«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азамат асулары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде ерен еңбегімен, биік беделімен жерлестерінің, ағайын-туыстың құрметіне бөленген, атқарған қызметі, жеткен жетістігі жастарға үлгі болатын жандар аз емес. “Жақсылар жақсымын деп айта алмайды” дегендей, олар өздерін абырой асқарына шығарған мінездерін, айтулы істерін айтып, мақтанудан аулақ жүреді. Содан да болар көбіміз жанымызда жүрген жақсы адамдардың өмірдарияларынан хабарсызбыз. Сондай ардақты жанның бірі – Мәркен Еңсегенов. Адам өмірінің айтулы белесі 80 деген жастың сеңгіріне үлкен абыроймен көтеріліп отырған азаматтың өмірі ғибратқа толы.

Мәркен Мұхамеджанұлы 1944 жылдың 5 желтоқсанында бұ­рынғы Преснов (қазіргі Жам­был) ауданындағы Ұзын­көл ауы­лында дүниеге кел­ген. Жеті жыл­дық Үлгі мектебін аяқтап, Қызыл­жар қаласындағы темір жол учи­ли­щесінде екі жыл оқып, элект­рик мамандығын алып шығады. Қарапайым ауыл баласының сол кезде таңсық саналатын техника­лық маман­дыққа мойын бұруы­ның өзі оның жаңашылдыққа, із­де­ніске деген ұмтылысының кө­рінісі екені анық. Жас Мәркеннің бұл ұмты­лысы кейін өз нәтижесін берді.

Оқуды бітіргеннен кейін облыс­­тық комсомол ұйымының жол­дамасымен Ресейдегі Челя­бі қаласына аттанады. Ең­бек бас­палдағын алып шаһар­дағы Оң­түстік Орал темір жолы­ның энер­гетикалық учаскесінде бас­тапты. Темір жол энергетик­те­рімен бірге қызмет ете жүріп, мол тәжірибе жинайды. Ал 1963 жылдың қара­ша айында әскер қатарына шақырылып, Отан ал­дындағы бо­рышын Тынық мұхи­ты флотында өтеген.

Әскерден туған елге орал­ғаннан кейін ауыл шаруашылығы саласында тер төгуге бел бай­лайды. Оның мұндай шешімге ке­луіне әке-шешесінің жанында бо­лып, олардың қас-қабақтарын бағу, ризашылықтарын ал­у ниеті же­теледі. Көп өтпей “Украинск” кеңшарына аға электрик болып жұмысқа қабыл­да­нады. Аз уа­қыт­тың ішінде жі­герлі жас жігіт ісі­не тыңғылықты, ұйымдасты­ру­шылық қабілеті жоғары, кеңшардың бірінші басшысы Қахар Қа­на­пияұлының на­зарына ілігіп, ар­тынша совхоз­дың комсомол ұйы­мының бас­шы­сы қызметіне сай­ланады. Сөйтіп, 160-тан астам жалында­ған жастың көшбасшы­сына ай­на­лады. 1969 жылы ол еңбек ете­тін “Украинск” кеңшары ұжымы­ның Солтүстік Қазақстан облы­сының ауыспалы “Қызыл туын” жеңіп алуында да Мәркен­нің сі­ңірген еңбегі зор. Комсомол­дың жоғары жетістіктері үшін Мә­дениет үйіне баян музыкалық ас­па­бы, спорттық мотоцикл сыйға беріледі. Мәркеннің өзіне Құр­мет грамотасы табыс етіліпті. Бұл әри­не ардақты азаматтың 1,5-2 жыл ішінде қол жеткізген жетістік­терінің бірегейі ғана.

1971 жылғы басты жаңалық Жамбыл ауданының құрылғаны еді. Сол кездегі басшылар Мәр­кенді комсомол комитетінің ұйым­­дастыру бөлімін басқару үшін ауданға жібереді. Бұл жұ­мысты абыроймен атқарған ол 1973 жылы ауданның партия ко­митетінің нұсқаушысы қызметі­не ауысады. Облыстық партия ко­митеті 1974 жылы Мәркенді Алматы жоғары партия мекте­біне оқуға жіберу туралы шешім қа­былдаған. Кейіпкеріміз білім оша­ғында төрт жыл оқып, үздік бітіріп елге оралады. 1981 жылы “Жа­ңажол” кеңшарының партия ко­ми­тетінің хатшылығына сай­ла­нады. Тәжірибе жинақтаған, саяси шыңдалған, болашағынан үміт күттірген Мәркенді араға аз уақыт салып 1983 жылы аудан­дық партия комитетінің ұйым­дастыру бөлімін басқаруға ша­қырады, 1988 жылы ол аудан­дық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалады.

Мәркен Мұхамеджанұлы елі­міз егемендігін алған жылдары, бұрынғы қоғамның соңы, жаңа қоғамның басында да ел басқа­руға етене араласты. Ол Жам­был ауданының жер жөніндегі ко­митетінің басқармасы қызметін­де де тер төкті, Суаткөл кеңша­ры­ның директоры, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­­­шысы, Жамбыл ауданы әкі­мінің бірінші орынбасары қыз­метін ат­қарды. Ауыл шаруашылығы са­ласына инвесторлар тар­ту ісіне белсенді араласып, “Гол­ден Грейн” фирмасына басшылық етті. 2004 жылы “Астана Фи­нанс” арқылы “Атамекен Агро” серіктестігін ұйымдастырып, сол мекемені басқарды. Бүгінгі күні бұл серіктестік ауданның құт-бе­рекесін арттырып, егін ша­руашылығымен қоса мал шаруа­шылығын дамытып отырған кәсіпорындардың біріне айналған.

Адамның өмірі адал еңбекпен өрілгенде ғана ол өзінің мыз­ғымас орнын табады, абырой-бе­делге ие болады. Мәркен Ең­сегеновтің 80 жылдық ғұмыры жайлы сөз қозғағанда оның адал еңбек иесі болғанын, халқының шынайы жанашыры атанғанын аңғарамыз. Әрбір адамның ең­бек жолын қысқаша “еңбек етті”, “тағайындалды” деген сөздер­мен жалаң сипаттауға болмайды. Адам сіңірген еңбегімен елі­не елеулі, халқына қадірлі болады. Әр саланың, әр қызметтің қыр-сырының бір-біріне ұқса­майтыны анық. Халықты бір мақ­сат, бір арман төңірегіне топтас­тыра білу, әділ шешім қабыл­дап, адалдыққа жақ болу, қа­жырлы­лықты, төзімділікті, ыс­тық қайрат пен терең ақылды та­лап ететіні анық. Әрине бұл қа­сиеттер адамның бойына орта арқылы дары­са, екіншіден, жан­ұядағы тәрбие арқылы қалып­тасады.

Мәркеннің әкесі – Мұхамед­жан ақсақал да абыройлы бол­ған, кезінде колхоз басқарған, ба­лаларын колхоз жұмысына ерте араластырған адам. Колхозға шөп дайындағандардың арасы­нан бұғанасы қатпаған Мәркен де табылатын. Содан шығар кейіп­­керіміз көпшіл әрі еңбекқор болып өсті. Мәркен Еңсегенов 1973 жылы техникумда агроном, кейін Қорған ауыл шаруашылы­ғы институтында экономист маман­дығын игерген. Алған білімі оның өмір жолында, басшылық қызметінде пайдаға асты. Осы еңбегін бағалап мерейтой иесіне “Жамбыл ауданының құрметті азаматы” атағын беруге де болады деп санаймын. Оны жер­лестері де құптайды. Бұл мара­пат кейіпкерімізге ресми түрде берілмесе де, жамбыл­дықтар ақ­сақалды “біздің құр­метті азама­тымыз” деп атайды. Ол бұл атақ­қа өзінің білімі және мол тәжір­биесімен жетті десем артық айтқан­дық емес. Оның арғы жағын­да адамның ерен ең­бегі, мәрттігі, кесек мінезі жатқаны даусыз.

Бүгінгі күні Мәркен Мұхамед­жанұлы өзінің өнегелі өмір соқпағы жолында үлкенге құрмет, кішіге ізет танытудан айнымай, өмірлік қосағы Күлбарам Байжұ­манқызы екеуі 55 жылдан астам уақыт бақытты өмір сүріп келеді. Жан жолдасының қолдауы мен қамқорлығының арқасында кейіпке­ріміз биікті бағындырды. Күлбарам – мемлекеттік салық ко­митетінің ардагері. Екеуі бү­гінде немерелердің қызығына бө­леніп отыр. Әрқайсысы бір үйге айналған перзенттері де өмір­ден өз жол­дарын тапқан. Ата-ана үшін ұлағатты ұл өсіріп, ина­батты келін түсіруден артық бақыт бар ма? Мәркен Мұхамед­жанұлы қазіргі кезде Астана қаласында тұрып жатса да, туып-өскен, еңбек еткен Жамбыл ау­данындағы оқиғалардан қалыс қалған емес. Өңірдегі жетістік­терге қуанып, игі істерге шатта­нып жүреді. Алдыңғы толқын ағаға айналған, кейінгі толқын жастарға үлгі боларлық Мәркен сияқты азаматтардың қа­тары кө­бейе берсе екен дейміз.

Екі дәуірдің куәгері, сөзі мен ісі, кісілігі мен кішілігі бір бойынан табыла білген Мәркен Мұхамеджанұлының 80 жасқа толған мерейтойына орай қуанышына ортақ­тасып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Тұяқ РАҚЫШЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp