«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСТЫҚТЫ ӨҢІРДІҢ АСУЛАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов елордадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстарға, алда тұрған міндеттерге тоқталды.

Өңір басшысы өз баяндама­сын биылғы көктемгі су тасқыны­ның зардаптарын жою бағытын­да атқарылған шаруалардан бас­тады. Әкімнің айтуынша, об­лыс­қа 3,5 млрд. текше метр қызыл су келіп, өңірдің инфрақұрылымы біршама зардап шеккен.

– Қиын сәтте қызылжарлық­тар­ға еліміздің барлық өңірі қол ұшын созды. Облыс жұртшы­лы­ғы ауызбіршілік танытып, сынақ­тан мүдірмей өтті. Мемлекет бас­шысы облысымызға келген сапа­рында апатпен күреске атсалыс­қан барша азаматқа алғысын біл­дірді. Ақшалай өтемақы толық кө­лемде төленді. Уәде бергеніміз­дей, үйлері суға кеткен тұрғындардың барлығы баспана алды. Петропавлда “Бірлік” деп атала­тын жаңа шағынаудан бой көтер­ді. Онда қазір 700 отбасы тұрып жатыр”, – деді өңір басшысы. Одан бөлек су тасқынынан зар­дап шеккендер үшін 1394 пәтер сатып алынған.

Облыс экономикасына көк­тем­гі су тасқыны мен оның сал­дары әсер етпей қойған жоқ. Дегенмен есепті кезең ішінде не­гізгі салалар бойынша оң өсім бай­қалды.

– Биылғы он айдың қоры­тын­дысы бойынша ауыл шаруа­шылығы саласы 130,2, өнеркәсіп – 100,1, құрылыс – 127,3, пай­далануға берілген тұрғын үйлер – 122,9, инвестициялар – 109,4 пайыз өсім көрсетті. Агроөнер­кәсіптік кешен өңір экономикасы­ның басты саласы болып қала береді. Президентіміз ауыл шаруашылығы өнімін 2 есеге ұлғайту міндетін қойды. Өңірдің бұл мақсатқа қол жеткізу әлеуеті айтарлықтай жоғары, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Өңір басшысы биыл облыс диқандары егін жинау науқанынд­а рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін айтты.

Соңғы үш жылда облыста үш жаңа мектеп іске қосылды. Апатты жағдайдағы мектептер мәселесі биыл толықтай шешілген. Білім беру саласына бюд­жеттің үштен бір бөлігі бағыт­талған. Білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 6,4 млрд. теңге бөлінген. Мектептерге 42 авто­бус сатып алынған. 53 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Президенттің тапсыр­масы бойынша өңірде “Жай­лы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.

“Ауылдық денсаулық сақтау­ды жаңғырту” жобасы аясында өңірде 46 нысан салу жоспарлан­ған болса, былтыр соның се­гізі аяқталған. Биыл отыз сегіз ме­кеменің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалада балаларға арналған 16 оңалту орталығы ашылды. Франциямен серіктестік аясында 16 телемедициналық кешен орнатылды. Бұл ауылдағы ағайынға сапалы көмек беруге жол ашады.

“Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында 2025 жылдың соңына қарай халықтың сапалы ауыз суға қол­жетімділігін толық қамтамасыз ету міндетін жүктеген болатын. 2022 жылмен салыстырғанда биыл сумен жабдықтау нысан­да­рын салуға, жаңғырту және жөн­деуге 2 есе көп қаражат қа­растырылған. Жыл соңына де­йін халық саны 10 мыңнан аса­тын 66 ауылдық елді мекенде кешенді блок-модульдер орна­ту жоспарланған”, – деді Ғауез Торсанұлы.

Облыс халқының 42 пайыз­дан астамы спортпен шұғылда­нады. 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін артады. Осы мақсатты жү­зеге асыру үшін облыс аудандарын­да екі дене шынықтыру-са­уықтыру кешені, екі жабық хок­кей корты және тренажер залы бар жабық жүзу бассейні салы­нуда. “Алаң” бағдарламасы бо­йынша Петропавлдағы футбол алаңдары жаңартылуда.

Брифингке қатысқан рес­пуб­ли­калық басылымдар мен телеарналар тілшілерінің са­уалдары жауапсыз қалған жоқ.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp