Өңірімізде ерен еңбегімен, биік беделімен жерлестерінің, ағайын-туыстың құрметіне бөленген, атқарған қызметі, жеткен жетістігі жастарға үлгі болатын жандар аз емес. “Жақсылар жақсымын деп айта алмайды” дегендей, олар өздерін абырой асқарына шығарған мінездерін, айтулы істерін айтып, мақтанудан аулақ жүреді. Содан да болар көбіміз жанымызда жүрген жақсы адамдардың өмірдарияларынан хабарсызбыз. Сондай ардақты жанның бірі – Мәркен Еңсегенов. Адам өмірінің айтулы белесі 80 деген жастың сеңгіріне үлкен абыроймен көтеріліп отырған азаматтың өмірі ғибратқа толы.
Мәркен Мұхамеджанұлы 1944 жылдың 5 желтоқсанында бұрынғы Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданындағы Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Жеті жылдық Үлгі мектебін аяқтап, Қызылжар қаласындағы темір жол училищесінде екі жыл оқып, электрик мамандығын алып шығады. Қарапайым ауыл баласының сол кезде таңсық саналатын техникалық мамандыққа мойын бұруының өзі оның жаңашылдыққа, ізденіске деген ұмтылысының көрінісі екені анық. Жас Мәркеннің бұл ұмтылысы кейін өз нәтижесін берді.
Оқуды бітіргеннен кейін облыстық комсомол ұйымының жолдамасымен Ресейдегі Челябі қаласына аттанады. Еңбек баспалдағын алып шаһардағы Оңтүстік Орал темір жолының энергетикалық учаскесінде бастапты. Темір жол энергетиктерімен бірге қызмет ете жүріп, мол тәжірибе жинайды. Ал 1963 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Тынық мұхиты флотында өтеген.
Әскерден туған елге оралғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында тер төгуге бел байлайды. Оның мұндай шешімге келуіне әке-шешесінің жанында болып, олардың қас-қабақтарын бағу, ризашылықтарын алу ниеті жетеледі. Көп өтпей “Украинск” кеңшарына аға электрик болып жұмысқа қабылданады. Аз уақыттың ішінде жігерлі жас жігіт ісіне тыңғылықты, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кеңшардың бірінші басшысы Қахар Қанапияұлының назарына ілігіп, артынша совхоздың комсомол ұйымының басшысы қызметіне сайланады. Сөйтіп, 160-тан астам жалындаған жастың көшбасшысына айналады. 1969 жылы ол еңбек ететін “Украинск” кеңшары ұжымының Солтүстік Қазақстан облысының ауыспалы “Қызыл туын” жеңіп алуында да Мәркеннің сіңірген еңбегі зор. Комсомолдың жоғары жетістіктері үшін Мәдениет үйіне баян музыкалық аспабы, спорттық мотоцикл сыйға беріледі. Мәркеннің өзіне Құрмет грамотасы табыс етіліпті. Бұл әрине ардақты азаматтың 1,5-2 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерінің бірегейі ғана.
1971 жылғы басты жаңалық Жамбыл ауданының құрылғаны еді. Сол кездегі басшылар Мәркенді комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқару үшін ауданға жібереді. Бұл жұмысты абыроймен атқарған ол 1973 жылы ауданның партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне ауысады. Облыстық партия комитеті 1974 жылы Мәркенді Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберу туралы шешім қабылдаған. Кейіпкеріміз білім ошағында төрт жыл оқып, үздік бітіріп елге оралады. 1981 жылы “Жаңажол” кеңшарының партия комитетінің хатшылығына сайланады. Тәжірибе жинақтаған, саяси шыңдалған, болашағынан үміт күттірген Мәркенді араға аз уақыт салып 1983 жылы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқаруға шақырады, 1988 жылы ол аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалады.
Мәркен Мұхамеджанұлы еліміз егемендігін алған жылдары, бұрынғы қоғамның соңы, жаңа қоғамның басында да ел басқаруға етене араласты. Ол Жамбыл ауданының жер жөніндегі комитетінің басқармасы қызметінде де тер төкті, Суаткөл кеңшарының директоры, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, Жамбыл ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ауыл шаруашылығы саласына инвесторлар тарту ісіне белсенді араласып, “Голден Грейн” фирмасына басшылық етті. 2004 жылы “Астана Финанс” арқылы “Атамекен Агро” серіктестігін ұйымдастырып, сол мекемені басқарды. Бүгінгі күні бұл серіктестік ауданның құт-берекесін арттырып, егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіпорындардың біріне айналған.
Адамның өмірі адал еңбекпен өрілгенде ғана ол өзінің мызғымас орнын табады, абырой-беделге ие болады. Мәркен Еңсегеновтің 80 жылдық ғұмыры жайлы сөз қозғағанда оның адал еңбек иесі болғанын, халқының шынайы жанашыры атанғанын аңғарамыз. Әрбір адамның еңбек жолын қысқаша “еңбек етті”, “тағайындалды” деген сөздермен жалаң сипаттауға болмайды. Адам сіңірген еңбегімен еліне елеулі, халқына қадірлі болады. Әр саланың, әр қызметтің қыр-сырының бір-біріне ұқсамайтыны анық. Халықты бір мақсат, бір арман төңірегіне топтастыра білу, әділ шешім қабылдап, адалдыққа жақ болу, қажырлылықты, төзімділікті, ыстық қайрат пен терең ақылды талап ететіні анық. Әрине бұл қасиеттер адамның бойына орта арқылы дарыса, екіншіден, жанұядағы тәрбие арқылы қалыптасады.
Мәркеннің әкесі – Мұхамеджан ақсақал да абыройлы болған, кезінде колхоз басқарған, балаларын колхоз жұмысына ерте араластырған адам. Колхозға шөп дайындағандардың арасынан бұғанасы қатпаған Мәркен де табылатын. Содан шығар кейіпкеріміз көпшіл әрі еңбекқор болып өсті. Мәркен Еңсегенов 1973 жылы техникумда агроном, кейін Қорған ауыл шаруашылығы институтында экономист мамандығын игерген. Алған білімі оның өмір жолында, басшылық қызметінде пайдаға асты. Осы еңбегін бағалап мерейтой иесіне “Жамбыл ауданының құрметті азаматы” атағын беруге де болады деп санаймын. Оны жерлестері де құптайды. Бұл марапат кейіпкерімізге ресми түрде берілмесе де, жамбылдықтар ақсақалды “біздің құрметті азаматымыз” деп атайды. Ол бұл атаққа өзінің білімі және мол тәжірбиесімен жетті десем артық айтқандық емес. Оның арғы жағында адамның ерен еңбегі, мәрттігі, кесек мінезі жатқаны даусыз.
Бүгінгі күні Мәркен Мұхамеджанұлы өзінің өнегелі өмір соқпағы жолында үлкенге құрмет, кішіге ізет танытудан айнымай, өмірлік қосағы Күлбарам Байжұманқызы екеуі 55 жылдан астам уақыт бақытты өмір сүріп келеді. Жан жолдасының қолдауы мен қамқорлығының арқасында кейіпкеріміз биікті бағындырды. Күлбарам – мемлекеттік салық комитетінің ардагері. Екеуі бүгінде немерелердің қызығына бөленіп отыр. Әрқайсысы бір үйге айналған перзенттері де өмірден өз жолдарын тапқан. Ата-ана үшін ұлағатты ұл өсіріп, инабатты келін түсіруден артық бақыт бар ма? Мәркен Мұхамеджанұлы қазіргі кезде Астана қаласында тұрып жатса да, туып-өскен, еңбек еткен Жамбыл ауданындағы оқиғалардан қалыс қалған емес. Өңірдегі жетістіктерге қуанып, игі істерге шаттанып жүреді. Алдыңғы толқын ағаға айналған, кейінгі толқын жастарға үлгі боларлық Мәркен сияқты азаматтардың қатары көбейе берсе екен дейміз.
Екі дәуірдің куәгері, сөзі мен ісі, кісілігі мен кішілігі бір бойынан табыла білген Мәркен Мұхамеджанұлының 80 жасқа толған мерейтойына орай қуанышына ортақтасып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Тұяқ РАҚЫШЕВ,
еңбек ардагері.