Петропавлда облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың қатысуымен жаңа жобалар бойынша инвестициялық тур ұйымдастырылды. Өңірде қазіргі уақытта жалпы сомасы 755,5 млрд. теңгенің 46 жобасы жүзеге асып жатыр. Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы аясында қолға алынған бұл жобалардың 16-сы биыл іске қосылмақ. Тартылған инвестиция – 35,9 млрд. теңге. Бұл жобалар өңірдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
“Өңірде инвестициялық ахуал жыл сайын жақсарып келеді. Мысалы биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облысқа инвестиция тарту деңгейінің 9 пайызға өскенін байқаймыз. Жүзеге асырылып жатқан игі бастамалардың қатарында Ресейдің, Түркияның және Қытайдың 2 жобасы бар. Сондай-ақ таза отандық жобалар да жүзеге асып жатыр”, – деді Рүстем Құрманов.
Жақында ғана жаңғыртылған Петропавл арақ зауыты – өңірдегі ірі кәсіпорын. Негізі 1942 жылы қаланған зауыттың аумағы 2,7 мың шаршы метрді алып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға 12,8 млрд. теңге жұмсалған. Зауыт заманауи технология бойынша жұмыс істейді. Қазір онда 160 адам еңбек етіп жатыр, орташа еңбекақы – 267 мың теңге.
“Осы салада мен 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келемін. Біз сапаға көп көңіл бөлеміз. Сонымен қатар зауыт еуропалық заманауи техникалық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Өнім стандарттарға сай өндіріледі. Біз өндірістің барлық кезеңдерінде қатаң бақылау жүргізіп, қауіпсіздік пен дәмінің сақталуына кепілдік береміз”, – дейді кәсіпорынның бас технологы Лариса Кашина.
Журналистер ат басын бұрған екінші нысан – Петропавлдағы “Самовар” қонақүйі. Жергілікті инвестор бұл жобаны “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Инвестиция көлемі – 1 млрд. теңге.
“Ғимараттың жалпы аумағы 1300 шаршы метр. Қонақүйдің құрылысында тек жоғары сапалы материалдар қолданылуда. 34 бөлме болады, оның ішінде шағын, стандарт, жартылай люкс және люкс бөлмелер қарастырылған”, – дейді қонақүйдің директоры Константин Полтавец.
Біз табан тіреген “Зеленый Север” – өңірдегі төртінші буынға жататын жалғыз жылыжай кешені. Жобаға 7,2 млрд. теңге қаражат жұмсалған, оның 5,8 млрд. теңгесі – “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан алынған несие. Жылыжай кешенінің жалпы алаңы – 3,7 гектар. Бұл жылыжай өңірді жыл сайын 3 мың тоннаға дейін көкөніспен қамтамасыз ете алады, бұл өңір қажеттілігінің 30 пайызы. Өнімдер жергілікті сауда желілерінде нарықтық бағадан төмен сатылады. Жылыжайда 70 адам жұмыс істейді.
“Жылыжайда өсімдіктердің дұрыс өсуі үшін қажетті микроклимат жасалған, ол автоматты түрде реттеліп отырады. Бұл жүйе климатты басқару, тамшылатып суару, қосымша жарықтандыру және көп контурлы жылыту жүйелерін қамтиды. Сонымен қатар ауа температурасы мен ылғалдылығы тұрақты бақылауда ұсталады, бұл өсімдіктердің өнімділігін арттырады”, – дейді кәсіпорын директоры Екатерина Асаенок.
Түрік инвесторы жүзеге асырған жоба – ағашты терең өңдеу кәсіпорны. Ол бүгінде “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының мемлекеттік қолдауы және “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағының қатысушысы ретінде алынған преференциялардың арқасында өнікті жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек 8 млрд. теңге инвестиция тартылған. Орталық Азияда ламинатталған фанера мен ДСП өндіру саласындағы ең ірі зауыт жоғары дәлдікпен жұмыс істейтін заманауи құралдармен жабдықталған.
“Бірінші жылы біз 18 мың текше метр материал шығарсақ, екінші жылы бұл санды 30 мың текше метрге жеткіздік. Ал қазіргі таңда жаңа ғимаратымыз, заманауи жабдықтарымыз бен станоктарымыздың арқасында жылына 50-55 мың текше метр фанера шығара аламыз. Келесі жылы отын пеллеттерін шығаруды жоспарлаудамыз. Сонымен қатар ағаш өңдеу саласында да жаңа жобаларымыз бар. Өнімдеріміздің 70-80 пайызы Еуропа мен Америкаға экспортталады, атап айтқанда, Германия, Италия және Балтық мемлекеттеріне жібереміз”, – дейді кәсіпорын директоры Огузхан Челик.
Инвестициялық тур барысында өңір басшысының орынбасары келесі жылы облыста жалпы құны 291,6 млрд. теңге болатын 20 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын айтты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.