Халқымызда “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген қанатты сөз бар. Байыбына барған кісіге бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Қазақ дүниеден өткен кісінің артынан (мейлі ол жаман болсын, жақсы болсын) ешқашан теріс сөз айтпаған. Марқұмның жақсы жақтарын, тірлікте істеген игі істерін ғана еске алған. Бұл – үлкен тәрбие.
Қазақтың әруақтарға бата жасау, жаназа, ас беру сықылды өлік жөнелтудің рәсім-жоралғыларына деген риясыз құрметі бір бөлек. Бірақ соңғы кездері асыл дінімізден нәр алған дәстүр-салттарымыздың жөн-жосықсыз орындалып жүргені жанға батпай қоймайды. О дүниелік болған жанды ақтық сапарға шығарып салу рәсімдерінің жиналысқа айналып бара жатқаны жалған емес. Алдымызда ақ кебінге оралған жанды мәңгілік мекеніне апаруға асықпастан, біз жаназаны ұзын-сонар жиналысқа айналдырып алғандаймыз. Сөз сөйлеу үшін адамдар кезекке тұратын, тіпті, сөз берілмей қалса бұлқан-талқан ашуланатын болған. Осындай орынсыздықтар, әлбетте, әруақ пен ата салтын сыйлайтын, көкірек көзі ашық әрбір адамды толғандыратыны, жанына инедей батары күмәнсіз.
Бұл тақырып әлеуметтік желіде жиі көтеріледі. Желі пайдаланушылардың бірі: “Біздің қазақ тойды да, жаназаны да, садақаны да – бәрін-бәрін шоуға айналдырып жіберді”, – деп жазыпты. Жөн сөз. Бұған бір қызығы, естісі де, есері де, көлденең көк аттысы да ештеңе деп пікір айтпаған. Осындай жерлерде жөн сөз сөйлеп, дұрыс бағыт көрсетіп жіберетін молдаларымыздың өзі үнсіз. Тіпті, басу айтады дейтін ақсақал санатындағылар ешкімге жеккөрінішті болғысы келмей, ақиқаттан бойларын аулақ салып, тасада қалып, тыныш жан бағудың қамында жүргені қынжылтады.
Қайсыбір күні есімі өңірге белгілі жанның анасы о дүниелік болып, жаназаға бардық. Адам көп жиналыпты. Молда жаназа намазын оқығаннан кейін сөз сөйлеймін дегендерге кезек ұсынылды. Бәрінің айтқаны қалыпқа салғандай бірдей. Марқұмның жинаған мал-мүлкі, дүниесі. Жерге кіріп кетердей қысылдым. Сонда деймін-ау, мұсылмандықтың бес парызын бес саусақтай білетін молдалар қауымының “Мұныңыз дұрыс емес” демегені қалай? Жаназадан кейін берілетін дұға дастарқаны да осындай деңгейде өтіп жатады. Кезекпен кезек сөз сөйлеу, таласу, тартысу…
Кейінгі кезде осындай жиындарды басқарушылардың, құдды бір той асабасындай желпілдеп айтқан кейбір сөздерін естігенде қынжылып-ақ қаласың. Сол жиынға себепкер болған марқұм жөнінде небір артық, әсіре сөздер айтылып, жер-көкке сыйғызбай мақтаудың неше атасына бөлеп жібереді-ау, шіркіндер. Қайтқан рухқа оның өзеуреген көлгір сөзінің еш пайдасы жоқ, бос былшыл сияқты болып көрінеді маған. Және бізде біреу дүниеден өтсе, ана молданы емес, мына молданы әкел деп арнайы тағайындап қойылғандай, әлдебіреуді алалап іздестіріп жатады. Нақ сол айтқаны болмаса, имансыз қалатындай көрінеді. Сонымен бірге жаназа кезінде біздің қайсыбір молдекеңдердің де көпшілікке қаратып айтқан кейбір сөздері көңілге қонбайды. Менің ойымша, марқұмның рухына ешқандай асыра мақтаулар мен күміс қаптаулар қажет емес сияқты. Тек арнайы шын ықыласпен барып, бір уыс топырақ салып, көптің қатарында мұсылман қауымының барша аруақтарына дұға оқылып, бата жасалғанда қалтқысыз ниетпен бет сипау нағыз мұсылманның міндет-парызы деп санаймын.
“Сен де мендей болғансың, мен де сендей болармын”, – деген тіркесті білмейтін адам кемде-кем. Бұл сөз терең ойға жетелейді. Бәріміз пендеміз. Өмір мәңгі емес. Жас қартаяды. Дүниеден өтіп кеткен адамның артынан шын ниетімізбен Алладан күнәларының кешірілуін тілеп, дұға қылсақ сол да жеткілікті емес пе?
Шынында да, о дүниенің шегінен аттағаннан кейін аруаққа мақтау да, мадақ та керек емес. Оның рухы тек дұға дәметеді. Себебі, о дүниеде оған тек иман байлығы ғана жолдас бола алады. Абай атамыз айтқандай, “сөздің басы, әуелі аят, хадис болуы керек”.
Алдамжар ӨМІРБАЕВ,
зейнеткер,
Ақжар ауданының тұрғыны.