Жүсіп МАҒЗҰМОВ,
62 жаста.
Біздің жас жүрегімізде арман көп еді ғой. Күнде қиялдың қанатына жармасып, әр биіктің басын бір шалатынбыз. Көзін тырнап ашқалы бірге өсіп келе жатқан бір топ баланың арман-мақсаты бір болатын. Адам үшін бала күнгі достарының ыстық болатыны осыдан шығар. Сол шулаған қара домалақтардың ішінде Еркін екеуіміз арамыздан қыл өтпестей дос едік. Екеуіміздің ертеңге деген мақсат-мұратымыз үндесіп жататын.
Төрт баланың кенжесі Еркін ерке өскен, тентек мінезді бала еді. Бірақ қай кезде де көңілі ашық, іштегіні бүкпесіз жеткізетін, жүзінен-ақ бар ойы көрініп тұратын жан болатын. Болмашы кемшіліктің өзін түзетуге тырысатын, өтірік пен жасандылықты жек көретін қасиет кішкентайынан бойына сіңген.
– Адам дүниеге келген соң қу тірліктің қамымен бар өмірін өткізбеуі керек. Адамның құлқыны ешқашан толмайды. Сондықтан аз ғана ғұмырды мағыналы іске арнаған дұрыс, – деді бірде Еркін.
– Сонда не істемексің?
– Не істейтінімді білмеймін. Бірақ біреуге пайдамды тигізсем, біреудің алғысын алып, өмірінің жақсы жаққа өзгеруіне септессем деймін. Мұның бәрін есейгенде толық ойланармын.
Еркіннің осы сияқты пайымдары кейде менің таңданысымды тудыратын. Мұндайда ол біз қатарлы бала емес, ересек адам сияқты көрінетін.
Қимас қызыққа толы балалық шақ көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Ортасы бөлінбейтін топ бала ұядан ұшқан балапандай жан-жаққа өз арманын қуып кетті. Еркін екеуімізді тағдыр екі жағаға лақтырды. Сонда да ара-тұра хабарласып, хал білісіп тұрдық. Ол ең беделді оқу орындарының бірінде оқыды. Зеректігімен көзге түсіп, көп жерде мерейі үстем болып жүрді. Жақын жолдасымның бұл жетістігіне көптен бұрын қуанған өзім болдым. Өйткені Еркіннің бар болмысын, көкейіндегісін айнымай танитын досымын. Бірақ бірде кездескенімізде ол маған күтпеген ой айтты.
– Қазір өмір сүру қиындап барады. Қолыңда ақшаң, басыңда беделің болмаса сенімен ешкім санаспайды. Сондықтан басқасын қойып, алдымен осыны ойлану керек. Біздің сенетін ешкіміміз де жоқ. Сондықтан өз-өзімізді алға сүйремесек, көппен бірге қиындық көріп жүре береміз, – деді Еркін.
Туғаннан танитын жанның осындай тосын пікір айтқанына таңырқап қалдым. Өзім өз болғалы Еркіннің аузынан “өзім” деген сөз шыққан емес. Маған бозбала шақта ізгілік, өмір мәні, оны мейілінше жақсылыққа арнау туралы айтып, әулиедей көрінген Еркіннің аузынан шыққан бұл сөзге не дерімді білмедім. Десе да айтарлықтай мән берген жоқпын. Қаладағы қайнаған өмір ауылдың аңғал баласын ширатқан шығар деп ұқтым.
Сөйтіп жүріп оқуды да тамамдадық. Еркін ересек өмірдегі орнын бірден таба қойған жоқ. Жылына бірнеше рет жұмыс ауыстырады. Бірдеңе көңіліне жақпаса, басқа жерге кетеді. Тіпті бәрін тастап шағын кәсіп ашып та көрді. Онысынан да түк шықпай тағы қызметке кірісті. Ақыры еңбегінде өнім, жұмысында қозғалыс байқала бастады. Көзге түсіп, мансабы да өсті. Қол астында үш-төрт адам болса да, үлкен мекеме басқарып отырғандай жұмысын тыңғылықты істейді. Ертелі кеш кеңседен шықпайтын боп алды. Еркінмен демалыста кездесудің өзі мұң. Қашан хабарлассаң да “жұмыстамын” дегеніне таңданбайтын болдық. Жолдасымыздың табанды еңбегіне, өз ісіне шын берілгеніне сырттай сүйсініп жүрдік.
Еткен еңбегі, төккен тері ақталып, Еркін бір-ақ күнде үлкен бір мекеменің бастығы болып шыға келді. Оның бұл жетістігіне біз өзінен қатты қуанған шығармыз. Өзімізше жолдасымыздың жаңа қызметін атап өттік.
Содан бастап Еркіннің айы оңынан туды. Сәт санап қызметі жоғары өрлей берді. Бір орында ұзақ тұрақтамайды. Таутекедей секіріп келесі биікке шығады. Ел алдында жүрген соң көпке аты шыға бастады. Әйтеуір бұйрығына біршама адам бағынатын, маңызды мәселелерді бір ауыз сөзімен реттейтін, билік тізгінін мықтап ұстаған ел азаматына айналды.
Еркіннің басшы болғанын білгенім болмаса, оның жұмысы туралы көп нәрсе білмейді екенмін. Бірақ мен білетін жолдасымның жұмысты ақсатпайтынына сенемін. Реті келсе оны қолпаштап, көп арасында мерейін асырып, шашбауын көтеріп отырамын. Сөйтіп жүргенде тағы бір сыныптасымызды кездестіріп қалмасым бар ма? Мектепте көпке әрең ілесіп көштің соңында жүретін, ата-ананың қатал талабы мен аз-кем ақшасының арқасында әупірімдеп мамандық алған танысымның қымбат көліктен түсіп келе жатқанын көріп өз көзіме өзім сенбедім. Үстіндегі киімі ине-жіптің көзінен енді өткендей жап-жаңа. Жүзі де жылтырап тұр. Дегенмен адамды қанша үлде мен бүлдеге орасаң да шолақ ақылын ұзарта алмайды екенсің. “Жетістігінің сырын” айту үшін танысыма көп сұрақ қоюдың қажеті болған жоқ.
– Біздің Еркін нағыз азамат қой. Алдына барған адамның қолын қайтармайды. Көпке шапағаты тиген жан екен. Екі қолға бір күрек таппай жүрген соң бұрынғы жолдасымды іздеп, алдына бардым. Айтқанымды қабағын жазбай тыңдады. Кейін жүрек жібітер сөздер айтып, қалтамдағы сыйлығымды қолына ұстата беріп ем, жүзі жайнап шыға келді. Сөйтіп майлы жіліктің бір басы маған да бұйырды,– дейді әлгі ақсия күліп. Жан баласының ойы жетпеген керемет жаңалық ашып, бәріміздің мәселемізді шешкендей тоқмейілсіп тұрғанын қарашы. Бұдан арғы сөздің артық екенін ұғып тез жүріп кеттім.
Мұндай ұры ой менде де болмады дейсіз бе? Тұрмыстың жүгі иыққа түскенде мен де бала күнгі досымды сағалап барғым келетін. Төбемнен шікірейе қарап, өтінішімді жүре тыңдайтын басшылар Еркіннің атын айтсам екі өкпесін қолына ала жүгіретінін білсем де ондайға барған емеспін. Жақынымның жұмысына кедергі келтіріп, абыройына дақ түсіргім келмеді. Әйтпесе жаңағы жіліктің бір басын мен де мүжіп, екі ұртымнан май ағып отырмаймын ба? Сүйек аңдыған ит құсаған бүйткен тіршіліктің керегі жоқ.
Сол оқиғадан бері Еркіннің жақсы атын естіген жоқпын. Білетіндер оның биліктің жуан бұтағына айналып, басқаларға көлеңкесі түсе бастағанын айтады. Біреулер ол істеді дейтін оғаш қылықтардың шетін шығарады. Тіпті кей ортада оны жақыннан танитынымды айтуға ыңғайсызданатын болдым. Осының шындығына көз жеткізу үшін не болса да Еркіннің өзімен кездесу керек екенін түсіндім. Ел деген азаматтың сыртынан біреу қауесет таратып жүргеніне сенемін.
Үлкен қоңыр есіктің алдында бір ақсақал отыр екен. Оның да Еркінге келгенін түсініп қасына жайғастым. Көп өтпей қария әңгімесін бастады.
– Бұрын бұл жерді Құдайға қараған біреу басқаратын. Қай кезде де есігінен адам үзілмейтін. Үлкен-кіші демей мәселеңді тыңдап, көмек беруге тырысатын еді. Ақыры көре алмайтын біреулер аяқтан шалды. Құлагеріміз сүрініп, қияға құзғын шыққан заман болды ғой. Қазіргі сабазың бізді үлкен екен демейді. Осымен нешінші рет келсем де, сылтау айтып, уәдесінен айнумен келеді, – деп отырған ақсақалды кабинетке алып кетті.
Жаңағы кісінің қоңыр есікті әрең ашып, күрсініп шыққанына қарап, бұл жолы да үмітінің ақталмағанын ұқтым.
Бірақ Еркін мені жылы қабылдады. Әрнені еске алысып ұзақ отырдық. Кенет ол түсін суытып “Сонымен, қандай жұмыспен келдің?” демесі бар ма? Мен өзімді ыңғайсыз сезініп “Өтінішім жоқ, өзіңді көруге келдім” деп бәйек болдым.
– Жасырмай-ақ қой. Мұнда келгеннің бәрі өз пайдасын ойлап келеді. Таныстығын сылтау етіп, өзіне керек нәрсені сұрап алады. Кейде өзіне керегін екінші, үшінші келгенде айтатындар бар. Сенімен жақын дос болдық қой. Айналшықтамай тура айта бер, – деді шалқая түсіп.
Мен орнымнан қалай атып тұрғанымды білмей қалдым. Қайта отырғым келген жоқ. Есікті тарс жауып шығып кеттім.
Мұнша аңғал болармын ба? Көңіл шіркін алдамшы ғой. Кейде бір адаммен ақтарыла әңгімелесіп отырып, өмір бойы осылай сырласып, сыйласып өтеміз деп ойлайсың. Алайда бірталай уақыттан кейін бәрі танымастай өзгеріп кеткен соң өткен күнге көз жүгіртіп, әлгі адамның бойынан бұрынғы қасиеттерін іздейсің. 5-10 жылдан кейін жақыныңнан өзіңе таныс бұрынғы қарапайым адамды таппай дағдарасың. Екі тағдыр жолы енді ешқашан қиыспайтынын қинала мойындайсың.
Еркіннің өз өмірінен қайтіп “мән” тапқанын кейін естідім ғой. Шарапатын елге тигізудің орнына айналасындағыларды разы етуден аса алмапты. Мен білетін тамыр-танысын тегіс жарылқапты. Нағашы-жиен, аға-бауыр, қала берді қайын жұрттың бәрін түгендепті. Басқаның айтқанын жүре тыңдайтын ол өзі танитындарға ғана шапағатшы болыпты. Бұл қызметінің ақысын да бірнеше еселеп қайтарғаны анық. Сөйтіп кенеттен жайлы орынға жайғасқан сыныптасым бұл жүкті көтере алмады. Елге “сүйкімді” бола жүріп талай ойын жүзеге асырыпты. “Елім, жерім” деп сөйлегенде ет жүрегің елжіреп “азаматым-ай” деп отырасың. Ал қоңыр есіктің арғы жағында бұл мінездің титтей де белгісі жоқ. Билік адамды осыншалық өзгертетінін бұрын естісем де, Еркіннің басынан мұндай жағдайдың өтетініне сенбейтінмін. Әлемде алтын тақтың буына мастанып, өзін де, елін де қырғынға ұшыратқан билеушілер қай кезде де болған. Алайда адам баласы қай кезде өткеннен сабақ алып еді? Өз басымыздан өтпейінше, осы дәурен мәңгі тұра береді деп ойлаймыз.
Сөйткен Еркіннің еркін сайран салған күні де аяқталды. Басшылық қызметке қалай кездейсоқ келсе, дәл солай бір-ақ күнде қоңыр есікті соңғы рет жапты. Әлгі есіктің артында бар өмірінің қызығы қалғандай қинала жапты. Күнде шалқайып кіретін кеңсесінен бұл жолы еңкейіп шықты.
Құныққан көз мұнымен қойсын ба? Еркін басқа жұмысқа орналасуға, бұрынғы абырой-беделге қайта ие болуға тырысып бақты. Алайда тізгінді қолдан бір шығарып алған соң қайта алу мүмкін емес еді. Енді Еркіннің жалғыздық ғұмыры басталды. Қызметінен тайған соң айналасындағылардың бәрі сырт айналды. Төрде отырып, басқаларға маңғаз қарауға үйренген жанға бұл оңай болған жоқ.
Содан бері Еркінмен кездескен емеспін. Арада ондаған жыл өтті. Біздің қатарымыз аға буынға айналып, егде тартты. Бірде көп арасында ескі танысымды кездейсоқ көріп қалдым. “Мен де бір кезде бастық болғанмын” дегендей басын жоғары ұстайды. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Бала кездегі досымды шын аядым. Алайда қасына барған жоқпын. Қазақ “жаманнан – кесапат” демеуші ме еді.
Дайындаған
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.