Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндама жасаған Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов өз сөзін Президенттің мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі – халықтың барынша қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау, жергілікті билік тарапынан ұдайы қолдау көрсете отырып, әлеуметтік мәселелерге жете көңіл бөлу қажет деген талабынан бастап, аудан тынысына жаңа леп, соны тыныс әкелген жаңалықтармен бөлісті.
Бюджетті нақтылаудың төртінші деңгейіне көшудің арқасында жергілікті әкімдіктердің қызметі жандана түскен. Жыл басынан бері 0,5 млрд. теңге салық жиналып, елді мекендер абаттандырылып, ауылішілік жолдар қалпына келтірілген. Осы мерзім ішінде тартылған инвестиция мөлшері 32,6 млрд. теңгеге жуықтап, аудан өңір бойынша көш бастап отыр. Оның 28 млрд. теңгесі шағын және орта бизнес өкілдерінің жеке қаражаты. Қытайлық “Ай Цзюй” компаниясына қарасты “Memolux” ЖШС инвестиция көлемін екі есеге дейін молайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма, құрамажем зауытын, диірмен кешенін тұрғызған.
4,5 млрд. теңге бюджеттік инвестиция көпқабатты үйлер, мектеп салуға, білім нысандарын, сумен жабдықтау жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған. Аспанасты елінің инвестициялық компания өкілдері мен облыстық әкімдік жасасқан меморандум аясында ет өңдейтін комбинат құрылысына 11 млрд. теңге жұмсалмақ.
4,5 млрд. теңге бюджеттік инвестиция көпқабатты үйлер, мектеп салуға, білім нысандарын, сумен жабдықтау жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуге бағытталған. Аспанасты елінің өкілдері мен облыстық әкімдік жасасқан меморандум аясында ет өңдейтін комбинат құрылысына 11 млрд. теңге жұмсалмақ.
Агроөнеркәсіп саласы бойынша 12,5 млрд. теңгенің 6 озық жобасы жүзеге асырылуда. “Асар” ЖШС 400 сауын сиырға шақталған тауарлы-сүт фермасын салуды, “Зеленые луга” ЖШС сүт кешенін 800 басқа дейін кеңейтуді, “Аманат” ШҚ 5 мың басқа арналған қой фермасын құруды белгілеген. Шаруашылықтарға тұқым, гербицид, минералдық тыңайтқыш сатып алуға 3,4 млрд. теңге бөлінген. 7,1 млрд. теңгеге 375 жаңа техника әкелінген. 900 мың тонна астық қамбаланып алынған.
Берік Ақылжанұлы агроөнеркәсіп секторын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті. Бүгінде 7 асылтұқымды агроқұрылымдарда 11 мың бас мал бағылады. “Шұғыла LTD”, “Қаратомар” ЖШС-лары, “Аманат” ШҚ әрқайсысы 3-5 мың бас Шопан ата түлігін өсіреді. “АСАР” ЖШС Макашевка елді мекенінде 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Пайдалануға берілген жағдайда тұрақты 10 жұмыс орны ашылып, жылына 3,6 мың тоннаға дейін сүт сауылмақ.
Аудан өнеркәсіп өндірісі жағынан да өңірде алдыңғы орынды иеленеді. 9 жобаны іске асыруға 39,3 млрд. теңге қарастырылған. “BioOperations” ЖШС түйіршікті кебек өндіретін цехтың құрылысын аяқтауға жақын.
Тіршілік көзімен 40 ауыл мен Тайынша қаласында тұратын 27738 адам қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш аудан халқының 71 пайызын құрайды. Сумен жабдықтау бойынша 5 жоба мен кешенді блок-модуль пайдалануға берілсе, көрсеткіш 90 пайызға дейін ұлғаймақ.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.