Ата-анам “жар таңдауда қателеспеген жөн” деген сөзді жиі айтатын. Осы қағиданы өмірлік мұратымызға айналдырдық. Ғұмыр бойы қол ұстасып өтетін қосағыңның адал, еңбекқор болғаны маңызды.
Жан жарым Абай Бейсенбайұлы екеуіміз 1970 жылы таныстық. Біздің басымызды бір арнаға Целиноград мемлекеттік медициналық институты тоғыстырды. Емтиханға бірге қатысып, сәтті тапсырып шыққан соң алған бағамызбен бөліскен едік. Екеуіміз де оқуға түскенімізді естіп, төбеміз көкке бір елі жетпей қалғандай қуанғанбыз. Сол сәт бүгінге дейін жадымнан өшкен емес.
Жора-жолдастарымыздың көбі бізді “Жұбайлар жырында” айтылатын құстың қос қанатына теңеп жатады. Оның да өз сыры бар. Жоғары оқу орнында біз бес жыл бойы бір партада отырып, білім алдық. Кейін тағдыр жазып, отау құрдық. Ерлі-зайыпты атанғанда да “арманды дара қумауға”, “тауларды бірге бетке алуға” серттестік. Жиын-тойларда, құрдастар бас қосқанда:
“Сен бар жерде керегем кең сияқты,
Кең сияқты, терезем тең сияқты.
Ешкім мені дәл сендей өкпелетіп,
Жұбата да алмаған сен сияқты”, – деген өлең жолдарын ерекше сүйіспеншілікпен шырқауды әдетке айналдырғанбыз.
Мен келін болып түскен жер – Мамлют ауданындағы қазіргі Бике ауылы. Ол жерде көп тұрақтамадық. Дипломымызды ала салысымен бұрынғы Соколов (қазіргі Қызылжар) ауданындағы орталық ауруханаға жұмысқа орналастық. Жұбайым – хирург, мен терапевтпін. Интернатураны аяқтағаннан кейін сол ауданда қалып, жұмыс істедік. 1980 жылы Абай әскери борышын өтеу үшін Қиыр Шығысқа аттанып кетті. Ол кезде үлкен ұлымыз небәрі 4 жаста еді. Тағы да сәби күтіп жүрген кезім. Екі балаға қарау жеңіл болмады. Отбасын құрған алғашқы жылдардың тақтайдай тегіс болмайтыны белгілі. Бірақ екі жас бірін-бірі шын сүйіп, құрметтесе алынбайтын асу жоқ. Мен мұны жастарға үнемі айтып отырамын. Шыдамдылық, сенім сияқты қасиеттер ғана шаңырақтың шаттығын асырып, керегесін кеңейте түседі.
1997 жылы біз Петропавл қаласына көштік. Жұбайым 45 жыл бойы хирург-дәрігер болып қызмет етті. Ақ халатты абзал жан атану оңай емес. Бұл атақты дәрігерлерге халықтың өзі береді. Жарық, су сағаттап, тіпті тәуліктеп берілмейтін жылдардың өзінде біз өзіміздің жұмысымызға адал болып, өлім мен өмірдің ортасында жатқан науқастарды ажалдап арашалап қалуға тырыстық. Бүгінде сол қиындықтардың барлығы артта қалды. Екі баламыз ер жетіп, үлкен азамат болды. Екеуі де М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін бітірді. Келіндеріміздің де жоғары білімі бар. Бүгінде бес немере сүйіп отырмыз.
Өткен өміріме көз тастасам, көңіл көкжиегіне небір тәтті естеліктер қонақтайды. Сол естеліктердің барлығының басты кейіпкері жан жарым – Абай. Біз – бүгінде бір отбасы ғана емеспіз, біртұтас, тағдыры мен арманы бір жандармыз. Біз адалдық деген асыл қасиетті өміріміздің өзегі еттік. Перзенттерімізге де адал болуды айтудан жалыққан емеспіз. Адал дық – асыл қасиет. Бірақ ол жас шыбық сияқты өте нәзік. Егер бағбан жерге отырғызған жас шыбығын күнде баптап, қисық өскен бұтақтарын түзеп, күтім жасамаса, ол тереңге тамыр жайып жайқала өспеген болар еді. Адалдық та сол сияқты. Ол барлық адамның бойында кездесетін табиғи қасиет болғанымен, тәлімді тәрбиені қажет етеді. Егер өскелең ұрпақты жастайынан шыншылдыққа, әділдікке, біреудің еңбегін қанамауға, өзгенің несібесіне қол сұқпауға тәрбиелемесе, олардың бойындағы табиғи адалдықты кір шалады. Жас жұбайлар бір-біріне адал болғанда ғана берік отбасы қалыптасады.
Марал ЗЕЙНЕЛ-ҒАБИҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.