұрыс жинай алмай жүр. Сондықтан анау кө­мектеседі, мынау көмектеспейді деп айту да қиын. Көмек сұрасақ, бетімізді қайтармайды, шамалары келгенше қол ұшын созады.

– “Ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі – өзінің жеке шаруашылығы” дедіңіз. Елі­мізде ауылдағы ағайынға ар­налған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың игілігін көріп, кәсібін дөңге­летіп отырғандар бар ма?

– Округ аумағындағы агро­құ­рылымдар егін шаруашылы­ғы­мен ғана айналысқандықтан, олар тұрғындарға тұрақты жұмыс ұсына алмайды. Сондықтан ха­лық өз қамын жасау үшін мал өсі­ріп, өрісін кеңейтуде. Өткен жылы 4 жеке қожалық қара мал сатып алды. Құмтөккен ауылын­да “Арлан” шаруа қожалығы ке­зінде “Сыбаға” бағдарламасы­ның игілігін көрген. Үкілі Ыбырай ауылында “Әміржанова А.Қ.” жеке кәсіпкерлігі жылқы өсіріп жатыр. Бірлестік ауылында “При­дон” жеке кәсіпкерлігінің өрісінде қара мал жайылып жүр. Қамсақтыдағы “Махметова А.Д.” жеке кә­сіпкерлігі де қара малдан нәсібін тауып отыр.

– Сізбен кездеспес бұрын Құмтөккен және Үкілі Ыбырай ауылдарының тұрғындары­мен сөйлесіп, елді мекендер­дің тіршілігінен хабардар бол­дық. Құмтөккендегі медпунктің өз шаңырағы жоқ, көшіп-қо­нып жүр екен. Бұл мәселені қа­лай шешпексіздер?

– Былтыр осы қызметке та­ғайындалғаннан кейін бірден медпункт мәселесін көтердім. Медпунктің сол кездегі ғимара­ты апаттық жағдайда болды және төрт бөлмені жылыту да оңайға түспеді. Кейін ауылдағы “Дарын” дүкенінің иесімен сөй­лесіп, бос тұрған бөлмесіне мед­пункті ор­наластырдық. Мамандар­ды ша­қыртып, бөлмеге жылу жүйесі тартылды. Жергілікті фир­ма қол­дау көрсетіп, шығынның жарты­сын төледі. Бірақ қуаны­шымыз ұзаққа созылмады. Дүкен ғима­ра­тын басқа бір кісілер са­тып алып, енді бізден медпункт ор­наласқан бөл­мені босатуды та­лап етуде. Енді осы мәселені шешу жолдарын ойластырып жа­тырмыз. Басқа жерге көшірейік де­сек, бос тұрған қолайлы ғима­рат жоқ. Бірлестік­те де осындай мәселе туындап, көшіп жатқан­дардың бірінің үйіне медпункті ор­наластырдық. Қазір­гі таңда аудан­дық орталық ау­рухана ол үйді жалға алып, ақы­сын төлеп жа­тыр. Келесі жылы үйді сатып алу­ға қаржы бөлінеді.

– Осындай мәселе Үкілі Ыбырай ауылына да тән. Тіпті мед­пункт онсыз да тар, өзде­ріне сынып жетпей жатқан мектептің ішінде орналасқан екен.

– Иә, бұл – бәлен жылдан бері шешілмей келе жатқан мә­селе. Жуырда осы мәселе бо­йынша аудан әкіміне жолық­тым. Үкілі Ыбырай ауылында кеңес үкіметі кезінде салынған Мә­де­ниет үйі бар. Сол Мәдениет үйін сатып алуға қаржы бөлінбек. Са­тып алғаннан кейін жобалық-сме­талық құжатын әзірлеп, ішін жөндейміз. Сәл шыдасақ, бұл мәселе шешіліп қалуы мүмкін.

– Ал мектептің жайы не бол­мақ? Төбесін жөндеу керек, спорт залының жоқтығынан ба­­ла­лар дәлізде жаттығуға мәж­­бүр. Дәретхана далада ор­на­ласқан. Мектеп ішіндегі дә­рет­хананы бір жабдықтың жоқты­ғынан іске қоса алмай отыр екен.

– Бұл мәселені барлығы біле­ді. Үкілі Ыбырай мен Бірлестік ауылдарындағы мектептерде спорт залы жоқ. Бірлестік ауы­лында мәдени-сауықтыру орталы­ғы салынып жатыр. Бірақ ол жерде дене шынықтыру сабағын өткі­зуге болмайды екен. Қос ауылда да Мәдениет үйінің ғимараты бар. Бірлестік ауылындағы Мәде­­ниет үйіне қажетті жобалық-сме­талық құжаттарды әзір­леуге аудандық мәдениет бөлімі тап­сы­рыс берді. Яғни ол сол бөлім­нің балансына беріл­ген. Енді мек­теп ол жерде дене шынықтыру сабағын өткізе алмайды. Ал Үкілі Ыбырай ауылын­дағы Мәдениет үйіне қатысты мәселе көтерілген кезде бірден “Егер мәдениет бө­лі­мінің балансына өтсе, дене шы­нықтыру са­бағын өткізуге бола ма?” деп нақтыладым. Ол жерде де Бірлес­тіктегідей жағдай бол­мас үшін Мәдениет үйінің білім бөлімінің балансына берілуі ке­рек. Егер оң шешілсе, мектептің спорт залға мұқтаждығы жойы­лар еді.

– Ауылдардың бас жоспар­ла­рын жасатыпсыз. Не жос­парлап отырсыздар?

– Бірлестікке, Қамсақтыға және Құмтөккенге бас жоспар жа­саттық. Болашақта ауылдар да­мып, өрісі кеңейетін болса, қан­дай жобалар жүзеге асырыла­тыны, өндірістік аймақтар қай жа­ғында орналасатыны көрсетіл­ген. Ауылдық округтің бюджеті жыл­дан-жылға көбейіп келеді. Мен 2013-2016 жылдар аралығында ауылдық округ әкімдігінде маман болып жұмыс істедім. Ол кездері жағдай қиын болатын. Қа­зір біз болашаққа жоспар құрып, соған жобалық-сметалық құжат әзірлейміз. Ол дайын болса қар­жы да тез бөлінеді, жоспарымыз да жүзеге асырылады. Аудан әкім­дігі “Құжатың дайын болса, керегіңді істеп ал” дейді. Ал бұрын жобалық-сметалық құжат әзірлегенімізбен ол 2-3 жыл жа­тып, уақыты өтіп, жай қалатын. Қазір ауылдық округ әкімдеріне көп нәрсе байланысты. Жоспары бар әкімнің ісі өнімді, ауылдың тұр­мысы түзу болады. Қазір мен ауылдарда спорт алаңдарын салуға басымдық беріп отырмын. Мұндай нысан Қамсақтыда жоқ. Мені көшеде балалар тоқтатып: “Аға, Бірлестікке спорт алаңын салдыңыз. Біздің ауылға қашан саласыз?” деп сұрайды.

Биыл округ бюджетіне салық­тан 3,5 млн. теңгеге жуық қаржы түсті. Ол округті абаттандыру, кө­галдандыру жұмыстарына жұм­салады. Одан бөлек ауданнан, облыстан трансферттер бөліне­ді. Биыл облыс футбол алаңда­рын салуға 20 млн.теңге берді. Оған екі футбол алаңын салдық. Ал үнемделген қаржыға спорт ала­ңын орнатып жатырмыз.

– Округке қарасты елді ме­кен­дердің барлығы күре жол­дың бойында тұрған ауылдар ғой. Дұ­рыс жағдай жасалса, өсіп-өркендеуі әбден мүмкін деп ойлаймын.

– Кезінде бұл ауылдардың тұр­­мысы жақсы еді. Қамсақты ауы­лы кеңшар орталығы болды. Үкілі Ыбырай мен Құмтөккен отар-отар қой бағатын. Бұл бере­келі кезең көзден бұлбұл ұшты. Жергілікті фирмалар атсалысуы керек. Мәселен Қамсақты кең­ша­ры­ның 30 мың гектар жері бір адамның қолында болса, оның қаржысы бір қазынаға түсер еді. Яғни ауылдың қаржылық әлеуеті күшті болады. Қазір сол 30 мың гектар он серіктестікке бөлініп кет­кен. 3 мың гектар жерден түсетін табысқа өзінің жағдайын жасай ма, әлде елге көмек бере ме? Қар­жылық әлеуеті, қуаты төмен серіктестіктің табысы өз мәселесін шешуден артылмайды. Ол қар­жы­лық әлеуетін нығайтқанша 10-15 жылдай уақыт өтеді. Егер бір ауылда бір мықты серіктестік бол­са, ауылдарды сақтап қалуға мүм­кіндік бар. Кірісінен бөліп тұрса, жылына бір ғимарат, жұмысшы­ларына үй салып берсе, ауыл­дардың тіршілігі жанданар еді. Үкімет өз тарапынан инфрақұ­рылымды дамыта береді. Ал компаниялар әлеуметтік нысан­дарды жаңғыртуға үлес қосуы керек.

– Тұрғындармен тілдескен кезде округ тұрғындары қар­тайып бара жатқанын, үйлен­бей жүргендердің көп екенін, жастардың тұрақтамайтынын байқадық. Жастарға жұмыс жоқ екен, тым болмаса бос уақыт­тарын тиімді өткізетін жер бар ма?

– Ауылдық округ тұрғындары қартайып бара жатқаны, отбасын құрмай жүрген жігіттердің де көп екені рас. Ауылға жұмысқа келе­тін жас мамандар да жоқтың қасы. Себебі олар әке-шешелері сияқты мал ұстап, тіршіліктің қа­мытын кигісі келмейді. Жастар уа­қыттарын тиімді өткізетіндей де­малыс орындары аз. Қамсақтыда ескі клуб бар. Оны қалпына кел­тіру үшін қыруар қаражат қажет. Оны жөндеу күн тәртібінде тұр­ған мәселе емес. Осы оқу жы­лында Карасевка орта мектебі тоғыз жылдық болып қала жаздады. Бұл – жылда көтерілетін мә­се­ле. Биыл мамыр айында күн­гей жаққа барып, бірнеше отбасымен кездесіп, біздің жаққа көшіп келуге үгіттеген едік. Биыл Қамсақты ауылына – 4, өзіміздің Светлыйдан бір отбасы көшіп келіп, 16 бала қатарға қосылып, мектепті сақтап қалдық. Ендігі жылы тағы да оңтүстік өңірлерге барып, осындай үгіт-насихат жұ­мыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Дегенмен “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасымен көшіп келгендерді баспанамен қамту мәселесін шешу керек. Біздің округтегі үйлер ескі, әбден тозған. Кей үйлердің құжаттары дұрыс емес. Сатып алуға жарайтын үйлерді биыл көшіп келген төрт отбасы алды. Ал келер жылы тағы көшіп келетіндер бол­са, оларға үй табу қиынға соғады. Сондықтан жаңа үйлер салу қажет.

– Үй жоқ дейсіз, ал мен Қам­сақты ауылында қаңырап бос тұрған екі қабатты үйлердің көп екенін байқадым. Олар­дың иелері бар ма?

– Бұл үйлердің иелері бар. Кезінде аукционда арзанға сатып алған. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтті. Осылай қаңырап бос тұр. Бұрын орталық жылу қазанды­ғына қосылған, сәулетті үйлер еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp