«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЙНЕТІ КӨП БОЛҒАНЫМЕН БЕРЕКЕЛІ ЖҰМЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл шаруашылығының алға басуы, елдің азық-түлік қауіпсіздігі осы салада тер төгіп жүрген адамдарға тәуелді. Еңбекте үлкен, кіші деген жоқ. Механизатор, жүргізуші, малшы, сауыншы мамандардың әрқайсысының орны бөлек. Соның ішінде аптап ыстық, шелектеп құйған жауын, ақ қар, көк мұзға қарамай төрт түліктен көз айырмай жүрген малшылардың адал еңбегі мақтауға тұрарлық. Елдегі әр оныншы литр сүттің Қызылжарда сауылып, халықтың еттен тарықпай отырғанына біздің өңір еңбеккерлері өз үлесін қосып келеді.

Ауыл шаруашылығының тірегі болып жүрген осындай адал жандардың жұмысы ла­йықты бағалануы тиіс. Өз ісіне берілген қарапайым жандар­дың марапат сұрап, жетістігін мақтана айтып, кеуде кермесі анық. Сондықтан оларды ха­лық­тың өзі төбесіне көтеріп, басқаларға үлгі етіп көрсетеді. Бұған биылғы Республика күні қарсаңында ұйымдастырыл­ған салтанатты шарада куә бол­дық. Жиында көлік жөндеу­ші, жүргізуші, механизаторлардың кеуделеріне орден-медаль та­ғы­лып, мәре-сәре болып қал­ған еді. Бұл – тек жекелеген адам­дардың жетістігі емес, бар­ша еңбек адамдарына берілген баға. Сол жолы ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденін таққан екі азаматтың бірі – Тайынша ауданындағы “Тайынша-Астық GSK” серіктестігінің малшысы Бейімбет Ерғалиев.

Кейіпкеріміздің істегенін айтып мақ­тануды жат көретін қарапайым адам екені бірден байқалады. Осы саладағы еңбек өтілі тура­лы сұрағаны­мызда: “Жас ке­зім­нен жұмыс істеймін, қанша жыл екенін санамаппын”, – деп қысқа ғана жауап берді. Тайын­ша ауда­нын­дағы Зеленый Гай ауы­лында туған Бейімбет Ермұ­хамбетұлының бар ғұмыры туған жерімен сабақтасып жатыр. Бүгінде ол осы ауыл­дағы серіктестіктің малын қа­райды. Жасы елу сегізге келсе де, әлі тың. Көбі барудан қа­шатын қиындығы көп істі ауыр-сынған емес. Серіктестікте жа­салған жағдайға көңілі толады. Бейімбет Ерғалиев мұндағы әр қыз­меткерге шаруашылық та­ра­пы­нан керек кезде көмек көр­се­тілетінін айтты.

– Өз басым мал бағуды бей­нет деп санамаймын. Керісін­ше береке деп білемін. Мал­шының көңілі алдындағы төрт-түлікке қараған сайын тоқ бо­ла­ды. Ұзақ жылғы еңбегім еле­ніп, құрмет көрсетіліп жатқа­нына қуаныштымын. Мұндай марапат иеленемін деп ешқа­шан ойлаған емеспін. Зоотех­ник марапат алатынымды айт-қанда сенер-сенбесімді білме­дім. Кейде осы биікке жетке­німді ата-анам көрсе ғой деп армандаймын, – дейді Бейімбет Ермұхамбетұлы.

Бейімбет Ерғалиев Зеле­ный Гай ауылына тамыр жа­йып, ұрпақ өсіріп отыр. Әйе­лі ауыл әкімдігінде техникалық қызметкер болса, ұлы Тайын­ша қаласында, келіні мектепте еңбек етеді. Қолында мәпелеп отырған немересі бар. Ауыл шаруашылығының үлгілі қыз­меткері үйде де жұмыстан қаш­пайды. Жұмыста серіктестіктің ірі қарасын өзінікіндей қараса, одан босай қалса қорасындағы азын-аулақ малдың жем-шөбін ыңғайлайды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp