«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АРХЕОЛОГТЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАЛА ОРНЫН ҚАЗУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда өңірімізге жұмыс сапарымен К.А.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры, жерлесіміз Марал Хабдулина келіп-кетті. Ол Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп пен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің білім алушыларымен кездесіп, өркениеті өрістеген, қойнауы сырға толы қазақ жерінің археологиялық байлықтарымен таныстырды. Тарих ғылымдарының кандидатымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Марал Қалымжанқызы, ғылымның айналасында жүр­ген жандар өзіңізді белгілі ар­хеолог, ғалым ретінде жақсы танитыны анық. Бірақ туған жерде жырақта жүргеннен болар көпшілік соңғы кезде немен айналысып жүргені­ңізді аса біле бермейді.

– Мен 1951 жылы 15 шілдеде қа­зіргі Жамбыл ауданындағы Ар­хангелка ауылында дүниеге кел­генмін. 1972 жылы К.Д.Ушин­ский атындағы Петропавл мем­лекеттік педагогикалық институ­тының тарих-филология фа­куль­те­тін бітірдім. 1992 жылы “Солтүстік Қазақстан ерте темір дәуірінде” атты тақырыпта кан­дидаттық диссертация қорға­дым. 1993-2000 жылдары Ә.Х.Марғұлан атындағы Архео­логия институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. 2000 жылы жұбайым, археолог Кемел Ақышевпен бірге Астана қаласына қоныс аударып, Л.Н.Гу­милев атындағы ЕҰУ ар­хео­логия және дүниежүзі тарихы кафедрасына (қазіргі архео­ло­гия және этнология кафедрасы) жұ­мысқа орналастым. Жұба­йым­­ның және өзге де ғалым­дар­дың жетекшілігімен университет құрылымында археологиялық қайта жаңғырту зертханасы жә­не Есіл стационарлық археоло­гиялық экспедициясы ашылды. 2004 жылдан бастап ұлттық уни­верситет жанынан ашылған Қ.А.Ақышев атындағы Архео­логия ғылыми-зерттеу институ­тын басқарамын.

– Сіз ежелгі қалалардың орнын қазып, небір құнды жә­дігерлерді тапқан ғалымсыз. Далалық қазба жұмыстарын жүргізгенде не нәрсеге баса назар аудару қажет деп ой­лайсыз?

– Археологиялық қазба – бұл жоғалған ескерткіштер, көне за­ман мен орта ғасырлардан қал­ған жан-жануарлардың сүйекте­рі, қалашықтар мен қалалар, ежелгі қоныстар. Сондықтан зерт­теуді мұқият әрі сауатты жүргізе білу қажет. Жәдігер­лер­дің бәрін суретке түсіріп, егжей-тегжейлі сипаттап, эскиз жаса­уымыз керек. Археологиялық жұмыстың әрбір сәті мен кезеңін жіті қадағалап, бақылап, тізбек­теп жазып отыру өте маңызды. Өйткені табылған заттардың бар­лығы зертханада талдау мен қай­та құру үшін пайдаланылады. Та­рихи мұраны, ескерткішті тір­ке­месек, жоғалтып аламыз. Ес­керт­кішті барынша бастапқы қал­пында сақтап қалуға тырысу керек.

– Еліміздің топырақ ас­тында жатқан тарихы қаншалықты деңгейде зерттелген? Мемлекет тарапынан ар­хео­логтарға көмек көрсетіле ме?

– Шетел ғалымдарының бі­разы Қазақстанды “ашық аспан ас­тындағы мұражай” деп атай­ды. Бізде барлық тарихи кезең­дердің археологиялық орында­ры бар. Жүз жылдан астам зерт­теу жүргізуге болады. Мемлекет та­рапынан археологтарға қол­дау бар. Жыл сайын ғылыми зерттеулерге қаржы бөлінеді. 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар ара­сында байқаулар ұйымдасты­ры­лып тұрады.

– Қызылжар өңірінде сы­рын ішіне бүккен, әлі де зерт­телмеген қорым не болмаса қалашықтар бар ма?

– Солтүстік Қазақстан облы­сындағы өзендер мен көлдердің жағасында ежелгі қалалардың саны өте көп. Алайда оларды зерт­­тейтін маман тапшы. М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанынан Ә.Марғұлан атындағы Архео­ло­гия институтының филиалы ашыл­ған. Ондағы мамандар бү­гінде Долматов маңындағы ор­тағасырлық Ақ Ирий қа­лашығын зерттеп жатыр. “Сол­түс­тік Қазақ­стан облысының та­рихи-мәдени маңызы бар ес­керт­кіштердің жи­на­ғы” деген кі­тап та бар. Кітапты құрастыруға мен де қатысқанмын. Бұл кітап­тан бар­лық ақпа­ратты табуға бола­ды: ескерткіш­тер саны және олар­дың орна­ласуы, мәселеле­рі, міндеттері. Мен Қызылжардың та­ри­хын зерт­­тейтін көптеген кә­сі­би ар­хео­логтардың болғанын қа­лай­мын.

– Соңғы жылдары елімізде археология және этнология мамандығына оқуға ниет біл­діргендер азайғанын байқауға болады. Сіздің ойыңызша, бұл саланың болашағы қан­дай?

– Министрлік тарапынан ар­хеология және этнология ма­ман­дығына грант аз бөлінеді. Соның әсерінен болашағын археология саласымен байланыстыратындар азаюда. Жастар магис­тратураға, содан кейін докторан­тураға оқуға түсіп, білікті маман атанса, ежелгі тарихымызды иге­ру бағытына өзгерістер енгізі­лер еді. Археология ғылымының бо­лашағы өте зор деп ойлай­мын. Тарихымызды зерттеу ісі­нің 90 пайызы археология ғы­лы­мымен байланысты.

– Кемел Ақышевтың соңғы археологиялық еңбегі – Бозоқ қалашығы. Осы жұ­мыс­тың басы-қасында сіз де болдыңыз. Жалпы экспеди­циялық топтың алғашқы қазба жұмыс­тары, кездескен қиын­дықта­ры мен тапқан олжала­ры жай­лы сөз қозғасаңыз. Экспеди­ция­ның жұмысы, археоло­гия­лық қазба жұмыста­ры қанша уақытқа созылды, құрамында қанша адам болды?

– 1999 жылы 10 шілде күні ал­ғаш рет Кемел Ақышевтың жетекшілігімен құрылған Есіл экс­педициясы Бозоқ қалашығының орнын зерттеуге жолға шықты. Бұл уақытта мен экспедициялық топтың басшысы Кемел Ақы­шев­тың жанында бол­дым. Мұн­дағы зерттеу жұмыста­ры 2013-2014 жылдарға дейін жүргізілді. 1999 жылы экспеди­цияға шығу туралы шешім қа­был­данғаны­мен біздің қолы­мызда оны ұйымдастыратын кө­лік те, құрал-жабдық та, тіпті адамдарымыз да болмады. Экс­педициялық топты жинау қиын болмады, Еуразия ұлттық университетінің тарих фа­куль­тетінің деканы студенттерімен бірге Бозоққа археологиялық практи­ка­ға келді. Президент әкімшілігі­не экспеди­ция ұйым­дас­тыруға кө­мек көр­сету туралы хат жаз­дық. Нәти­же­сінде, 1999 жы­лы шілде айында арнайы ке­ңес ша­қы­рылып, Пре­зидент әкім­шілі­гі­нің сол кездегі басшы­сы С.Қал­мұрзаев барлық орта­лық орган­дардың басшы­ларына экспеди­ция жұмысына көмек­те­су тура­лы тапсырма берді. Сол уақыт­тағы жиналыс хат­тамасын Ке­мел Ақышев әб­ден тозығы жет­кеніне қарамас­тан бүктемесі­мен қалтасында сақтап жүретін. Нәтижесінде, біз жорық шатыры­мен де, көлікпен де, ыдыс-аяқпен де қамтылдық. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекет­тік университетінің, Ш.Уәлиха­нов атындағы Көкше­тау мемле­кеттік университетінің тарих факультеттерінің студент­тері де көмекке жетті. Бүгінгі Ор­талық Қазақстанның археолог­тары ал­ғашқы тәжірибені осы Бозоқ қа­ла­шығын қазу кезінде алды десе де болады. Олар Ақышевтың мек­тебінен өтті. Алғашқы жылдары мұндағы отряд өте үлкен болды, оның саны 100 адамға дейін жетті. Отряд студенттерден ғана құ­ралмады, мұнда К.Ақышевтың өзі құрған мықты команда бол­ды. Біз үшін бірінші қиыншылық су табу еді. Ауызсу шалғайда орналасқан, оған төте жол жоқ. Күн сайын азық-түлік таситын көлікті жалға алғанбыз. Күнделікті 100 адамға ас-су тауып беру де оңай­ға соқпады. Әр жылдың жа­зында екі айдан жұмыс істедік. Соншалықты олжаға кенелдік деп айта алмаймын. Себебі, ор­тағасырлық далалық қалалар­дың мәдениеті жұтаң болып ке­ле­ді. Бұл Ұлы Жібек жолының бо­йындағы бай қала емес. Біз қала­ның сәулет ерекшелігін, қабырға­лары мен бекініс құрылысын зерттедік. Ол үшін арнайы сәу­летші мамандарды да шақырт­тық.

– Қалашыққа “Бозоқ” деген атаудың берілуінің өзінде үл­кен тарих бар. Сол жайлы айтып берсеңіз.

– Рас, бұл қалашықтың атауы бірнеше рет өзгерді. Оны алғаш тапқан кезде К.Ақышев Ақжол деген атау берді. Экспедицияның 1999 жылы берген есебінде қалашық осылай деп аталды. 2000 жылы тарихи ескерткіш атауы Бұзұқ деп өзгертілді. Неге Бұзұқ дейсіз ғой? Мұрағаттан Кеңес үкіметі кезеңіндегі Цели­но­град ауданының картасы қолы­мызға түсті. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ретінде көрсе­т­ілген бұл аумақта Бұзұқты өзені бедерленген. Біздің пайым­дауымызша, қала сол Бұзұқты өзенінің іргесінде орналасқан. Өзен арнасы әлі де бар. “Бұзұқ” ежелгі түркі сөзі болып табыла­ды. Мұны сөздіктен іздеп тапқан К.Ақышев арада мыңжылдықтар өтсе де, ежелгі түркі атауының сақталып қалғанына балаша қуан­ды. 2003 жылдан бастап қа­ла­шық Бозоқ деп атала бастады.

– Қазба жұмыстары кезінде 50 жастағы жауынгер әйелдің мүрдесі табылғанын білеміз. Осыған тоқталып өтіңізші, мұндай егде жастағы әйелдің жауынгер жасағымен жер­ленуі жалпы археология тари­хын­дағы сирек оқиға шығар?

– Бұл рас, 2002 жылы әйел адамның қорымын аштық. Мұ­ның өзі кездейсоқ табылған бо­ла­тын. Егер бұл қала болса, он­да тұрғын үйлер болуы керек де­ген жорамалман біз үйінді ара­сынан үй іздерін іздеп, қайта қаза бастадық. Шамамен бір метр те­реңдікте күрек ұшы ағаш та­быт­қа тиді. Бұл – моңғол әйелі. Сту­денттер оны өздерінше “Інжу” деп атады. Оған себеп – бас киімі тұтастай ұсақ ақ інжумен көмкерілген. Тастардың түсі кө­мескі­ленгенімен, олардың бір-бірімен қалай байланысқаны, бедерлен­ген оюына дейін байқалып тұр­ды. Моңғол екендігіне сенімді бо­луымыздың бір себебі де, осы бас киімге байланысты. Оның пі­шімі моңғол хандығының ұрпақ­та­рының бас киіміне ұқсайды. Әйел ағаш табытқа бас жағы солтүстікке қаратып жатқызыл­ған. Оның солтүстікке қарап жа­туының өзі моңғолдардың діни ғұрпына сәйкес келеді. Ал қып­шақ тайпалары адамды жерлегенде басын батысқа қаратқан. Мүрденің бас жағына қойдың жілігі тігінен қадалып қойылған. Бұл да сол кездегі пұтқа табыну­шы­лардың діни ғұрпы, мұндай жерлеу рәсімдері моңғол, бурят жерлерінен табылған ескі қо­рым­дарда көптеп кездеседі. 2003 жылы қалпына келтіру үшін әйелдің бас сүйегін Мәскеу ла­бораториясына жібердік. Ресей ғалымдары біздің сөзімізді рас­тап, бұл әйелдің тегі моңғол, жа­сы елулер шамасында екенін анықтап берді. Басындағы інжу моншақтарынан өзге оның құла­ғында, қолдарында күмістен со­ғылған сақина-сырғалары бол­ды. Және бізді таңғалдырғаны, жанында темірден соғылған сүңгі мен қанжар жатты. Ал аяқ жағына темір жүген қойылыпты. Бұл – әйелдің жауынгер ша­бан­доз болғанын айғақтайтын зат­тар.

– Қызылжардағы тарихи орындардың бірі – Ботай. Біз “Ботай мәдениетін” қазақтың археологиясының жауһары ретінде әлемге таныта алдық па?

– Ұзақ жылдар бойы дүниежүзінің айтулы ғалымдары жыл­қыны қолға үйрету нақты қай жерде болғанын таба алмаған еді. Кейбір ғалымдар оны 3 мың жыл бұрын десе, ең соңғысы Ук­раина жерінде 3500 жыл бұрын дегенге тоқтаған. Ға­лымдардың бұл жаңалыққа қат­ты шұқшиуы­ның үлкен себебі бар. Өйткені жылқыны қолға үй­ретудің өзі – тамақ, киім үшін ғана емес адам­заттың көлік әлеуетін арттырған, жылдамдығын жетіл­дірген ай­рықша оқиға. “Желден жүйрік жануар” иесін бұрын бір­неше күн жүріп әрең баратын қашықтыққа бірден жеткізген. “Ботай мәде­ниеті” ғы­лымның осы саласында төңкеріс жасап, жылқыны қолға үйрету Қазақстан даласында 5 500 жыл бұрын пайда болды деген сенса­циялық жаңалық аш­ты. Солтүс­тік Қазақстан облысы­ның Айыр­тау ауданындағы Бо­тай меке­нін­де ашылған бұл жа­ңа­­лық дүние жүзін дүр сілкінтті. Осы жаңа­лық­пен бірге қазақтың аты да, мәр­те­бесі де кезекті рет әлемнің ау­зына ілінді. Әлемдік жаңалықтың ашылуы Қа­зақ­станның тәуел­сіз­дік алғанының арқасында болды деп айту артық емес. Жаңа ға­сыр­дың басында Ботайдан та­былған жылқы сүйектері Англияның Экзетер университетінің зертха­насында зерттелді. Тас дәуірінен бастап осы жерлерде мекен­деген тай­палар – бүгінгі қазақтың тегі. Өкі­нішке қарай, біз бұл жаңалықты әлем халқына дұрыс жеткізе алмай келеміз. Жыл­қы ғана емес адамзаттың, Жер бетіндегі алғашқы адам – Адам атаның осы жерде ұрпақ өрбітуі бек мүмкін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp