1991 жылғы 6 желтоқсанда Жоғарғы кеңес төралқасы “Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы” қаулы қабылдап, бас прокурордың 2004 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен бұл күн прокуратура органдарының мерекесі ретінде белгіленді. Тәуелсіздік жылдарында қоғамдық дамудың әртүрлі кезеңдерін бастан өткерсек те, Конституцияда бекітілген заңдылықты сақтау, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау прокуратураның негізгі міндеті болып қала береді.
Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау барысында прокурорлық қадағалауды жүзеге асырудың қазіргі заман талаптарына орайластырылған басым бағыттары айқындалды. “Прокуратура туралы” Конституциялық заңның қабылдануы нәтижесінде прокурорлардың өкілеттілігі кеңейтілді. Қадағалаушы орган ретіндегі үйлестіруші рөлі еліміздің құқық қорғау жүйесінің орталық буыны және мемлекеттік биліктің маңызды элементтерімен ыңғайластырылды.
Жыл басынан бері үйлестіру кеңесінің 6 отырысы өткізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі қылмыстары мен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, халықты ауыз сумен қамту, тағы басқа өзекті мәселелер талқыланып, нақты ұсынымдар әзірленді. Шешімдердің орындалуы бақылауға алынды. Қылмыстық процестің үш буынды моделі – сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершілікті ажыратуға негізделген жүйе 2021 жылдан бері кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Ол бойынша дәлелдемелерді жинау сотқа дейінгі тергеп-тексеру, дәлелдемелерді бағалау және негізгі іс жүргізу шешімдерін қабылдау прокуратура органдарына жүктелген. Жаза тағайындау және азаматтардың шағымдарын қарау сот арқылы жүзеге асырылады. Өңір прокурорлары тарапынан 71 дербес айыптау актісі жасалып, соттың ақтау үкімдері мен кері қайтарылуына жол берілмеді. Конституция нормаларына, халықаралық шарттар мен нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігіне ресми түсініктеме беру үшін Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы бойынша 8 ұсыныс енгізілді. Адам құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілмен бірлесе отырып, қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелерде 19 сотталушыны қабылдау жүзеге асырылды.
Биыл барлығы 1995 заң бұзушылық анықталып, 1635-І бойынша олқылықтар жойылды. 968 қадағалау актісі енгізіліп, 30 мың азаматтың құқықтары қорғалды. 1774 адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Қадағалау актілері негізінде 1,8 млрд. теңге өндіріліп, 833 млн. теңгенің мүлкі қайтарылды. 54,2 млн. теңге әкімшілік айыппұл өндірілді. Халық пен кәсіпкерлер үшін сумен жабдықтау тарифін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Қазіргі уақытта уәкілетті мемлекеттік органдар тарифті төмендету және тұтынушыларға өтемақыны өтеу жөнінде шаралар қабылдауда.
Назар аударарлық маңызды мәселелердің бірі – инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жайын ерекше бақылауға алу. Өңірде жалпыұлттық пулға енгізілген 46 инвестициялық жобаны іске асыруға 755 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Қабылданған қадағалау шараларының арқасында инвесторлардың 11 проблемалық мәселесі шешілді. Бас прокурордың тапсырмасы аясында жер қатынастары саласында кешенді шаралар атқарылуда. 63,1 мың гектар алқапты алып жатқан 120-дан астам жер учаскесі ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатта пайдаланылмағаны анықталды. Кадастрлық құны 956 млн. теңгеден асатын 52,6 мың гектар жер қайтарылды, қалған учаскелер бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл жер учаскелері экономикалық айналымға тартылған.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатымен прокуратура органдарында құқық қорғау және басқа да уәкілетті ведомстволар өкілдерінің қатысуымен мобильді топтар құрылған. Олардың белсенді іс-қимылы нәтижесінде буллингтің жасырын фактілері әшкереленіп, білім беру мекемелерінің заңды өкілдері мен лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 11,2 млн. теңге мөлшерінде бюджет қаражатын ұрлау фактісі тіркеліп, сот үкімімен айыпты адамның 3 жыл 6 айға бас бостандығы шектелді. Залал толық көлемде өтелді. Жұмыс берушілерден 100 мүгедек жанның жеке табыс салығы үшін бұрын ұсталған қаражаты қайтарылды. Қадағалау актісі бойынша 18 азаматқа мүгедектік беріліп, зейнетақы төлемі қалпына келтірілді. Тұрғын үй заңнамасының сақталуы бойынша тексерулер жүргізіліп, пәтерлерді заңсыз беру мен жекешелендіру талабын өрескел бұзғандар анықталды. Баспаналарды заңсыз жекешелендіру фактілері Қылмыстық кодекстің 189-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, сотқа жолданды.
Облыстың әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жалақыдан заңсыз ұстап қалу жайттары орын алған. Кінәлі деп танылған лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 2,5 млн.теңге мөлшерінде заңсыз ұсталған қаржы қайтарылды. 40 қызметкердің конституциялық құқықтары қорғалды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау үшін артық ақы алынып, 2,5 мың азамат зардап шеккен. Мәселен, 3 ауданда жергілікті коммуналдық кәсіпорындар үй тұрғындарымен жазбаша уағдаластық жасап, 2 мың теңгеден алым жинаған. Осы заң бұзушылықтар үшін 3 аудан әкіміне тәртіптік жаза қолданылды. Мәслихаттардың 2024 жылғы 9 ақпандағы шешімімен тұрмыстық қатты қалдық заттарды жинаудың, тасымалдаудың, сұрыптаудың және көмудің тарифтері бекітілді. Нәтижесінде төлем құны 2000 теңгеден 350 теңгеге дейін төмендетілді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалау саласында адам өлтіру, тонау, ұрлық жасау, ауыр дене жарақатын салу фактілерінің өсуіне жол берілмеді. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде интернет-алаяқтықты төмендетуге бағытталған іс-шаралар өткізілді. Халықтың 35,2 пайызы “EGOV” қосымшасы арқылы кредиттерді ресімдеуден ерікті түрде бас тарту жүйесіне қосылды, 54 млн. теңгеден астам қаражат өндіріп алынды. Cyberpol топтарына аппараттық-бағдарламалық кешендер сатып алуға (“АРГУС”, “Айрис” және “БЛЮР”) әкімдіктер тарапынан 17 млн. теңге бөлінді. Мүдделі органдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасай отырып, студенттермен өткен кездесулерде интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері кеңінен түсіндірілді. Телеарналарда тақырыптық репортаждар көрсетілді, бейнероликтер орналастырылды. Осылайша интернеттегі алаяқтық пен түрлі алдау-арбау көріністерінің 13,3 пайызға азайтылуына қол жеткізілді.
Тергеудің рұқсат етілмеген әдістерінің алдын алу мақсатында қылмыстық қудалау органдарына қадағалау күшейтілді, кезекші прокурорларға қосымша 420 камера қойылды. Бейнемониторинг шеңберінде заңсыз ұсталған 7 адам босатылды. 8 мыңнан астам негізгі процессуалдық шешімдер зерделеніп, жеделділік барынша арттырылды.
Қайрат ӘБДІХАНОВ,
облыс прокуроры, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.