Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Мамлютка – Қостанай А-21 автожолының Жамбыл және Мамлют аудандары арқылы өтетін ұзындығы 28 шақырым учаскесі жөнделіп бітті. Жөндеу жұмыстары жолдың 0-4, 18-31 және 35-46 шақырымдарында жүргізілді.
Жөндеу барысында суық ресайклинг әдісімен жол негізін орнату, екіқабатты асфальт-бетон жабынын төсеу, жол жиектерін нығайту, 162 жол белгісін жаңарту, екі жаңа автопавильон орнату, жол таңбаларын салу сияқты негізгі жұмыстар орындалды. Сонымен қатар Пресновка ауылының аумағында ұзындығы 4,1 шақырым болатын учаске жарықтандырылды.
Жолдың сапасын қадағалау мақсатында “Жол активтері сапасы ұлттық орталығының” облыстық филиалы 20 рет тексеріс жүргізіп, 134 сынама алған. Бөлім басшысы Арман Турасимовтың айтуынша, тексеріс барысында 7 ақау мен ескерту анықталып, олардың барлығы дер кезінде түзетілген.
– Орташа жөндеу жұмыстарын толығымен “Қызылжар Жолдары KZ” ЖШС-ның мердігер ұйымы орындады. Қазіргі уақытта нысанды толықтай пайдалануға беруге дайындау жұмыстары жүргізілуде, – деді “ҚазАвтоЖол” ҰК” акционерлік қоғамы филиалы директорының орынбасары Қанат Өсербаев.
Әсет ҚАНАФИН.