Елімізде Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша фермерлердің өтініш-тілектерін ескере отырып, осы жылдың 29 қарашасынан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді қаржыландыру басталды.
“Президенттің тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд. теңгеге дейін бағытталады, оның 560 млрд. теңгесі капиталдың нарықтық көздерінен тартылатын болады. Бүгіннен бастап “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ жылдық 5 пайыз деңгейінде жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен “Кең дала-2” бағдарламасы бойынша қаржыландыру тетігі іске қосылды”, – делінген хабарламада.
684 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден шамамен 82 млрд. теңге сомаға өтінімдердің жалпы пулы қалыптастырылды, оның ішінде 176 өтінім қабылданды. Тағы 509 өтініш бойынша 59,9 млрд. теңгеге құжаттар жиналады.
Өтінімдердің басым көпшілігі Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының фермерлерінен келіп түсті. Қаржыландыру алғаш рет көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуден бұрын басталғанын атап өту маңызды, бұл фермерлерге тұқымды, тыңайтқышты алдын ала сатып алуға, техниканы дайындауға және барлық қажетті жұмысты сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.
Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында шаруалар өздеріне барынша қолайлы жағдайлар бойынша жедел қаржылық қолдау алады. Бұдан басқа, қарыздарды ресімдеу үшін де, оларды кейіннен өтеу үшін де жүгінуге болатын қаржы институттарының саны ұлғайды. Қаражатқа екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары және Аграрлық несие корпорациясы арқылы қол жеткізуге болады.
Өтінімдер беру үшін “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның жақын маңдағы өңірлік филиалдарына жүгіну қажет. Қосымша ақпаратты “Agrocredit.kz” сайтынан алуға болады және “Kcell”, “Activ”, “Beeline” абоненттері үшін 5353 “Call center” нөмірі, “Tele 2”, “Altel” үшін 8 701 006 19 91 телефон нөмірі жұмыс істейді.
Әсет ҚАНАФИН.