«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СЫРТЫНАН “АНА” ДЕЙМІН, КӨЗІНШЕ АЙТА АЛМАЙМЫН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дәріханада кезекте тұрған едім. Жасы қырықтар шамасындағы бейтаныс ер адам сатушыға бірнеше дәрінің атын айтты. “Анашым қатты ауырып жатыр. Мына қағазға жазылған дәрілерді ішудің тәртібін түсіндіріп жібересіз бе?”, – деді іштей қобалжыған күйде. Сатушы да бәйек болып рет-ретімен түсіндіріп беруде. Оның:

– Анаңыздың жасы нешеде? Бұл дәрілерді бұрын қабылдап көріп пе еді? Әлде бірінші рет пайдаланғалы отыр ма?, – деген сауалына әлгі жігіт не деп жауап берерін білмей үнсіз қалды. Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде: “Хабарласып білейін”, – деді. Телефонның арғы жағындағы дауысты ести салысымен тұтқаны сатушыға ұсынды. Мұның мәнін әлгі жігіттің “сыртынан “ана” деймін, көзінше айта алмаймын. Сіздің сөйлескеніңіз дұрыс болар”, дегенінен аңғарғандаймын. Мұны қазақ бір сөзбен “бауырына басу” деп атайды.

Иә, қазақ отбасыларында тұңғыш баланы атасы мен әжесінің бауырына салу дәстүрі кеңінен сақталған. “Балам – балым, немерем – жаным” дейтін үлкен кісілер нәресте кезінен ер жеткен шағына дейін үлкен немересінен бар мейірін аяп қалмайды. Шал мен кемпірдің баласы болу – бүкіл әулеттің еркесі болу деген сөз. Ешкім бетіңнен алмайды, араша түсер, арқа сүйерлерің мықты. Бұл үрдіс бұрыннан-ақ қалыптасып қойған. Оған мысал – бәріміз білетін Шоқан Уәлихановтың Айғанымы, Абай Құнанбаевтың Зересі, әлемді мойындатқан әнші Димаш Құдайбергеннің ата-әжесі. Алайда кейбір өмірлік мысалдар бұл дәстүрдің бала психологиясына кері әсер ететінін дәлелдеуде. Қазір, шыны керек, бауырына салу дәстүрі бойынша немерені ата-әжесінің қолына беру үрдісі азайған. Дегенмен мүлдем жоқ дей алмаймыз. Бар. Кейінгі жылдары әке-шешесінен бөлек өскен балалардың ахуалы туралы қоғамда талқы көп. Бауырына баспаса да ата-әжесінің тәрбиесімен өскен балалардың өзі әке-шешесімен қарым-қатынаста қиындықтар болғанын жасырмайды.

“Халқымыз немеренің үлкенін атасы мен әжесіне беру дәстүрін әлі күнге дейін сақтап келеді. Қоғамда “кемпір-шалдың баласы” атанғандар көп. Олардың барлығы дерлік отбасында абыройлы, беделді саналады. Өйткені, әулеттің үлкендерінің кенжесі атанғандарға ешкім қат-қылдау сөз айта алмайды, “ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс”, – дейді еңбек ардагері Ғалия Әскербекқызы.

Кішкентайынан атасы мен әжесінің бауырында өскендер көп жағдайда туған ата-аналарының есімін атап, атасы мен әжелерін “анашым”, “әкешім” деп жатады. Қоғамда осы дәстүр туралы әңгіме өрби қалса пікірлер екіге бөлініп, дау туғызатыны да жалған емес. Адамның тегін анықтаумен айналысатын маман Әлия Сағымбаева “Мегаполис” газетіне берген сұхбатында: “Қазақта тұңғышты қырқынан шықпай жатып ата-әжесіне беріп жатады. Біздің ата-бабаларымыз ат үстінде жүріп соғысқан. Перзенттері қауіпсіздікте болсын деп оларды ата-әжесіне берген. Алайда уақыт өте дәстүрге айналып кетті. Менің пікірімше, аталған үрдіс дұрыс емес. 3 жасқа дейін бала анасының қамқорлығында болуы керек. Өйткені бұл уақытта сәбидің дүниетанымында қоршаған ортаға, туғандарына деген махаббаты оянады. Ал үш жастан кейін баланың тәрбиесіне әкесі араласуы тиіс. Егер сәбиді анасынан ерте ажырататын болса, табиғаттың заңдылықтары бұзылады. Болашақта ол бала жиі проблемаларға шалдығып, көңілінде ата-анасына деген реніш пайда болады”, – депті. Маманның бұл ойымен келісетіндер де, керісінше, қарсы уәж айтатындар да аз емес. Қарсылық танытушылардың денінің ойы: “Қазір ата-енемен тұруды қаламайтын жастар көп. Қазақта баласын үйлендіріп, келін түсірген ата мен ене ешқашан бөлек тұрмаған. Бұл салт ана-әже мен бала, келін арасындағы сыйластықты, жақындықты одан сайын жалғай түседі. Отбасы институтын нығайтатын салттың бірі”, – дегенге саяды.

“Баламның баласы – жаным” деген қанатты сөзді тура мағынасында ғана қабылдайтын аға буын өкілдері бар. Соның кесірінен бауырына басқан немересіне деген махаббат ата мен әженің қызғанышына себеп болып жатады. Жас баланың өз әке-шешесін мойындамай “сен” деп қарсы сөйлеген әрбір сөзін жақсы көріп, мұндай қарым-қатынастың салдарына бейжай қарайтын әулет үлкендері де кездеседі. Соның зардабынан кімнен туғанын білсе де “тәтелеп”, “ағалап” яки атын атап жүрген немерелерді кездестіріп жатамыз. Уақыт өтіп, есейсе де қалыптасып қалған қағиданы өзгерту қиын. Ал аға буын өкілдері келместің кемесіне мініп кеткен соң ортада қалған бала жетімдікті ерте сезінуге мәжбүр болады. Айгөз Бекмұратова есімді оқырманымыз да осындай пікірде. Ол – үлкен немересін бауырына басқандардың бірі. “Ұлым он тоғыз жасында үйленді. Жиырмаға толғанда перзентті болды. Зайыбым екеуіміз қатты қуандық. Тұңғыш сәбилерін бауырымызға басып, келініміз бен баламызды оқуларын жалғастырсын деген ниетпен қалаға жібердік. Немерем анасын “жеңге”, әкесін “аға” деп атады. Атасы екеуімізге жақын болды да, әке-шешесіне суық болып өсті. Қазір үлкен жігіт болса да, бізге келгенде кішкентай балаша еркелеп кетеді”, – дейді ол.

Атасы мен әжесінің бауырында өскен немерелердің көбінің үлкендерше сөз саптайтыны, дәстүрді берік сақтайтыны байқалып тұрады. Ата мен әженің тәлімін көргендіктен болар олардың дені оқу-білуге, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға даяр.

Уәлихановтық Даяна Мергенбай – кішкентайынан ата-әжесінің қолында өскен. Ол бала күнінде ешкім бетінен қақпағанмен, кейін қиналғанын айтты. “Ауылдағылар “кімнің қызысың?” деп сұрағанда ойланбастан “Әжемнің қызымын” деп жауап беретінмін. Әжемнің қызы атанғанды мақтаныш көрдім. Туған бауырларымнан бөлініп, әжем қайда жүрсе сол жерден табылатынмын. Әке-шешем жұмсаса: “Әжем рұқсат етпейді” деп сылтаурататынмын. Әжем былтыр өмірден озды. Дүние төңкеріліп түскендей күй кештім. Туған анамды, әкемді әлі күнге дейін жатсынамын. Қанша жерден бір-бірімізді жақын тартып тұрсақ та арада көзге көрінбейтін салқындық бар”, – дейді Даяна.

Біз қаузап отырған бұл мәселе небір шығармалар мен кинотуындылардың басты тақырыбына айналған. Мысалы көптеген халықаралық жобалардың жеңімпазы атанған “Бауырына басу” киносын тамашалап отырып дәстүрдің озығы мен тозығына көз жеткізгендей боласың. Осы мақаланы жазу барысында туындыны басынан аяғына дейін көріп шықтым. Жыладым, күлдім, мұңайдым.

Фильмнің бас кейіпкері Ерсұлтан (рөлді сомдаған – Ерсұлтан Ерман) ес білген сәтінен бастап, әжесінің қолында тәрбиеленеді. Бұл дәстүрдің бала психологиясына әсер ету сипатын режиссер жеке тәжірибесінің нәтижесі аясында көрсете білген. Әжесі шалы мен екі баласынан айырылғаннан кейін, қызының ұлын, яғни жиенін бауырына салып, өз ауылында алып қалады. Тұрмыстың қиындығына қарамастан, аянбай еңбек етіп жүргеніне, әжесіне деген қамқорлығына, көзінен төгіліп тұратын мейірімге қарап таңдай қағасың. Алайда Ерсұлтанның үнсіздігі де осынша терең, қатпарлы. Дәл осы үнсіздіктің астарында үлкен мұңның жатқанын кеш батқанда бірақ білеміз. Әр кеш сайын оюлы кілемнің артында тұрған ата-анасының суретін қызықтайды. Суретке қарап жатқан баланың қаншалықты бақытсыз екенін сол сәтте ұғына бастаймыз. Ерсұлтанның тағдыры әжесінің о дүниелік болған сәтінен бастап күрт өзгереді.

Иә, әр адамның тағдыры әрқилы. Туған анасы мен әкесінен жырақта ата-әженің қолында тәрбиеленіп жатқан қаншама адам бар. Біз оларға “Дүниеге қайта келгенде не істер едіңіз?” деп сұрақ қойсақ, бірауыздан: “Әкем мен анамның қолында тәрбиеленер едім” деп жауап беретіндей көрінеді. Жанымызда жүрген жақынымыздың бірі туған анасына “анашым” деп айтуды арман етіп жүрген шығар. Тоғыз ай, тоғыз күн құрсағында мәпелеген ана мен баланың ортасындағы алшақтықты жақындастыру үшін жылдар бойы сақталған қағиданың қамалын бұзып-жару мүмкін бе?

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp