«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сәтті инвестициялық жобалар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың қатысуымен жаңа жобалар бойынша инвестициялық тур ұйымдастырылды. Өңірде қазіргі уақытта жалпы сомасы 755,5 млрд. теңгенің 46 жобасы жүзеге асып жатыр. Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы аясында қолға алынған бұл жобалардың 16-сы биыл іске қосылмақ. Тартылған инвестиция – 35,9 млрд. теңге. Бұл жобалар өңірдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

“Өңірде инвестициялық ах­уал жыл сайын жақсарып келе­ді. Мысалы биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша об­лыс­қа инвестиция тарту дең­гейінің 9 пайызға өскенін байқай­мыз. Жү­зеге асырылып жат­қан игі бас­тамалардың қата­рында Ресей­дің, Түркияның және Қытайдың 2 жобасы бар. Сон­дай-ақ таза отандық жобалар да жүзеге асып жатыр”, – деді Рүстем Құр­манов.

Жақында ғана жаңғыртыл­ған Петропавл арақ зауыты – өңір­дегі ірі кәсіпорын. Негізі 1942 жылы қаланған зауыттың ау­мағы 2,7 мың шаршы метрді алып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға 12,8 млрд. теңге жұм­салған. Зауыт заманауи техно­логия бойынша жұмыс істейді. Қазір онда 160 адам еңбек етіп жатыр, орташа еңбекақы – 267 мың теңге.

“Осы салада мен 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп ке­лемін. Біз сапаға көп көңіл бөле­міз. Сонымен қатар зауыт еуро­палық заманауи техникалық құ­рал-жабдықтармен толық жаб­дықталған. Өнім стандарттарға сай өндіріледі. Біз өндірістің бар­лық кезеңде­рінде қатаң бақылау жүргізіп, қауіпсіздік пен дәмінің сақта­луына кепілдік береміз”, – дейді кәсіпорынның бас техно­логы Ла­риса Кашина.

Журналистер ат басын бұр­ған екінші нысан – Петропавл­дағы “Самовар” қонақүйі. Жер­гілікті инвестор бұл жобаны “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қо­ры­ның қолдауымен жүзеге асы­рып жатыр. Инвестиция көлемі – 1 млрд. теңге.

“Ғима­рат­тың жалпы аумағы 1300 шар­шы метр. Қонақүйдің құ­рылы­сын­да тек жоғары сапалы ма­те­риалдар қолданылуда. 34 бөл­­­­­ме­ болады, оның ішінде ша­ғын, стандарт, жарты­лай люкс және люкс бөлмелер қа­расты­рыл­ған”, – дейді қонақүй­дің ди­ректоры Константин Пол­тавец.

Біз табан тіреген “Зеленый Север” – өңірдегі төртінші буынға жататын жалғыз жылыжай кеше­ні. Жобаға 7,2 млрд. теңге қара­жат жұмсалған, оның 5,8 млрд. тең­гесі – “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тара­пы­нан алынған несие. Жылыжай кешенінің жалпы ала­ңы – 3,7 гек­тар. Бұл жылыжай өңір­ді жыл сайын 3 мың тоннаға дейін көкө­ніспен қамтамасыз ете алады, бұл өңір қажеттілігінің 30 пайызы. Өнімдер жергілікті сауда желіле­рінде нарықтық бағадан төмен са­тылады. Жылыжайда 70 адам жұмыс істейді.

“Жылыжайда өсімдіктердің дұрыс өсуі үшін қажетті микро­климат жасалған, ол автоматты түрде реттеліп отырады. Бұл жүйе климатты басқару, тамшы­латып суару, қосымша жарық­тан­дыру және көп контурлы жылыту жүйелерін қамтиды. Сонымен қа­тар ауа температурасы мен ыл­ғалдылығы тұрақты бақылауда ұс­талады, бұл өсімдіктердің өнім­­ділігін арттырады”, – дейді кә­сіпорын директоры Екатерина Асаенок.

Түрік инвесторы жүзеге асыр­ған жоба – ағашты терең өңдеу кәсіпорны. Ол бүгінде “Даму” кә­сіпкерлікті дамыту қорының мем­лекеттік қолдауы және “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы­ның қатысушысы ретінде алын­ған преференциялардың арқасын­да өнікті жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек 8 млрд. теңге ин­вестиция тартылған. Орталық Азия­да ламинатталған фанера мен ДСП өндіру саласындағы ең ірі зауыт жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін заманауи құрал­дар­мен жабдықталған.

“Бірінші жылы біз 18 мың текше метр материал шығарсақ, екін­ші жылы бұл санды 30 мың тек­ше метрге жеткіздік. Ал қазіргі таңда жаңа ғимаратымыз, зама­науи жабдықтарымыз бен ста­нок­тарымыздың арқасында жы­лына 50-55 мың текше метр фанера шығара аламыз. Келесі жылы отын пеллеттерін шығару­ды жоспарлаудамыз. Сонымен қатар ағаш өңдеу саласында да жаңа жобаларымыз бар. Өнім­деріміздің 70-80 пайызы Еуропа мен Америкаға экспортталады, атап айтқанда, Германия, Италия және Балтық мемлекеттеріне жібереміз”, – дейді кәсіпорын директоры Огузхан Челик.

Инвестициялық тур барысын­да өңір басшысының орынбаса­ры келесі жылы облыста жалпы құны 291,6 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жобаны іске қо­су жоспарланып отырғанын айтты.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp