Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай “Үш жүзді сайран қылған Біржан едім” атты ән кеші өтті. Шараға жергілікті өнерпаздармен қатар Көкшетаудағы Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншілері де қатысты. Кеш Еркебұлан Қарыповтың орындауындағы мерейтой иесінің әйгілі “Сырғақты” әнімен ашылды.
Жанып тұрған жас өмір – алқызыл гүл,
Сипаттауға келбетін жетпейді тіл.
Жауқазын – желбіреген жастық шағым,
Өмірдің мағынасын түсіне біл, – деп жырлапты ақын.
Біржан сал – сал-серілер поэзиясының қалыптасып, дамуына сүбелі үлес қосқан дарын иесі. Жаяу Мұса, Құлтума, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Шашубай, Иманжүсіп, Балуан Шолақ сынды өнер майталмандарының бәрі Біржанның ақындық, әншілік мектебінен өткен. “Біржан салдың ақындық жүрегінен төгілген алтын мен күмістің нақысындай” толқынды жырлары мен сырлары ұлттық игілігіміз ретінде ғасырлар керуенімен аршынды қадаммен ілгері баса бермек”, – деп жазады өз зерттеуінде ғалым Серік Негимов.
Шарада жергілікті әншілер Жанат Айтбаев, Біржан Есжан, Ғалымжан Нұрпейісов, Еркебұлан Қарыпов, Ерасыл Алпысбай, Исламия Серікқазы, Жансая Сәулеттермен қатар көкшетаулық Сәрсенбай Қасенов, Төлеген Аманов, Зәмзәгүл Смағұлова, Өмірзақ Шешқанұлы әннен шашу шашты.
– Бүгін алты Алашқа аты мәлім, қазақтың кәсіби әншілік өнерінің негізін қалаушы, сал-серіліктің туын тіккен, өзі ақын, өзі әнші, композитор Біржан салдың туғанына 190 толуына орай концерт ұйымдастырдық. Кеште Біржанның біршама әндері шырқалды. Төскейде малы, төсекте басы қосылған, ауылы аралас, қойы қоралас Қызылжар мен Көкшетауға ортақ тұлғаларымыз көп. Солардың бірегейі – Біржан сал. Ақын 1934 жылы Ақмола облысында дүниеге келсе, оның аталары осы өңірден көшіп барған екен. “Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Өзім сал, өзім сері, кімге зармын?” деп өзі шырқап кеткендей, ол заманында елін әнімен әлдилеп, бар қазақтың жүрегінен орын алған дарын иесі, – деді Біржан Есжанов.
Концертте “Айтбай”, “Жонып алды”, “Теміртас”, “Ләйлім шырақ”, “Жанбота”, “Жалғыз арша” сынды туындылары шырқалды. Балуан Шолақ, Естай, Майра, Кенендердің әндері де әуеледі. Әсем әнге аға буын қиқу салып, өнерпаздарға дем беріп отырды.
– Қызырлы Қызылжарға көрікті Көкшетаудан ән сәлемін ала келдік. Бүгін тамаша кешке куә болдық. Осылай шараға атсалысып жатқанымызға қуаныштымыз. Біржанның әндері елдің құлағында әбден жатталған туындылар. Көкшетаудағы Кенжебай Мұқышев ағамыздан “Ақтентек” әнінің ел арасындағы нұсқасын үйреніп едім. Осындағы ағайынға сол әнді тарту еттім, – дейді көкшетаулық әнші Сәрсенбай Қасенов.
Шараның екінші бөлігінде кештің сәнін Сегіз сері атындағы халық аспаптары оркестрі кіргізді. Дәмеш Құрманкина оркестрдің сүйемелдеуімен “Көкек” әнін шырқады.
Біржан сал шығармашылығының тағы бір маңызды қыры – айтыскерлігі. Оның Сарамен әйгілі айтысы күні бүгінге дейін зерделеніп келеді. Сөз сайысына қатысты пікірлер де, деректер де сан алуан. Аталған айтысқа орай Мұқан Төлебаев пен Қажым Жұмалиевтің жазған “Біржан-Сара” операсы ұлттық мәдениетіміздің мәйегін танытқан туынды. Шарада аталған шығарманың үзіндісін оркестр және хордың сүйемелдеуімен Асхат пен Динара Таушевтар орындады.
“Мен Біржан болғалы талай заман” деп ақынның өзі айтқандай, қазақтың ән өнерін жаңа деңгейге шығарып, мәдени мұрамызды байытқан Біржан салдың дүниеге келгеніне де екі ғасырға жуықтады. Өнерге ынтық көрермен мен дарынды өнерпаздар барда сал-серілердің әндері шырқала бермек.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.