…Жол бойында қаз-қатар тізілген ақ қайыңдар аппақ қарға малынған. Бұтақтары дір-дір етеді. Уілдей соққан ызғарлы жел ағаштардың араларынан өтіп, табиғат-анаға биылғы қыстың көңіл жібітпейтінін хабарлап тұрғандай. Табиғаттың сұлу көрінісінен көзімді ала алмай, терең ойдың жетегінде келемін. Ұлы ақынның аты берілген ауданның тоқсан жолдың торабында орналасқаны қызықтырмай қоймайды. “Темір тұлпарымыздың” тақтайдай тегіс жолмен жүйтки жүріп, Бинашқа қалай жеткенін де аңғармай қалыппын…
Өлкетанушылардың айтуынша, Бинаш ауылы атауының Меккеге қажылыққа барған Биназар атамыздың есіміне тікелей қатысы бар. Бірде жерлесіміз, ұлы ақын Мағжан Жұмабаев пен әкесі Бекен болыс екеуі қыстыгүні Омбы қаласына аттанады. Сарышұнақ аязда аттары әбден болдырып, өздері тоңып қалған әке мен бала жол бойындағы бір ауылға аялдауды жөн көріпті. Олар елді мекеннің ең бай тұрғыны саналатын жанға арнайы барып жылқы сұрайды, бірақ бай көрші ауылдағы Бинаш деген әйгілі адамға баруларын өтінеді. Содан жолаушылар Бинаштың ақ үйіне ат басын тірейді. Қажы атамыз қонақтарын жақсылап күтіп, ең жүйрік деген екі жылқысын беріп, шығарып салады. Осы жолғы сапарында Бекен болыстың жолы болып, бейнет көрмей, еліне аман-есен оралыпты. Кейін Бинашқа өз ризашылығын білдіріп, жолсерік аттарын қайтарып береді.
Алтынның сынығы
Жол көрсетіп жүрген аудандық “Мағжан жұлдызы” газетінің редакторы Еркебұлан Елубаев бізді Бинаштың ұрпағы Нұрлан Еламановтың үйіне алып барды. Нұрлан Еламанов – аздап өлең жазатын, газет-журнал бетін парақтамаса тұра алмайтын, аталарының әңгімесін көкейіне тоқыған жан екен. Айтуынша, 1870 жылдары Биназар Битуғанұлы бүгінгі Бинаш ауылының орнына тұрақтаған. Жергілікті тұрғындар арасында “Бинаш елу жасында ел қондырған” деген сөз жиі айтылады.
1820 жылы дүние есігін ашқан Бинаш қажы Уақ-Шоға руынан тараған. 1908 жылы 88 жасында Ыдырыс қажы Айдарбекұлы, Дәулетхан Қонайұлы (Мәті), Бейсен қажы Аралбайұлымен Мекке-Мәдинаға барған (бұл мәліметті өлкетанушы Социал Жұмабаев 2004 жылы шығарған “Мәлгаждар Айдарбеков” ғұмырнамалық зерттеуінде растайды). “Ұзақ жолдан шаршап келген қажылар Қызылжарда Жанбатыр қажы Байниязовтың үйіне түседі. Қажылардың арасындағы жасы үлкені Бинаш атамыз екі-үш күн тынығып алу үшін қалада қалмақшы болады. Жасы кіші қажылар үйлерін сағынып, ауылдарына кеткен екен. Содан бірер күн Жанбатыр қажының шаңырағында болған ұлы атамыз туған еліне аман-есен жеткені үшін Қызылжардағы үлкен мешіттің бірінде Жаратқанға құлшылық жасап, ұзақ дұға еткен деседі”, – дейді Нұрлан Еламанов.
Бір топ азаматты үлкен қажылықтан күтіп алған Жанбатыр қажы шаңырағында кілең игі жақсылар жиналатын көрінеді, сол күндері Бинаш Ыдырыс қажының күйеу баласы Сақау Баймағамбетовпен, аты алты Алашқа аян Атығай-Қарауылдың ақыны Ақан серімен де дәмдес болған. Сонда атақты ақын жасы тоқсанға таяп қалған Бинаш қажының шау тартқан қарттығына қарамастан мұсылманның бес парызының бірін орындап, ұзақ жолға шыдағанына және ел ішіндегі абырой-беделіне ризашылығын білдіріп, үш-төрт ауыз өлең шығарған екен.
“Бинаш қажы туыпты сәтіменен,
Кез болдық Ыдырыс, Бейсен, Мәтіменен.
Қызылжардан аттанған төрт қажыға,
Сәлем бердік, Пайғамбардың атыменен”, – деп өрілетін өлеңді Нұрлан Еламановтың әкесі Нұрғозы ақсақал (1995 жылы 96 жасында дүние салған) соңғы демі қалғанша аузынан тастамай айтып жүрген.
Тасын түртсең – тарих
Ежелден мал, егін шаруашылығын атакәсіп еткен халқымыз өзен-көлдердің, ну орманның бойына тұрақтағанды жөн көрген. Ауылдың қазіргі тұрғындары – Қантай, Қабыл, Көшен, Бағаналы, Бинаш қыстауларын мекендеген аталардың ұрпақтары. Бүгінде тартылып қалған, бір кездері тіршілік көзі болған Сарыбие көлінің орнына Бинаштың ақсақалдары өткенге көз тастағандай қарайды. Көлдің екі жағасында айнала өрнектеліп, қоныстанғандарға ық болған Аққыстау мен Шілік қопаның ағаштары 2000 жылдардың басында су тасқынынан зардап шегіп, селдіреп қалып еді, 2017 жылы орын алған табиғи апаттан кейін қос орман түбегейлі жойылып кеткен екен. Алайда ауылдың ажарын келтіріп тұрған Ұлтуған, Қаратал, Дайырқыстау, Шәкет, Қайрақбай, Қусақ, Қарақыстау, Қарауыл, Бөлебек, Сәтім, Елтұрыл, Ала ат өлген, Ақмырза, Тоқмырза, Қоңыр, Досан, Смайыл, Атаки, Мизамбай, Бие байлаған, Қуандық, Төлебай, Кедірбай, Сары жапырақ, Кемел, Хасен, Ордабай, Екі шоқ, Егесәт, Төмен ай ормандары ел тарихының тереңде жатқанын аңғартады.
“Шәкет деп аталатын зиратымыз бар. Бұл бабамызға Алланың берген қасиетін біз айтып жеткізе алмаймыз. Бинаш, Қантай аталарымызбен замандас болған Шарабас Алшағырұлы көріпкел, бақсы, адамның ішін жарып, ауруын алып, ота жасап, сырқаттың неше түрлісін емдеген, есі ауысқан, зағип жандарға шипа берген қасиетті адам болыпты. Омбының генерал-губернаторы оның бұл қасиетіне тәнті болып, қатты сыйлаған екен”, – деп ауыл тарихын баяндаған Нұрлан Шәкетке қатысты тағы бір мәліметімен бөлісті.
“Ағыбай Базарбаев қарттың айтуынша, ауылдың атауы төрт мәрте өзгертілген. 1930 жылдары Карл Маркс кеңшары болса, 1956 жылдары Қантай мен Бинаш ауылдарын қосып, Бірлік ұжымшары болып шаруашылығын дөңгелетті. Тәуелсіздік жылдарының басында бұрынғы атауына оралып, Беняш атанды. Артынан Бинаш болып түзетілді”, – дейді ол.
Ел іргесіндегі Аққұдық деп аталатын құдықтың өзі біраз жайттан сыр ұқтырады. Кеңшардың тұсында қарғын жайылғанда Бинаштың құдығы опырылып құлап, суы ішуге жарамсыз болып қалыпты. Сол кездегі басқарма басшысы Қапар Смайылов есімді азамат 200 метрдей жерден құдық қаздырған. Бүгінгі жастар оны Аққұдық деп атаса, аға буын өкілдері “Қапар қаздырған құдық” дейді. Кейбіреулері “Бинаш құдығы” деп атауды әдетке айналдырған. “2000 жылдары ел болып дұрыстап, қиып салған ағашымыз шіріп, көмбе балшықты ұстай алмай, 2017 жылы суымызды лайлай бастағанда Алтынбек Сапаров бауырымыз күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бізді тіршілік көзінен айырмады”, – деді Нұрлан Еламанов.
Түтіні түзу ұшқан
Кезінде 80 үй болған Бинашта бүгінгі таңда 46 шаңырақ түтін түтетіп отыр. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ата-бабаларын ұлықтауды ардақты міндетіне балаған ауыл тұрғындары өткенге тағзым етіп, жерлестерінің басын жиі қосып тұрады. Екінші дүниежүзілік соғысқа жетпістен астам азаматы қатысқан ауылдың бүгінгі балалары өз аталарының батылдығын үлгі қылып айтып жүр.
“Бинашымсың – асыл елім, бесігім,
Жабылмайды қонақжай көп есігің.
Дүниеге келдім сенің төсіңде,
Әлдиіңмен өстім міне осы күн.
Ауылыма ұл болам деп лайықты,
Кешіп келем мына жалған ғайыпты.
Бұл өмірде атың тасқа түспесе,
Ел алдында мен боламын айыпты”, – деп жырлаған ауыл тұрғындары аға буын мен кейінгі толқын өкілдері арасын сабақтастырып, алтын көпір орнатуды жөн көреді.
Мектеп – ауылдың жүрегі
Ауылдың келешегі мектеп оқушыларына тікелей байланысты. Бала саны азайса, болашағы бұлыңғыр, көбейсе, ертеңіне сенім де оянатынын уақыт өткен сайын ұғынып келеміз. 18 мұғалім қызмет ететін білім ошағында 22 шәкірт оқитынын естігенде ұнжырғамыз түсті. Балабақшасында 10 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың ұйытқы болуымен 2023 жылы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Мектеп директоры Әлия Жексембинаның сөзіне құлақ түрсек, оқу ордасының да өзіндік тарихы бар. Қуғын-сүргін жылдары ауыл адамдары бос қалған үйлерде білім алған. Ұлы Отан соғысына қатысқан Аманжол Қуандық елге аман-есен оралып, 1950 жылы ауыл адамдарының көмегімен мектеп ашуды қолға алады. Ол бір ғимаратты жалға алып, бір жағын дүкен, екінші жағын 2 бөлмелі мектеп қылады. Мектеп балаларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, ауыл жиналыстарын, концерттерін өткізетін орынға айналған.
– 1972 жылы 4 сыныптық бастауыш мектеп ашылды. Мектептің алғашқы директоры Тойлыбай Шәріпов 27 жыл қызмет атқарды. Қазыбек Төлебаев, Файзолла Найманбаев, бастауыш сынып мұғалімі Сара Рахимбаева мектеп қабырғасында 30-40 жылдай еңбек етіп, ардагер ұстаздар қатарынан орын алды, – дейді Әлия Жексембина.
Ауызбіршілікті ту еткен
“Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап 4 отбасы ауылға қоныстанып, мектепке қызметке орналасты. Солардың бірі – Жамбыл облысынан келген Жанерке Нұрсейітова. География пәнінің мұғалімі ауыл тұрғындарын жатсынбай, аз уақыт ішінде сіңісіп кеткен. Жұбайы Қуаныш Жақыпов – білім ошағында сантехник. 5 балалы отбасыға Бинаш ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі ұнайды. “Ауызбіршілікті ту еткен елді мекеннің тұрғыны болғаныма қуанамын. Көршілеріммен жақсы араласамын. Өзіміз тұрып жатқан жердің мәртебесін биіктеткіміз келеді. Бинаштың орналасқан жері де адам баласының денсаулығына қолайлы”, – деді Жанерке Нұрсейітова.
Ноғайбай би ауылдық округінің әкімі Эльвира Васильева Бинашта кітапхананың жұмыс істеп тұрғанын, балалар ойнайтын алаңның барын, көшелер жарықтандырылғанын айтып өтті. “Болашақта “Ноғайбай би” ЖШС өз қаражатынан бинаштықтарға арнап демалыс орталығын салуды жоспарлап отыр. Бинашқа келіп-кеткен меймандарға елдің орналасқан жері ұнап, өз әсерлерімен бөлісіп жатады”, – деді Эльвира Васильева.
Ауылда мәдени ошақтың қазығы қадалғаны көңілге үміт ұялатады. Ауызсу, жол мәселелері шешілген Бинаш ауылының болашағы – жарқын, бағдары – айқын.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.